«Ақыл айтамын. Ақылы» немесе тренинг-семинарлардың көбеюіне не себеп?
Бүгінгі күні адамдардың ақылы тым азайып кеткен бе, әйтеуір, өзгеге ақыл айтатындар көбейіп барады. Бұл тіпті бизнестің бір көзіне айналғандай. Өйткені, ақылдың бәрі – ақылы.
Түрлі бағыттағы тренингтер, семинар-сабақтар, мастер кластар күн санап көбейе түсуде. Тақырыптары да сан-алуан. Аталмыш басқосулардың ең ауқымдысы – баюдың жолдары, ақша табудың тәсілдері. Миллионер болуды армандамайтын адам аз шығар, сірә! Сол себептен де, қаржы саласының мамандарымен қатар, әлеуметтік желі арқылы бизнесін дөңгелентіп отырғандар да – сұраныстағы спикерлер.
Екінші кезекте – отбасы мәселесі, психологиялық тренингтер, жанұя жарастығына қатысты басқосулар. Бұл тақырыптар аясына топтасқандарға жарасымды жанұяның отаналары, ел алдында жүрген бикештер дәріс оқуда.
Тренингтің түрі бар. Бизнес ашу, бастау, сауатты жүргізу. Өз-өзіңе деген ішкі пікіріңді өзгерту, өмірді, айналаны сүюге үйрену. Түрлі тағамдар пісіруге баулу. Әйтеуір, қалтаңызға қарай ақылы ақыл тыңдауыңызға әбден болады.
Интернет желісіндегі желдей ескен жарнамаларға қарап, бағаларды бағамдамақ болдық. Мәселен, семинар-тренингтердің ең арзаны 10-15 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, күніне 35 мың тұратын 3 күндік семинарларға да кезіктік. Бұл – топтық басқосулардың бағасы. Бұдан бөлек, сізбен жеке жұмыс жасайтын мамандар да жетерлік. Мәселен, Инстаграм желісі арқылы өзіңізге ғана ақыл-кеңес беретін психолог, не нумерологтардың көмегіне жүгінсеңіз, бұл әдістің бағасы 3500 теңгеден бастау алады.
Бұл жазбамыз көпке топырақ шашу, не болмаса семинар-тренинг өткізушілердің жұмысын жоққа шығару емес. Таңдау көп. Талғам да соған сай жоғары болса екен деген тілек қана. Әйтпесе, трендтен қалып қоймау үшін тренингке қатысып, құр босқа ақша шашу әурешілдік болары хақ.
Жалпы, барлығы да «жақсы сөз–жарым ырыс» деген қазақы қағидаға сай келеді. Соны ойдан шығармай, жақсы ой ойлап, жақсы іс жасауға ұмтылғанымыз жөн.
Аталмыш тақырып аясындағы пікірлерді білмек болып, әлеуметтік желіде сауал тастағанбыз. Төменде сол.
Айз@д@, 39 жаста:
– Осы уақытқа дейін көптеген тренингтерге қатыстым. Үйреніп, білім алуға қаржыны аямау керек деген мақсаттың жетегінде жүрдім. Бай болу, ақша шақырулардың түрлі тәсілдерін естіп, білдім. Фен-шуй әдісі бойынша, үйдің ішін де ақша шақыратын стильмен безендірдім. Алайда, бәрі де адамның өз ұмтылысына, ниетіне байланысты болатынына көзім жетті. Тренингтерге босқа кеткен ақшамды ойлаймын. Одан да отбасын құру, екінші жартыңды табу деген тақырыптарға неге бармадым екен?
Mura91:
– Әлеуметтік желіні, интернетті дұрыс пайдалана білсең, пайдасы зор. Ресейлік интернет каналдар арқылы онлайн семинарларға қатысып, бизнес бастаудың қыр-сырын үйрендім. Қорықпау керек деген қағиданы санама сіңірдім. Қазір шар сатудан бастаған ісім ивент агентствоға ұласты. Табысты, жас кәсіпкерге айналуым – тақырыптық тренингтерден ақша аямағанымның жемісі.
SаLtAnAt, кондитер:
– Сенесіз бе, осыдан 3 жыл бұрын мен торт пісірмек түгілі, ас үйге бас сұқпайтынмын. Қасымдағы құрбым тұрмысқа шығатын болып, тағам пісіруді үйрететіндердің курсына жазылды. «Бірге барайық» деген өтінішіне бола барып едім. Байқасам, үйренуге болатын секілді. Сөйтіп, осы салаға машықтана бастадым. Жиырмадан астам кондитерлік мастер кластарға бардым. Қазір инстаграм арқылы өз өнімдерімді жарнамалап келемін. Менен дәріс өткізуді сұрайтындар да көп. Ренат Агзамовтың шеберлік сабағына бару – арманым. Егер соған қол жеткізсем, Атырауға келіп, міндетті түрде өткіземін.
Бану:
– Отбасылық қиыншылықтарға орай, күйзеліске тап болдым. Сол сәтте жасырын түрде, ақылы ақыл-кеңес алуға жүгіндім. Өзімді тануға, қазіргі болып жатқан оқиғаларға баға беруді, тығырықтан шығар жолды табуыма жеке психолог көп көмектесті. Үш күн онлайн дәріс тыңдадым. Ашуланшақтықтан арылып, проблемаларға жеңіл қараудың жолдарын үйрендім. Мен үшін бұл сабақтың пайдасы зор болды.