Жарнама
Қоғам

Жас адамның жанарындағы мұң

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында жүктелген міндеттерге сәйкес, өңірде «Жасыл ел», «Жастар – ауылға!», «Дипломмен – ауылға!» атты бағдарламалар нәтижесін беруде. Бұған 4,5 мыңнан аса жас өз үлестерін қосып келеді. Жастарды баспанамен қамту мәселесі де облыс басшылығының үнемі назарында. Өткен үш жылда 579 жас жанұя пәтерлі болды. Білім гранттарының саны жылма-жыл артып, жастардың елімізде, оның сыртында да білім алуына кең жол ашылды. Бірақ…

Иә, бірақ, үнемі жаңаруды қажет ететін жастар мәселесінде ойға түйіп, шара қолданатын  проблемалық жайттар аз емес. Жуырда облыстық қоғамдық кеңес отырыстарының бірінде кеңес төрағасы Мұрат Өтешов облыстағы жастар мәселесі бойынша құрылған зерделеу тобының жұмыс қорытындысын шығарып, жастармен жұмысқа қатысты ащы да болса біраз кемшіліктің бетін ашты.

87425

Ауылға барса, ауылға, қалаға барса, қалаға сыймайды

Талдау нәтижесі көрсеткендей, аймақта жүргізіліп жатқан идеологиялық-тәрбиелік жұмыстар жастардың барлық санатын қамти бермейді. Ауыл мен қала жастары арасындағы берік байланыс жойылып барады. Тіпті, жергілікті әкімдер, мекеме, қожалық басшылары оқу бітіріп, ауылға барған жас маманға жағдай жасаудың орнына «сені кім шақырды?» деп қысым көрсететінін қайтерсіз?

Соңғы жылдары дипломмен ауылға келген 127 маманның  63-і үйі мен күйі келіспеген соң, келген ізімен кері кеткен. Бүгінде ауылдарда газ бен су құбырлары тартылып, жол салынған, басқа да инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Мәдениет үйлері мен спорт ғимараттары, дәрігерлік бекеттер бой көтерген. Әйтсе де, жастарды мәдени-көпшілік және спорттық шаралар аса қызықтырмайды. Ал, кітапқұмарлар клубы мен спорттық үйірмелер негізінен мектеп оқушыларынан құралады, — дейді Мұрат Сақтайұлы.

Қазіргі таңдағы ең күрделі мәселе, жоғары оқу орындарын, колледждер мен дайындық курстарын бітірген жастар жұмысқа орналаса алмайды. Мәселен, жұмыс берушілер қоятын талаптар – ересек өмірге енді қадам басқандар үшін алынбайтын қамалдай. Еңбек өтілі, тәжірибесі, тіл білуі және басқалары сұралған кезде көбінің сағы сынып, амалдың жоқтығынан сатушылық, күзетшілік, даяшылық қызметке тұра салады. Сөйтіп, қызыл-көк дипломдар шаң басқан сөрелерге жайғасады.

Өкінішке қарай, мектеп түлектерімен кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары жолға қойылмаған. Соңғы жылдары пайда болған жаңа мамандықтар назардан тыс қалып келеді. Құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, дизайнер, көлік жөндеушілерге сұраныс жоғары, бірақ, талпыныс жоқ. Жастардың шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы үлесі де өте төмен. Оларды жаңа жұмыс орнын құру мен қолжетімді несие бөлу арқылы қолдау шаралары мардымсыз. Ал, шындығына келгенде, жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық және саяси-қоғамдық өміріне тарту – облыстық жастар саясаты басқармасының басты міндеті болуға тиіс, — дейді Мұрат Өтешов.

Жасөспірімдер жасаған  қылмыс

Бүгін де жұмыссыздық жастарды қылмыс жасауға итермелеп отыр. Осындай пікірді келтірген облыстық қоғамдық кеңес төрағасы жастар мәселесінде әлі де зерделі зерттеуді талап ететін тұстар бар екенін айтады. Тағы да статистика тілімен сөйлер болсақ, 2016-2017 жылдары және ағымдағы жылдың екі айында 18-29 жастағылар тарапынан 2981 қылмыс тіркелген. Соның 2051-і орташа, ауыр және  аса ауыр. Әсіресе, Атырау қаласында, Жылыой мен Индер аудандарында ауыр қылмыстар қатары өскен. Соның ішінде, кәмелет жасқа толмағандар 286 қылмысқа жол берген. Жаға ұстатар көрсеткіш былтыр 2016 жылмен салыстырғанда облыс орталығында 23-ке, Жылыойда бесеуге артқан.

Сан соқтырған суицид

Жастар арасындағы келесі мәселе – суицид дерті. Мамандардың айтуынша, облыста соңғы үш жылда 62 жас көпірден секіру, буыну және улану әрекеттеріне барып, оның 19-ы жарық дүниемен қош айтысқан. Неліктен? Жан түршігерлік жайттардың орын алу себебін мұғалім де, дәрігер де, психолог та, құқық қорғаушылар да біле алмай отыр. Терең талдау жұмыстарын жүргізбей, қанықты жауап алу мүмкін емес.

Осы ретте, тағы бір проблеманың басы қылтиып шыға келеді, бұл – оқушы қыздардың ерте жүктілігі. Соңғы үш жылда 15-17 жас аралығында осындай жағдаймен 600-ден аса қыз тіркелген. Бұл бағытта Атырау қаласы – 353, Жылыой ауданы – 99, Құрманғазы – 49 және Мақат 44 жағдаймен көш бастап тұр. Мұның бәрі де, соңғы кездегі тәрбие ісінің тоқырауға ұшырағанын білдірсе керек-ті.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі наркология мекемесінде жеті мыңға жуық науқас маскүнемдік пен нашақорлық дерті бойынша тіркелген. Оның алтыдан бірі – өрімдей жастар. Сондай-ақ, жүйке ауруына шалдыққан алты мың адамның екі мыңға жуығын жасөспірімдер құрайды. Жұқпалы аурулар, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін инфекция түрін жұқтыру былтыр 423 дерекпен толықса, биылдың бірінші тоқсанында 71-і тіркеліпті. Ал, әлі анықталмағаны қанша? — дейді кеңес төрағасы Мұрат Сақтайұлы.

Шаңырақ неге шайқалды?

Облыстық қоғамдық кеңес мамандарының жан-жақты талдау жұмыстары ұлт пен ұрпақ тәрбиесіндегі көптеген олқылықтардың бетін ашты. Шет ел мәдениетінің шылауына ерген жас буын ұлт құндылығын кейінгі орынға ысырып қойған. Қазіргі кей ер балалар қыз мінезді, шамадан тыс сезімтал да аңғал болып келеді. Неге? Себебі, мектепке ер мұғалімдер, олардың ер мінезі жетіспейді. Бұдан бөлек, қыз-жігіттердің кеш аяқтануы, отбасындағы әлімжеттік – бала туу көрсеткішінің төмендеп, ажырасудың үлесі артып, алимент төлеушілердің көбеюіне әкеліп соғуда.

Бұрынырақта қалай, неке сарайларында екі жас болашақтың берік іргесін бірге қаласуға серттесетін-ді. Ол өшпес өнеге мен ақыл-кеңес беретін тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар мектебі болмап па еді? Ал, қазір не өзгерді? Өзгерген – адам, ал, заман орнында тұра береді. Бүгінде мәңгілік махаббат белгісін білдіретін неке халыққа қызмет көрсету орталықтарында қиылады. Меніңше, бұл мүлде дұрыс емес. Адамзат өміріндегі ең маңызды шараны тым ресмилендіру – қате деп ойлаймын. Шындығына келсек, өткеннен өнеге алар нәрсе көп. Сондықтан, кешегінің келісті жақтарын сақтап қала алмағанымызға өзіміз кінәліміз, — дейді Байда ауылдық округінің тұрғыны Күлмай Шамарова.

Оны қоя тұрыңыз, азаматтық некеде отбасын құрғандарға не дерсіз? Мұндай некенің қоғам алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Шаңырақ – екі жаққа да ортақ. Сәйкесінше, отбасы міндеттемелері де теңдей бөлінеді. Әйтсе де, мұны ұғынып жатқан ұрпақ байқалмайды. Соңғы екі жылда және биылғы төрт айда атыраулық 131 қаракөз шетелдіктерге тұрмысқа шыққан. Шетелдік қыздарға таңдауы түскен ұлдарымыз да бар, олардың саны – 178. Олардан өрбіген ұрпақтың бойынан ертең ұлтжандылық қасиеттерді таба қою қиынға соғары анық.

Жарға жыққан жат ағым

Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Елбасы жастарға зор сенім артып, үлкен үміт күтеді. Мұны олар қаншалықты сезініп отыр? Діни экстремизм мен терроризм құрылымдарының шабуылдарына төтеп бере алмай, қорғансыздық танытып жатқандары қаншама?

Орталық Азиядағы «моджахедтер жамағаты» деп аталатын ұйымдар негізінен 15-25 жас арасындағы жастардан құралған. Арасында өңір тумаларының бары алаңдатады. Былтыр 17 мыңнан астам жастың қатысуымен 191 діни ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда, оған қысқа балақты, ұзын сақалдылар мен беттерін тұмшалағандар қатыспайды. Өрімдей жас жігіттер мен қара жамылған қыздардың кішкене ғана сауда дүңгіршектерінде намазға жығылуы қынжылтады. Облыста 3 мыңдай салафит ағымын ұстанушы бар, оның 2 мыңы – Атырау қаласының тұрғындары. Жастар солардың 65 пайызын құрайды. Сондай-ақ, қыздарын хиджапсыз мектепке жібермейтін, аурудың алдын алуға бағытталған екпелерден бас тартатын ата-аналар бар. Ал, Заңда «нәресте 16 жасқа дейін екпенің 21 түрін алуы керек» делінген. Соған қарамастан, туғалы бірде-бір екпе алмаған балалардың бар екені анықталып отыр. Бұл – санитарлық-ағарту ісіндегі олқылықты және екпенің сапасына деген сенімсіздікті көрсетіп отыр. Кейбір діндарлар балаларын «жабық» балабақшаға беріп, өзге өңірлерде «қашықтық әдісімен» оқытып жатыр. Осының бәрін болдырмау үшін діни сауатты, білімді мамандардың уағыздары қажет. Өкінішке орай, жергілікті дәстүрлі дін өкілдері қауқарсыздыққа жол беріп отыр, — дейді Мұрат Өтешов.

Ұлтжандылық ұмытылып барады

Бүгінгі жастар жөнінде мәселе көтерілгенде, ең алдымен, олардың денсаулығы алаңдатады. Өйтпегенде ше? «Бірінші байлыққа» бейжай қарауға болмайды. Санақ көрсеткіштері бойынша былтыр аймақтан әскер қатарына шақырылған 3553 жігіттің денсаулығы жарамсыз деп танылған.

Мықты тәрбие құралдарының бірі – айтыс өнері. Суырыпсалма ақын жерлестеріміз үлкенді-кішілі додаларда топ жарып жүр. Әйтсе де, олардың есімдерін ел біле бермейді. Көпшіліктің танитындары – арқалы айтыскерлер Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Аспанбек Шұғатаев, Бауыржан Халиоллалар. Соңғы кезде республикалық аламандарға қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаровтан басқа ешкім қатысып жүрген жоқ.

Мамандардың айтуынша, ақындар өздеріне берілген тақырып шеңберін ұмытып, жеңіл сөздермен бір-бірін мінеп алудан әрі аса алмайды. Көбісі бәйгеге тігілген бағалы жүлдеге қызығып, қара сөздің қадір-қасиетін аяқ асты етіп жатады. Ал, жеңімпаздарға мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы – қомақты. Оларға баға беретін қазылар мен көпшіліктің пікірлері қарама-қайшы келіп жатады. Сөйтіп, олар да өзара «айтысып» кететін жайттар орын алып отырады. Осыдан келіп ұлттық өнер өзінің мән-маңызын жоя бастайды.

Жас ұрпақ жүрегінде «елім, жерім» деп жырлаған орақ тілді, от ауызды Сүйінбай, Мұрат, Махамбет образдарына неге орын жоқ? Айтыс жеңімпаздары шын мәнінде дүлдүл болуы керек қой. Айтыс алаңына шығып, мардымды өнер көрсете алмағандарды додаға қосуды қою керек. Ірі мекемелердің мерейлі тойларына арнап ұйымдастырылатын жалдамалы айтысты да тыйған жөн, — деп санайды айтыс сүйер қауым.

Түйін: Қоғамның күші – жастарда. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?» деп дөп айтылған. Қажетінде қоғам да қол ұшын беріп отырса құба-құп. Қалай еткенде де, жастардың санасын санда бар, сапасы жоқ арзан дүниелермен уламағанымыз дұрыс. Абайша айтсақ, «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалануына» жағдай жасаған жөн. Ендеше, біз де бір ауыздан олардың ізгі жүректі, игі тілекті, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болуын қалаймыз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button