«Ақтөбеге – көмек» акциясы жалғасуда
Үй-жайы мен бар дүниесі топан су астында қалған көрші облыс тұрғындарына атыраулық жастар да көмек қолын созуда. Жерлестеріміз киім-кешек, көрпе-жастық, макарон өнімдері, тұз, қант, балалар тағамдарын қабылдауды жалғастырып келеді. Сонымен қатар, сабын, сусабын, кір жуғыш ұнтақтар да жиналуда. Осыған орай «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жүректен — жүрекке», «ААА» қоғамдық қорлары «Ақтөбеге – көмек» акциясын ұйымдастыруда.
— Ақтөбе қаласы тұрғындарының қиын жағдайға түскенін естіген соң бірден жәрдемдесуге бел будық. Ақтөбелік бауырлардың ауыртпалығын жеңілдетуге септесу – бәріміздің борышымыз. Осы бағытта тұрғындардан макарон, ұн, күнбағыс майы, киімдер жиналды. Дегенмен, халықтан жиналған азық-түлік пен қажет деген өнімдер әлі де жеткілікті деңгейде емес. Сауапты іске атсалысамын деушілер болса, «Нұрсая», 23 мекен-жайындағы Жастар ресурстық орталығына хабарласуға болады, — дейді аталған орталықтың маманы Сымбат Жандарбек.
Айта кетелік, жиналған заттарды орау үшін бос қораптар, үлкен сөмкелер мен бірнеше скотч, түрлі өлшемдегі аяқ киімдер, оның ішінде резеңке етіктер ауадай қажет. Ал, тез бүлінетін немесе тоңазытылған және әйнек ыдыстағы азық-түліктер қабылданбайды. Еріктілер тапсырылатын киімдердің таза, сұрыпталғанына баса назар аударып отыр. Көп ұзамай атыраулықтардың асарлатып жинаған тауарлары Ақтөбеге жеткізілмек.
Рита Зинел