ЖаңалықтарМедицинаСаясатШаһар шырайыҚоғам

Байтолла Ғазизов: «Сақтандыру жүйесі енгізілгелі қорға 32 млрд. 130 млн. теңге түсті»

Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жайында негізгі үш міндетті атап көрсеткен.

 

Елбасы жолдауы міндет пен меже2

Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылы басталып, еліміздің әр өңірінде жүргізілуде. Осы орайда біздер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандару қоры» коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалы директоры Байтолла Ғазизовтан аталмыш қордың  жұмысы жайлы сұраған едік.

– Қордың Атырау облысындағы филиалы және ашылғалы бері атқарылған жұмыстары туралы кеңірек айтып өтсеңіз…

– Филиал өткен жылдың шілде айынан бастап ашылды. Бүгінгі таңда бөлімшеде 10 қызметкер жұмыс істейді.

Өткен жылғы 7-14 қыркүйек аралығында хабарландыру жарияланып, «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсетуге үміткер ретінде денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры жасақталды.

Өзіңіз білесіз, 2017 жылғы 15 қыркүйек-15 қараша аралығында азаматтарды бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына тіркеу науқаны жүргізілді. Нәтижесінде, республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының анықтамасына сәйкес, бүгінгі таңда 611923 адам тіркелген.

– Заңдық өзгерістерге сәйкес, МӘМС жүйесі 2020 жылдан бастап жүзеге аспақ. Ал, 2018-2020 жылдар аралығында қор қандай жұмыстарды атқарады? 

– Негізінен қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, «Кепілдендірілген тегін медициналық көмек» пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарды. Биылғы жылдан бастап комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан біз қазір заңда көрсетілген міндетімізді атқаруға кірісіп кеттік. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2017 жылдың қыркүйек айында «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде» медициналық қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры жасақталды. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға облыс бойынша 79 денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 37-сі – мемлекеттік, 42-і – жеке меншіктегі.

Ал, 2018 жылға медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін алуға 62 денсаулық сақтау субъектілері өтініш берді  (36 — мемлекеттік, 26 — жекеменшік).

Жалпы, жекеменшік клиникалардың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Бұл дегеніміз, тек мемлекет қана емес, жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарының да жауапкершілікті өз мойындарына алып, халықтың денсаулығын жақсартуға деген ниеттерін білдіреді.

 – Ал, жарна төлеу тәртібінде қандай өзгерістер орын алды?

– Заң бойынша, 2017 жылғы шілдеден бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аударып жатқаны белгілі.

2017 жылғы 25 желтоқсандағы кейбір заңнамалық өзгерістерге сәйкес жұмыс берушілер өз қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды және олар аударатын жарна мөлшері де өзгермейді. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5 пайызы, 2020 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Жарналар жұмыскердің жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленеді.

Ал, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар 2018-2019 жылдарға жарна төлеуден босатылады.

Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары жұмыс беруші ретінде ғана қарамағындағы қызметкерлер үшін жарна аударады (2018-2019 жылдары 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%).

Заңға сәйкес азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар негізінде еңбек ететін тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1 пайызын, ал, 2021 жылдан бастап 2 пайызын аударады. Бұл топ 2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылады.

– Сақтандыру жүйесі енгізілген уақыттан бері қорға қанша қаржы жиналды?

– Жүйе өз жұмысын бастаған уақыттан бері еліміздегі жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер тұрақты түрде жарна аударып келеді. 2017 жылғы 1 шілде мен 30 желтоқсан аралығында Қордың Ұлттық банктегі шотына 32 миллиард 130 миллион теңге түсті.

Тек Атырау облысы бойынша аударылған жарна 1 миллиард 807 миллион теңгені құрап отыр. Оның 91 пайызы немесе 1 миллиард 569 миллион теңгесі жұмыс берушілер аударған жарна болса, қалған 9 пайызы (147 миллион теңге) жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

 – Қор туралы қосымша ақпараттарды қайдан алуға болады?

– Барлық мәлімет www.fms.kz ресми сайтында тұрақты түрде жарияланады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button