Желілік маркетинг жарға жықпасын!..
Atr.kz / 10 шілде, 2020 жыл. Аз жұмыс істеп, көп табыс табуға шақыратын «уәдешіл» жарнамалардан көз сүрінеді бүгінде. «Алған жалақыңызға көңіліңіз тола ма? Өміріңізді түбегейлі өзгертуге қалай қарайсыз? Айына алты мың доллар артықтық етпейтін шығар?» деп, визиткасын қолыңызға қыстырып кеткен «сиқыршыларды» талай көрген боларсыздар? Аспандағы айды армандаған күйі жаңағы жанның соңына ілесіп, «сиқырлы сарайға» барасыз сонымен. «Желілік маркетинг» әлеміне қош келдіңіз!
Жалпы, бұл күні желілік маркетинг туралы түсіндіріп отырудың аса қажеті жоқ. Себебі, біріміз сол маркетингтік желінің өнімдерін тұтынсақ, екіншіміз сол топтардың құрамында аз уақыт болса да жұмыс жасап көрдік, тағы біріміз әлі күнге дейін сол арқылы нәпақа айырып отырғанымыз жасырын емес. Бұл ұғым біздің елімізге терең енген, таңсық емес. Сан түрлі өнімді ұсынатын, бірнеше қызмет түрін көрсететін аталған компаниялардың әрқайсысының өзіндік принципі, жұмыс тәсілі бар. Бірақ, барлығына ортақ бір мәселе – бұл компанияға жұмыс жасағысы келген адамның жасына, жынысына, ұлтына, біліміне шектеу қойылмайды. Яғни, еш шекара жоқ. Басты артықшылық – табысы жасаған саудасы, көрсеткен қызметінің көлеміне тікелей байланысты…
РЕДАКЦИЯҒА ХАТ
Тақырып төңірегіндегі түйткілді мәселелер туралы ізденуге Айман есімді оқырманымыздан келген хат түрткі болды…
«Мен желілік компанияның дистрибьюторы болып жұмыс жасадым. Ауылдан келіп, қалада оқып жүрген студент болғандықтан, қаржы тапшылығына байланысты өзімнен жоғары курс оқитын ауылдас қыздың айтқанына алданып қалдым. «Бірінші курсқа түскенімде сен сияқты ақшасыз жүрдім, қиналдым. Сосын жақсы адамдармен жолығып, осы бизнесті бастадым. Қазір ай сайын тұрақты жалақы алып тұрамын. Айына мынандай тауар өткізу, балл есептеу деген біздің компания- да жоқ» деген сөзіне иланып, әрі әлгі қыздың үнемі қымбат киімдер киіп, ауылға пойызбен емес, таксимен баратынына қызықтым. Алайда, оның лидерімен кездескен сәтте, 180 мың теңге ақша табуым керек екенін естігенде, бас тарттым. Олар мені көндіруге кірісті. Сөйтіп, ауылдан ата- анамның сауып отырған сиырын сатқыздым.
Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмай шықты. Шарт бойынша, аталған сомаға өзім фирмалық заттардың бірін сатып алуым керек болды. Эксклюзивті швейцар сағаттары, әртүрлі қымбат металдардан жасалған әшекей бұйымдар, саяхат карталары, биодисктер, тағы басқа ұсақ- түйек заттар – компанияның негізгі тауарлары. Ол өздерінің тілінде «консессия» деп аталады. Ұйымға кіру үшін алдымен осы компанияның шектеулі санмен ғана шығатын коллекциялық бір затын алуы шарт. Сосын сіз виртуалды кәсіпкерге айналасыз, ғаламторда өзіңіздің электронды дүкеніңіз ашылып, ақша деген көл болып ағып келеді- міс. Ендігі жерде әлгі өнімдерді өзгелерге ұсынуым тиіс. «Әуелі өз туыс-таныстарыңнан бас- та» деген лидерлердің кеңесі бойынша құрбыларым мен туыстарымды жағаладым. Бұл нәтиже бермеді. Еш жетістікке жете алмай жүргенімді көрген орысша-қазақшаға судай топ басшысы мені шақырып алып, «ертең бір ыңғайлы жерге ерлі-зайыпты таныстарыңды шақыр. Мекенжайды менің телефоныма хабарлама арқылы жолда да, мені күт. Арғы жағын өзім реттеймін» деді.
Ағайын болып келетін аға- жеңгемді өзім жалдайтын пәтерге шақырдым. Не айтатынымды білуге асыққан олар кешкілік жұмыстан кейін жетті. «Аяқ асты келе қалған» лидермен арадағы бір сағатқа жуық әңгімеден соң, оның қулығын білген қонақтарым менімен қоштаспастан кетіп қалды. Қазір, мен ол компаниядан шығып кеттім. Ауылға барып, ата-анамды көруге ұялып жүрмін» деп жазыпты Айман есімді оқырман.
«БЕЛГІ БОЛСА, СЕНІМДІ БОЛЫҢЫЗ!»
Желілік маркетинг мәселесі мемлекеттік деңгейде де көтерілуде. Депутаттар халық арасында кең тараған, түрлі тұтынушылық тауарлар мен дәрі-дәрмек, дәрумен ұсынатын желілік маркетингпен шұғылданатын ұйымдардың жұмысын реттеудің мезгілі жеткенін б і р н е ш е р е т ү л к е н мінберлерден баяндады. «Халықтың расында да желілік маркетингке ұрынып жатқан фактілері өте көп. Қызметінде қаржылық пирамидаға тән айла-амалдар барын Еуропа мен АҚШ әшкереледі. Сондықтан, олардың жұмысын біз де реттеуіміз керек. «Деніңізді сау етеміз, байлығыңызды тау етеміз» дейтін желілік маркетингтің тамырына балта шабылуы тиіс» дейді халық қалаулылары. Айта кетелік, Тәжікстан, Әзірбайжан мемлекеттерінде желілік маркетингпен айналысуға тыйым салынып, «QuestNet» маркетингі харам деп танылған.
Қазіргі нарықта бұл өнімдердің сан түрлерін кездестіруге болады. Түрлі жуғыш қоспалар, арнайы дәрумендер, күнделікті тұтыну құралдары. Жарнамаларды қарасаң да сол. Айтпақшы, біз тұратын үйдің астындағы шағын дүкенде тұратын сатушы қыз шеткі сөрелердің біріне осындай тауарларды жинап қойыпты. «Бәрібір дүкенде тұрсың ғой, деген соң, құрбымның «тауарын» қойып қойдым. Тез өтіп кетеді деп айта алмаймын, бірақ, танымал компаниялардың өнімі болғандықтан, оларды жарнамалаудың қажеті жоқ. Бұл саудадағы ең ұтымды қадам «өзім де пайдаланып отырмын» деген сөз. Ал, өзіме ұнаған зат болса, дистрибьютерлік бағамен құрбымнан тікелей сатып аламын» дейді ол.
«ҚАНДАЙ ДӘРУМЕН ҚАБЫЛДАП ЖҮРСІЗ?»
«Досымның шақыруымен белгілі бір фирманың семинарына қатыстым. Лектор соңында менің маркетинг саласына қатысты қойған бірнеше сауалыма жауап беруден жалтарды. Бұл – оның білімсіздігінің көрінісі. Олай болатын себебі – олар маркетолог не экономист емес, тек қана өз тауарын ұсынушы кез келген сала маманы. Жалпы, жұртшылық желілік маркетинг пен қаржы пирамидасының аражігін анықтай алмайды. Бұл – үлкен мәселе. Себебі, қаржы пирамидасы адамдарды алдауға құрылған, тыйым салынған бизнес түрі болса, желілік маркетинг кең қолданыста. Біз білетін косметика, тұрмысқа қажетті бұйымдар мен дәрі- шөптерді сатумен айналысатын компаниялардың қатары соңғы жылдары қарқынды дами бастаған интернет маркетингпен толығып отыр. Көпшілік мұны үйде отырып ақша табу деп айтып жүр. Бұл әдісте интернет арқылы көрсетілген сайттарды парақшалап отырсаңыз болғаны» дейді экономика факультетінің түлегі Айдос Алтай бізбен әңгімесінде.
«Желілік бизнес арқылы опа-далапты тұтынатындар өз талғамдарына сай, керектерін ала алады. Әйел ретінде мен де осы қызметке жүгінемін. Ал, мен маман ретінде бұл әдіс арқылы тағамға қосымша дәрумендер сататындардың ісімен мүлде келіспеймін. Қосымша қаржы көзін іздеп, табыс табу үшін кез келген сала маманы бір-ақ сәтте диетолог дәрігерге айналып, сізге арықтау, не салмақ қосу, түрлі аурулардың алдын-алу туралы ұсыныс, кеңестерін айтып шыға келеді. Ол еден жуушы немесе банк қызметкері, дүкен сатушысы болуы әбден мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені кең көлемде талқылаған жөн» дейді терапевт-дәрігер Нәсіп Бозаева.
Расында да, медицина саласына қатысты бір сұхбат барысында білікті маман- дәрігер: «қазіргі экологиялық ахуал мен жұмысты сылтауратып, қосымша дәрумендер қабылдауға бейім тұрады. Бұл дұрыс емес. Себебі, ағзаны қоспалар арқылы байытамын десеңіз, арнайы маманның кеңесін алған жөн. Ал, жылтырақ жарнама мен 100 пайыз табиғи деген сөзге еру – керісінше, ауруды асқындырып, не ағзаның әлсіреуіне әсер етуі әбден мүмкін» деген болатын. Бұл тақырыптың қазіргі таңда өткір тұрғанын айтпай кетуге болмас. Өйткені, әлемді әуреге салған коронавирус кесірінен денсаулыққа қатысты мәселе ушығып тұрған тұста, аурудың алдын аламын, витамин ішемін дегендердің саны күрт көбейген.
БАЙЫҒЫҢ КЕЛЕ МЕ, БІЗГЕ КЕЛ!
Желілік маркетинг арқылы сауда жасайтын компания өнімдерін тұтынушылар саны біз ойлағаннан да көп екен. Тіпті, базар, дүкендерде де бұл өнімдер үлкен сұраныста. «Аты таныс емес немесе бағасы арзан дүниені алатын адамдардың белгілі бір тобы бар. Олар көбіне жас- тар мен табысы аз адамдар. Ал, негізгі топ – осыларды тұтынатындар» дейді сатушылардың өздері.
Жоғарыда жарнама деп қалдық. Газет беттерінде, аялдама-көшелерде жабысқан жазбалардағы «қосымша табыс көзі» деп келетіндердің барлығы осылар. Оған өзіміз де куә болдық. Редакцияға жолдаған хат иесінің атын айтпауды жөн көрген компаниясы осы шығар деген оймен көптен бері осындай жұмыс түрін ұсынып жүрген бір танысыма қоңырау шалып, кездесуге бел будым. Айтылған уақыттан 10-15 минут бұрын келгеніммен, ешкім есік ашпады. Танысыма соқсам, «күте тұр» деп телефонды тастай салды. Сөйтсем, бұл да адамды тартудың бір амалы екен.
«Біздің компанияның басты кредосы – пунктуальность» деп есік ашқан әйел аса ілтипат білдіріп, төргі бөлмеге оздырды. Бір сағаттан астам әңгімеден ұққаным, компания Гонконгта құрылған. Оның өзге желілерден айырмашылығы – алғашқы берілетін ақша көлемінің ірілігінде. Яғни, компанияға тіркелу үшін бағасы 100 мыңнан басталатын сол өнімдердің бірін сатып аласыз (осы тұста хат иесінің жапа шеккен компаниясына келгенімді бірден ұқтым). Негізгі тауарлары да сол, қымбат сағат, әшекей бұйым, әйтеуір, барлығы эксклюзивті заттар. Одан кейін пирамида құруға кірісесіз. Ұшар басында – өзіңіз, келесі сатыда – оң және сол «қолыңыз». Сосын олардың «қолдары» болып әрі қарай тармақтала береді.
Тағы бір өзіне тән ерекшелік, мұнда екі «қолыңыздың» тепе-теңдігін сақтасаңыз ғана жалақы аласыз. Қол астыңызға тіркелгендерді «direct» деп атайды екен. Міне, сол «direct»- теріңіздің әрқайсысы екі адамнан шақырса, табысыңыз екі еселене бермек. Мол ақшаға кенелудің ертегіге бергісіз ең оңай жолы туралы бір сағаттан астам уақыт тыңдап шыққаннан соң, танысымнан табыс туралы сұрап едім, «ренжімеші, айта алмаймын» деп бас тартты. Сөйтсем, бұл да өзіндік қадам екен. Яғни, компанияның басты шарты – табысты құпия түрде сақтау.
Түйін:
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы уақытта бұл салада қызмет етіп жүргендердің саны 300 мыңға жуықтайды. Ал, олардың дені – 20-35 жас аралығындағылар, соның ішінде жартысына жуығы ерлер екен. Әркім табыс тауып, өз өмірін өзінше үйлестіруге құқылы екенін білсек те, ерлеріміздің бұл кәсіпке дендеп енуі қоғам үшін аса тиімді емес-ау деген ой бір бүйірден қылтия қалды.
Жалпы, баю, материалдық жағдайыңыздың жақсаруы – алдымен өзіңізді байытудан, яғни, жігер, жалқаулықтан арылу, ертеңгі күнге сенім, тек өзіне сену, жақсы білім, тынбас еңбектен басталатынын естен шығармасақ екен…
Гүлжан ӘМІРОВА