Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

120 жас отбасына «Жас отау» бағдарламасымен жаңа пәтер берілді

Кеше атыраулықтар тағы бір жағымды жаңалықтың куәсі болды. Нұрсая мөлтекауданында «Жас отау» өңірлік бағдарламасы бойынша жас отбасыларға арналып салынған бес қабатты 120 пәтерлік үй тапсырылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.

Баспана қуанышы

– Бұл бағдарламаның басталғанына аса көп уақыт өте қойған жоқ. Бұған дейін де қаламызда  «Жас отау» бағдарламасы аясында тұрғызылған алғашқы 90 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Енді, міне, екінші тұрғын үйдің жаңа қоныстанушылары қуанышқа кенеліп отыр. Мұның бәрі – ең алдымен, Елбасының халыққа, соның ішінде жастарға деген қамқорлығының айқын көрінісі, елдің әлеуметтік жағдайын, тұрмысын жақсартуға бағытталған  сарабдал  саясатының жемісі. Аймақ басшылығының аталған бастамаға қолдау көрсетуінің нәтижесінде енді 100 пәтерлік үй құрылысы бой көтеруде. Бұл үй биылғы жылдың аяғына дейін тапсырылады деп күтілуде. Қалалық әкімдікпен қосымша жер телімі қарастырылып, болашақта жоба жалғасын табады. Тұрғын үй құрылысын сапалы жүргізіп, мерзімінде тапсырған  мердігер мекеме – «Ақ қайнар» ЖШС-нің, жобаның тапсырысшысы ретінде жұмыстың барысын қадағалаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшыларына аймақ басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін. Баспана қуанышына кенелген қоныс тойларыңыз құтты, тұрмыстарыңыз жайлы болсын, жас отау иелері! — деді Ғұмар Ислямұлы.

Баспана қуанышы-2

Содан соң «Жас отаудан» баспана алғандардың бір  тобына пәтер кілттерін табыстады. Алғашқы болып үш бөлмелі пәтер кілтін қолына алған жас отау иегері Жасұлан Жарасбаев Атырау қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында травматолог, жұбайы Дидар Нұрхатова сол ұжымда жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет атқарады. Отбасында екі бала тәрбиеленуде. Бұдан кейін пәтер кілтін иеленген Айдос Қарабалин – журналист. Ал, зайыбы – мектеп мұғалімі. Замандастары секілді баспана бақытына бөленген жастың бірі – Өнербек Асылбекұлы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде оқытушы, жұбайы Рита Ихсанғалиева қала мектептерінің бірінде ұстаздық етуде. Бұларға екі және бір бөлмелі пәтерлер берілді.

«Жас Отау» бағдарламасының шарты бойынша, жастары 29-ға дейінгі, жұбайлардың бірінің немесе екеуінің мүгедектігі, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылары, спорт, өнер және өзге де салаларда елеулі жетістіктерді еншілеп жүрген жастар, сондай-ақ,  бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер мен басқа да мамандық иелері жаңа пәтерлерді иеленуге лайықты үміткерлер ретінде танылған. Тұрғын үй займдарын ресімдеген кезде жалақыларының мөлшері жетпей қалғандарға ата-аналары кепілдік беріп, көмектескен. Сөйтіп, балаларының баспаналы болуына  септескен. Мәлім болғаны, алдағы уақытта аталмыш бағдарлама қатысушылардың қайтарымды қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Осылайша,  мұнайлы  аймақта  «Жас Отау» иелерінің қатары көбейе түсті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button