Қызылқоғада құтқарушылар су басу қаупінің алдын алды (+ВИДЕО)
Қызылқоға ауданында құтқарушылар тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алды.
29 наурыз күні Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ Қызылқоға ауданы Сағыз ст. №12 ӨСБ байланыс пунктіне сағат 23:00-де Сағыз ауылының тұрғыны ұялы телефон арқылы З.Сағындықұлы көшесіндегі үйге Ноғайты өзенінен су тасу қаупі барын хабарлады.
Нәтижесінде, Сағыз ауылынан ішкі көше арқылы өтетін қар суының көбеюінен «Ноғайты» өзенінің суы арнасынан асқаны анықталды. Соның салдарынан өзен сайының іргесіндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі орын алған. Сөйтіп, құм төсеу арқылы бөгет орнатылып, қауіп сейілді.
Бұдан бөлек, құтқару жұмыстарына Сағыз ауылының әкімшілігі, Қызылқоға аграрлы техникалық колледжінен еріктілер мен арнайы техникалар жұмылдырылды.
Сондай-ақ, Ноғайты өзенінен шамамен 2 метр су тартылды. Ондағы су деңгейін тексеру үшін Сағыз ст. №12 ӨСБ қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырды.
«ӨС және АҚЖҚ» ММ Қоғаммен байланыс тобы