
Жерлесіміз Ерсейіт Бралин — Әлем чемпионатының жүлдегері
Өзбекстанның Әндижан қаласында күш экстримі спорт түрінен өткен Әлем чемпионатында қазақстандық спортшы, атыраулық өрт сөндіруші – Құрманғазы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Ерсейіт Бралин қола жүлдені жеңіп алды.

Құрманғазы ауданы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, дүниежүзінің 20-ға жуық елінен келген мықтылар бас қосқан додада 105 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерсейіт қарсыластарының арасынан үздік үштікке еніп, еліміздің абыройын асқақтатты.
Күш экстримі – нағыз төзімділік пен дайындықты талап ететін спорт түрі. Осындай бәсекеде ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көріну – үлкен жетістік.

Айта кетейік, Ерсейіт Бралин – пауэрлифтинг және грепплинг спорт түрлерінен спорт шебері, көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері. Бұл жолғы жетістік – оның спорттағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ