Жарнама
Спорт

Атырауда спорттық нысаны жоқ ауылдар бар

Бүгінде ел абыройын көтеріп жүрген Олимпиада, Әлем чемпиондарының өзі бұқаралық спортта жүріп қанат қаққанын ескерсек, болашағымыз үшін осы саланы дамыту – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болуы тиіс. Салауатты өмір салтын ұстанған кез- келген адамға қолайлы орта болуы керек. Спорт нысандары қолжетімді болып, спортшылар үшін арнайы медициналық тексеру орталығы да құрылуы қажет. Алайда, қазір дәрігерлердің өзі жетіспей жатқанда, арнайы сала мамандарымен қамтылған орталық салу мүмкін бе?

Осы және өзге де сауалдар облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия отырысында талқыланды.

Спортшылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуі үшін облыс құрамасын жылына кем дегенде 2 рет дәрігерлік бақылаудан өткізіп, дене дамуының жағдайын  қадағалауда ұстап, қажетті дәрумендермен, дәрі-дәрмекпен қамтып, жарақаттанулардың алдын-алу және оларды емдеу үшін жағдай жасау қажет. Осы орайда облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу жоспарлануда.

Біліктілікті арттыруға көңіл бөлінеді

Облыста халықтың барлық нысаналы топтарын салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі деңгейдегі жұмыстар жасалуда. Былтыр 1300 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, ол 270 мыңнан астам тұрғынды қамтыған.

– Облыста 14 737 спорттық секция құрылды. Қазір 27 олимпиадалық, 43 олимпиадалық емес, 11 ұлттық, жалпы 80 спорт түрін және 29 мүгедектер спортын дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Салауатты өмір салтына баулудың алғашқы қадамы – балалар спортын дамыту. Осы мақсатта облыста 31 балалар — жасөспірімдер спорт мектебі бар, — деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов.

Жиын барысында спикер спортты дамытуда сала мамандарының маңыздылығына да айрықша тоқталды.

–Бүгінде облыста басқармаға қарасты мекемелерде 680 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Жалпы өңірде сала мамандарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында спортшылар үшін Атырау облысы әкімдігінің жергілікті білім беру гранттарына сұраныс беріліп, спорт мамандығына түсем деушілер арасында 40 түлек білім гранттарына ие болды. Соңғы 5 жылда әкімдік тарапынан 205 білім гранты бөлінді. Бұл грант иегерлерінің алдыңғы түлектері оқуларын аяқтап спорттық мекемелерге жұмысқа орналасуда. Сондай-ақ, сала мамандарының біліктілігін арттыруға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінген. Мәселен, 2022 жылы – 26,  2023 жылы 29 қызметкер түрлі курстарға қатысып, біліктіліктерін арттырды, — деді Д.Қоспанов.  

Облыста мың адамға шаққанда халықтың спорт инфрақұрылымымен орташа қамтамасыз етілу деңгейі – 51%. Тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануларына мүмкіндік беретін спорт нысанының саны – 1 212. Басқарма басшысының айтуынша, аймақта спорттық нысандар саны жыл сайын артуда. Облыста спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында басқарма Атырау қаласы және аудандар әкімдіктерімен, облыстық құрылыс басқармасымен бірлескен  жұмыстардың да аз еместігі белгілі болды. Мәселен, былтыр мемлекет меншігіндегі 2 спорт кешені мен 5 спортзал іске қосылса, бүгінде облыста 20 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бұқаралық спортты дамыту – маңызды міндет

Атырау қаласында «Спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат құрылысын салу» бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін «HKOK» компаниясына ұсыныс жолданып, жоба мақұлданды. Құны 11 млрд. теңгені құрайтын құрылыс биыл басталады. Мұнай компаниясының демеушілігімен Атырау қаласы Жаңаталап ауылындағы спорт кешені құрылысын бастау да жоспарда тұр. Бұдан басқа алдағы уақытта ауылдарда хоккей корттары мен бассейн құрылыстарын салу бойынша ұсыныстар зерделенуде.

Басты жаңалық, республикада «Қазақстан халқына» қоры арқылы модульдық типтегі 1000 спортзал салу жоспарланған. Жедел тұрғызылатын мұндай залдардың 65-ін Атырау облысының спорттық нысандарға мұқтаж 54 ауылына салып беру жөнінде басқарма тарапынан ұсыныс та айтылыпты. 

Бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды баяндаған басқарма басшысы өңірдегі аталған саланың, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға оң әсер ететін бірқатар ұсынысты да  комиссия мүшелерінің алдында атап айтты.

–Мемлекет басшысы былтыр аймаққа жұмыс сапары барысында «Республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды өткізу үшін спорттық нысандар салу» туралы тапсырма берді. Оны орындауда облыс орталығында жаңа стадион және ұлттық спорт кешенінің құрылыстарын салу жұмыстары қолға алынуда. Осы жобаларды және жоғарыда аталған 26 спорт кешенінің құрылысын қаржыландыруға қолдау көрсетілсе игі. Барлық спорт мектептерінде кешкі уақытта және сенбі, жексенбі күндері тұрғындарға қоғамдық негізде тегін спортпен айналысуына жағдай жасалған. Дегенмен, қазір сұраныс өте жоғары болғандықтан тұрғындардың спортпен және дене шынықтырумен айналысуы үшін білім беру мекемелерінің спорт залдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал еткен де жөн. Аудандардағы дене шынықтыру және спорт бөлімдерін дербес бөлім ретінде қайта құру керек. Өйткені, аудандарда спорт саласына бір ғана маман бөлінген, ал Индер ауданы бөлімінің штатында спортқа жауапты маман мүлдем қарастырылмаған. Спортқа жауапты дербес бөлімнің болмауы саланың жеткілікті деңгейде дамуына кедергі келтіретінін дұрыс түсінуіміз керек, — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, аймақта 21 мыңға жуық спортшы арнайы медициналық қызметпен толық қамтамасыз етілмеген. Облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева осы мәселенің мән-жайын жан-жақты түсіндіріп беруін сұрады.

– Спортшылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуі үшін облыс құрамасын жылына кем дегенде 2 рет дәрігерлік бақылаудан өткізіп, дене дамуының жағдайын  қадағалауда ұстап, қажетті дәрумендермен, дәрі-дәрмекпен қамтып, жарақаттанулардың алдын-алу және оларды емдеу үшін жағдай жасау қажет. Осы орайда облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу жоспарлануда. Қазір қажетті шығындары есептеліп жатыр. Алдағы уақытта осы мәселені түбегейлі шешу үшін қолдау қажет болады, — деді Дастанбек Қайыржанұлы.

Айта кеткен жөн, мұндай медициналық орталық Шығыс Қазақстанда толық жасақталып, «спорттық медицина» мамандығын бітірген арнайы мамандармен қамтылған екен.

– Мұндай арнайы орталықтың болғаны әрине, жақсы. Бірақ, бүгінде жалпы медицинада дәрігер тапшылығы мәселесі шешілмей тұрып, спорттық медицина қызметкерлерін табу қиын. Елімізде медициналық университеттерде мұндай арнайы мамандық қарастырылмаған. Сондықтан басқарма тарапынан өзімізде бар маманды қайта даярлап, оқытып, мәселені осылайша реттеген жөн, — деді облыстық мәслихат депутаты Эльмира Сапарова.

Бұдан басқа комиссия отырысында ұлттық спорт түрлерін дамытуда «Ұлттық спорт орталығы» мекемесін ашуға қолдаудың қажеттілігі айтылды. Қазір аймақта тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, ұлттық жекпе-жек, ат спорты түрлері дамытылуда.

Бүгінгі негізгі мақсат – тұрақты түрде спортпен шұғылданушы тұрғындардың үлесін 2025 жылдың соңына дейін 50 пайыздық көрсеткішке жеткізу. Бұл үшін тек арнайы басқарманың күші жетпеуі мүмкіндігін ескеріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай бірлескен жұмыс қажет. Жиынның негізгі түйіні де осы болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button