Атырауда өнерпаздар боз кілемде белдесті

oioo Спорт

Облыста осыдан төрт жыл тұңғыш рет қазақ күресінен жалауын көтерген «Өнер барысы» турнирі мәдениет және өнер қызметкерлерінің басын қосатын байрақты бәсекеге айналып үлгерді. Той бизнесіндегі асабалар мен әншілер, актерлер мен әртістер өз арасынан ең мықтыны анықтайды. Үнемі думанды кеш пен тойларда кездесетін олар үшін бозкілемдегі бұл кездесудің орны мүлде бөлек. Спорт пен өнерді егіз ұғым санайтын намысты жігіттер өз мекемесінің, қала берді ауданының намысын жыртып, жеңіске жетуге тырысып бақты.

opl

«Жігітке жеті өнер де аз»

Қазақтың қай баласы да өнерден құралақан емес. Өнердің қай түріне салсаң да тосылып қалмайды. Жуырда «Атырау» спорт кешенінде қазақ күресінен Атырау қаласының «Өнер барысы» анықталды. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және облыстық «Тарлан» қазақ күресі федерациясы ұйымдастырған дүбірлі шараға облыстағы барлық мәдениет мекемелерінен 30-дан астам қызметкер қатысты.

Таныстыру рәсімінде қазақтың оюлы шапанымен бозкілемге беттеген өнерпаздар жиналған жұртшылыққа ерекше әсер берді. Бұл күні спорт кешеніне жиналған көрермендердің де қатары көп. Олардың дені – күреске қатысқалы жатқан өнерпаздардың жанкүйерлері.

– Өнерпаздар сайысы облыстағы мәдениет пен өнердің дамуына ерекше үлес қосады. Осы жарысқа қатысып, күш сынауға бел шешкен өнерпаздарға ерекше алғыс айтамын. Заманында жауырыны жерге тимеген Қажымұқан атамыз, батыр әрі ақын Балуан Шолақтың есімі әмбеге аян. Мінекей, олардың ізін жалғастырушы жас буын өкілдері осы сайыста шеберлік пен қайсарлықтың үлгісін танытатынына кәміл сенемін, – деді сайыстың ашылу салтанатына арнайы келген қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.

Ал, құрметті қонақтардың қатарында спорт ардагерлері Ақмырза Батырхайырұлы, Марат Жанғалиев, қалалық мәслихаттың төрағасы Нұрбол Құрман және облыстық «Тарлан» қазақ күрес федерациясының атқарушы директоры Аманбай Қыздарбаевтар белгілі спортшы, әлем чемпионы Жандос Тілекбаев төрешілік еткен жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, өнерпаз-спортшылар мен көрермендерге ақ батасын жолдап, жиналғандарды рухтандырып жіберді.

lll

Татамиде тосылған жоқ

Турнир үш салмақ дәрежесі бойынша өтіп, палуандардың бәсекесі жеңіл салмақтағы өнерпаздардың арасында басталды. Алғаш болып татамиге шыққан 66 келі салмақ дәрежесіндегі палуандардың қарқыны қатты болды. Көк белбеулі Дарын Әмірхан әп дегеннен-ақ жамбас ұпайын қанжығасына майлап, кездесуді өзінің уысынан шығармауға тырысып бақты. «Әлі келген алып та, шалып та жығатыны» рас екен, тағы бір жамбас ұпайы мен жартылай жеңіс әдісімен қызыл белбеулі Нұрлан Елемесұлынан айласын асырды.

Жеңіл салмақ дәрежесіндегі екінші белдесу индерлік Бірлес Бекетов пен драма театрының өкілі Жомартбек Жасталапов арасында өтті. Театр өнерпазы алғаш болып жамбас ұпайын еншілеп, жеңісті уысында ұстауға күш салғанымен, индерлік палуан намысқа тырысып, 2 минут 52 секундта таза жеңіспен келесі айналымға жолдама алды.

Ал, оркестр әншісі Берік Амантаев пен ансамбльдің өнерпазы Еламан Абылаев арасында өрбіді. Бәсекеде бұған дейін де осындай сындарда сыналып, тәжірибе жинағанын көрсете білген Берік қарсыласын сол жамбасқа алып, жартылай жеңісті қолда ұстады. Сосын бір минутқа жеткізбей Берік өзіне үйреншікті әдіспен сол жақ жамбасқа салып, қарсыласының оң аяғының ішкі жағынан іліп жауырынын жерге тигізді.

Турнир жеңіл салмақта үш жұптың белдесуінен соң 80 келі салмақ дәрежесіндегі балуандардың белдесуіне жалғасты. Қос мәдениет ошағының намысын көтеріп келген драма театрының актері Ғазиз Сұраппаев пен Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Нұрберген Қабдолов арасындағы сында соңғысы алғаш ұпайын алғанымен, бәсеке соңына қарай Ғазиз айласын асырып, таза жеңіске ие болды.

Өнерпаздар сайысындағы екінші салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен мәдениет үйінің өкілі Өмірзақ Зинелғабиденов пен мақаттық Ақболат Отаубаевтың ұпай санынан ұтуға ұмтылысы сәтсіз болды, белдесу басында-ақ екеуі де ескерту алды. Мақаттық өнерпаз алғаш болып жартылай жеңіс әдісімен ұпай алғанымен, Өмірзақ өзі дегенде өгіз қара күші бар екенін дәлелдеп, ұпайын теңестірді. Алайда, белдесу барысында аяғынан жарақат алған Өмірзақ кездесуді әрі қарай жалғастыра алмай, Ақболат келесі кезеңге жолдама алды.

kk

Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі палуандардың белдесуі исатайлық Амангелді Панабердиев пен драма театрының әртісі Амангелді Құмақов арасында өтті. Жастық жалыны басылмай тұрған айтыскер Амангелді әртіс Амангелдіден айласын асырып, келесі кезеңге жолдама алды.

Үш салмақ бойынша да бұдан өзге балуандар күш сынасып, әр кезең бойынша мықтылар іріктеліп отырды. Ақтық бәсекеге тек мықтылар ғана өзара жеңімпазды анықтады. Жарыс қазақ күресінен бекітілген ережелерге сәйкес өткізіліп, бәсекелерге облыстағы жоғары дәрежелі төрешілер бағасын берді. Жарыс қорытындысында 66 келіге дейінгі палуандар арасында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің әнші-термешісі Берік Амантаев үздік  деп танылды. Ол ақтық сында индерлік Бірлес Бекетовпен белдесті. Бұл топта  үшінші орынды қызылқоғалық Бекет Махмұт алды.

Ал, 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткендердің арасында  индерлік Ерболат Кәрімовтің мерейі үстем болды, ол финалда махамбеттік Әзілхан Құралбайдан басым түсті. Қола медаль Махамбет атындағы академиялық драма театрының актері Ғазиз Сұраппаевтың қанжығасына байланды.

Одан жоғары салмақта индерлік Арман Төлегенов, исатайлық Амангелді Панабердиев, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әртісі Әнуар Зинеденов жүлделі үш орынды бөлісті.

Жарыс соңында үздік деп танылған Берік Амантаев, Ерболат Кәрімов және Арман Төлегеновке «Өнер барысы» белдігі табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом, медаль және кубокпен қатар, қаржылай сыйақылармен де марапатталды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз