«Шахтерды» шаң қаптырды, алда «Тобыл» тосып тұр
Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының 11 турында «Шахтер К» – «Атырау» командалары кездесті. Виталий Жуковский баптайтын атыраулық команда Қарағандыда өткен кездесуді бірден шабуылмен бастады. Артынша жергілікті команда жігер танытып гол салуға тырысты. Бір сәтте Шахтер командасының шабуылшысы Шыңғыс Флюк әріптесі Азамат Абдулланың сол қапталдан көтерген добына бірінші жетіп баспен гол салды.
Алайда ойын төрешісі Айдын Тасыбаев он бірінші нөмірлі шабуылшы Азамат Абдулланы офсайд болды деп есептеп, есеп ашпады. Одан соң мұнайшылар командасы әлсін-әлсін шабуылдап, алаң иелерін әбден әбігерге салды. Сондай тартысты ойын барысында атыраулық жартылай қорғаушы Имери Дамирге қарсы ойын тәртібі бұзылып шабуылшы Эуженио Педро алаң иелеріне айып добын соғуға мүмкіндік алды.
Айып алаңының сыртынан шірене тепкен шабуылшының добы Шахтер қақпасының сол жақ бұрышынан табылып, ойынды 1-0-ге жеткізді. Кейін шахтерлар командасы да қонақтар қақпасын бірнеше рет көздегенмен нәтижесіз болып жатты. Алғашқы таймның негізгі уақытына қосымша берілген минутта атыраулықтар тез шабуыл ұйымдастырды. Алыстан тепкен допқа бірінші жеткен жартылай қорғаушы Наурызбек Жагоров баспен гол салып есепті тағы да еселеді. Ойынның 80-інші минутында Атырау сапындағы беларусиялық жартылай қорғаушы Игорь Стасьевич сол қапталдан өрбіген шабуылын аяғына дейін жеткізіп үшінші голдың авторы атанды. Қарсылас команданың төрт бірдей ойыншысын қапы қалдырып қақпаның оң жақ бұрышына әдемі гол салып бұл кездесуді мұнайшылардың пайдасына шешті.
Алаң иелері қанша жерден шабуыл жасап, гол салуға тырысса да ойын есебін қысқарта алмады. «Атырау» командасы бұл маусымда алдыңғы жылмен салыстырғанда сәтті ойын өрнегін көрсетіп келеді. Премьер-Лигадағы 13 команданың арасында V орында келе жатқан атыраулықтар бүгін Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдайды. «Мұнайшы» стадионында сағат 18:00-де өтетін осы ойында жерлестерімізге сәттілік серік болып, кезекті ұпайға қол жеткізулеріне тілекшіміз.
Алмас ҚАБДОЛОВ