Жарнама
Спорт

“Бапкерсіз бабың болмайды”

Атырау марафонында 21.1 шақырымда абсолютті жеңімпаз атанған белгілі марафоншы, еліміздің 10 дүркін чемпионы, Азияның 2 дүркін чемпионы Ислам Аманқосты жеңісімен құттықтап, сұхбат алған едік.

– Исеке, 21 шақырым қашықтықты еңсеріп өттіңіз, өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?

​– Асабір күш салмай, демалып, жақсы өткіздім. Былтыр Атырауда өткен марафонда 42 шақырымда чемпион атанған едім, биыл 21.1 шақырымда жеңісті жолымды жалғастырдым. 

– Сіз қай өңірдің тумасысыз? 

​– Негізі Ақтөбенің тумасымын. Қазіргі таңда Алматыда тұрамын.  

– Жаңадан жүгіріп бастаушыларға қандай ақыл-кеңес айтасыз, олар нені ескеруі қажет? 

– Ең бастысы қызығып күнде жүгіріп қажет емес. Көпшілігі қызығушылықпен күнде шығады да ынталары қайтып қалып жатады. Әрине, жүгірген соң бұлшық еттер ауырады. Осылайша өздеріне көп жүк түсіріп алады. Сондықтан аптасына екі-үш рет жүгіріп, әдетке айналдырып алғаннан кейін бапкермен бірге жаттығу жасау қажет. 

– Бүгінгі көрсеткішіңіз 1 сағат 17 минутты көрсеткен екен, үздік рекордыңыз қандай?

​– Осы шақырым бойынша менің рекордым 1 сағат 7 минут.  Бүгін тек қана орын алу үшін жүгірдім. Сонымен қатар, мұндағы атмосфераны сезінгім келді. Бір сөзбен айтқанда қатты жан беріп, күш салып жүгірген жоқпын. 

– Елімізде өзіңізге тегеурінді қарсылық танытатын желаяқтар бар ма?

​– Әрине, менен де бұрын рекорд қойған жігіттер, менімен деңгейлес үш-төрт жігіт бар. 

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Сізді тағы қандай жарыстан көре аламыз?

​– Алдағы жексенбіде Алматыда өтетін марафонға қатысамын. Содан соң 8 қазанда Португалия еліндегі Лиссабон қаласында марафон болады. Ол жерге бару үшін визаға тапсырғанмын, онымен виза берілген жоқ. Алайда кері аппеляция беріп қойдым, өтінішімді қанағаттандырып жатса сол марафонға қатысқым келеді. Ал, сонда да үйлеспесе қазан айының 29-да өтетін Түркістан марафонына 42 шақырымғадайындаламын. 

– Халықаралық жарыстарға жылына неше рет қатысып тұрасыз?

​– Жылына бір-екі рет қатысып тұруға тырысамын. Биыл Дубайда өткен марафонда 19-ыншы орынға ие болсам, Ташкентте өткен жарыста III орынға табан тіредім. Халықаралық жарыстарға 42 шақырым бойынша қатысамын.

– Әңгімеңізге рақмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button