Жарнама
Спорт

Параспортшылар жеңістен үмітті

​            Былтыр отырып ойнау параволейболынан еліміздің ұлттық құрамасы Астанада тұңғыш рет өткен Азия чемпионатының финалына шығып, Францияда жалауы желбірейтін паралимпиада ойындарына жолдама ұтып алған болатын. ​Осылайша отандық параспортшылар 28 жылда зор жетістікке қол жеткізді. Қазір әлем бойынша 70-тен астам команда болса, Қазақстанның ұлттық құрамасы рейтингте алтыншы орында тұр. Айта кетейік, оның басым бөлігі – Атырау спортшылары.

            Еліміздегі отырып ойнау параволейболының негізі 1988 жылы ауған соғысы ардагерлерінен құрылған болатын. Бүгінде команданы 1988-1999 жылдар аралығында бас бапкер болған әлемге әйгілі жаттықтырушы Жәнібек Сауранбаевтың шәкірті, атыраулық Бауыржан Тахауов баптап келеді. Ол он жылдан бері ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Соңғы оқу-жаттығу жиындарын пысықтап жатқан бас бапкер ұлттық құрама мүшелерінің Парижге жүрер алдындағы дайындығы туралы айтты.

            ​– Екі ай бұрын Бразилия командасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Ал, олар рейтингте екінші орында тұр. Десе де бразилиялықтарды екі кездесуде де ұтып алғанбыз. Бұл біздің жігіттердің қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Париж төрінде алдымен топтық бәсекеде 29 тамыз күні Франция командасымен алғашқы кездесу өткізсек, 31 тамызда Токио-2020 паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Босния-Герцеговина командасымен кездесу жоспарланған. Ол — үнемі ақтық бәсекелерде өнер көрсетіп жүрген әлемдегі мықты командалардың бірі. Тіпті, ойыншыларының бойлары да ұзын. Біздің жігіттер жылдам ойындары арқылы жеңісті қолдан бермейді деп сенеміз. Ал, үшінші кездесуді 2 қыркүйекте Рио-2016 паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Египет командасына қарсы өткіземіз, — деді Бауыржан Бақытұлы.

           

Париждегі отырып ойнау параволейбол бәсекесіне 8 команда қатысады. Екінші топта – паралимпиада ойындарының тоғыз дүркін жеңімпазы, екі мәрте күміс жүлдегері Иран командасы. Олардың ішкі чемпионаттарында 100-ден астам команда бар. Осындай бәсекелестіктің арасынан бабы мықтылар іріктелетін көрінеді.

            Ал, Лондон-2012 паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Германия, Украина, Бразилия командалары топтық бәсекеде өзара мықтыны анықтайды.

​Бас бапкердің сөзінше, ұлттық құраманың дайындығы жақсы. Бұған дейін біріккен және бөлек оқу-жаттығу жиындарына қатысқан команда үшін барлық жағдай жасалыпты.

​            – Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов алғашқы күннен-ақ командаға демеуші тартып, жағдай жасап келеді. Жақында арнайы автобусты да алып берді. Қазақстан құрамасының Парижге баруына күш салған да Федерация басшылығы екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, облыс әкімі Серік Шәпкенов былтыр ұлттық құрама паралимпиадағы жолдама алғаннан кейін «Атырау облысының пара волейбол бойынша кәсіпқой спорт клубы» ЖШС-ін ашуға септескен еді. Бүгінде команда қаржыландырылып, айлықтары төленіп отыр. Бұл — командағы үлкен көмек. Команда мүшелері отбасында болып жарытпайды. Ай сайын 14 күн бойына Астана қаласындағы паралимпиадалық жаттығу орталығында үнемі оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Биыл Голландия елінде оқу-жаттығу жиынында болып, турнирде шеберлік байқаттық. Сондай-ақ, Иран, Ресей секілді әлемнің мықты командаларымен жаттығу жасап, шеберлігімізді арттырып, тәжірибе жинап қайттық. Мықты командалармен ойнап, біліктілігімізді арттыру өте маңызды мәселе, — деді Б.Тахауов.

           

Алдағы паралимпиада ойындарында жігіттердің бағы мен бабы қатар шапса жеңіс тұғырынан көрінуге барлық мүмкіндік бар. Қалай десек те алғашқы паралимпиада. Қазір жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Биыл алты айдан бері командамен медициналық ғылыми топ жұмыс істеді. Топ құрамындағы нутрициолог маман спортшылардың ішіп-жегеніне дейін қадағалап отырады. Қажетті дәрумендер алынып, киім-кешек жағы толық қамтылған.

​Ойыншылардың дене қабілеті даярлығына жауапты дәрігер-оңалтушы Берік Зұлқарнай жеті-сегіз айдан бері командамен жүйелі жұмыс істеп жүр.

            ​– Бастапқыда құраманы толықтай диагностикалық тексеруден өткізіп, барлық ақпаратты жинадық. Сол уақытта дәрігер-невролог, дәрігер-травматолог, тамыр хирургі, дәрігер-оңалтушы, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің көмегі міндеттелді. Тиісті деңгейде динамикалық тұрғыдан қадағалап, командамен бірге барлық оқу-жаттығу жиындарына қатыстық. Әр жаттығу сайын ойыншылардың көрсеткіштерін бастан-аяқ байқадық. Әуелі әр спортшының жалпы физикалық, функционалдық дайындығын бағамдап, көрсеткіштерін саралаймыз. Соған байланысты әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, жарты жыл ішінде сараптама жасап, қай кезде жүктеме артуға болатыны туралы болжам жасай білдік. Қазір команда бабында, алдағы бәсекеде ойлағанымыз орындалады деген үмітіміз бар. Олардың физикалық дайындығына қажетті аппараттарды сатып алып, бар мүмкіндікті жасап отырмыз, — деді Б.Зұлқарнай.

           

Команданың келіп-кетуі мен жүріп-тұруына Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы мен Атырау облысының пара волейбол бойынша кәсіпқой спорт клубы барынша жағдай жасап келеді. Сондай-ақ, республика Туризм және спорт министрлігі тұрақты қолдау көрсетеді. Париждегі паралимпиадаға осал команда қатыспайтыны анық. Командалар — өз құрлықтарындағы нағыз сайыпқырандар. Кеше Париж төріндегі паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама мүшелерін республика Премьер-Министрі Олжас Бектенов сәт сапар тілеп, шығарып салса, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, республикалық параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов Парижге қолдап барады. Бұл командаға үлкен демеу болатыны сөзсіз.

​            Соңғы рет жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген ұлттық құрама жігіттері бар күш-жігерін салып, білгендерінен жаңылмайды деп сенеміз.

​            Сонымен қатар, Атырау облысынан Батыс Еуропадағы төрткүл дүние көз тіккен додаға параволейбол, пара жеңіл атлетика, парадзюдо, паратаеквондо, параүстел теннисінен жарысқа шығатын 16 паралимпиадашы қатысады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Назарбек ҚОСШИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button