Атырауда спорт кешенінің құрылысы неге кешіктірілген?
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының нәтижесінде 20 спорт және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Осы жоспарға кіретін 3 кешен биыл пайдалануға беріледі дегенмен, жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуіне байланысты мерзімінен кешігіп жатыр. Бұл туралы партияның облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің спорт мәселелері арқау болған бесінші мәжілісінде әңгіме болды.
Жүйелі жоспар орындалуы керек
Кеңес отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев кеңестің күн тәртібіндегі мәселелердің өзекті екенін айтты.
– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес спорт саласын ілгерілету жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облыстың спорт тарихында тұңғыш рет дарынды балаларға арналған спорт интернаты ашылды. Мұнда еркін күрес, бокс, дзюдо, таеквондо секілді төрт спорт түрі бойынша балалар VII сыныптан бастап жаттыға алады. Интернатқа аудандардан сұраныс көп болғандықтан, орын санын 120-дан 200-ге дейін көбейттік. Енді спорттық медициналық диспансер ашуды көздеп отырмыз. Келесі жылы өтетін Олимпиадаға облыстан баратын спортшылар санаулы, бұл – біздің облыс үшін өте төмен көрсеткіш. Сөйте тұра, республика аумағында спорттық нысандармен қамтамасыз ету бойынша мұнайлы өңірдің деңгейі қуантады. Тиісінше жаттықтырушылардың да әлеуеті жаман емес. Сондықтан, олимпиадалық циклге қатысатын спортшылардың қатарын көбейте түсу қажет. Қысқы олимпиадалық ойындар бар, мұны да естен шығаруға болмайды. Олимпиадалық емес және паралимпиялық спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар бар. Бүгінде халықтың арасында бұқаралық спортқа ден қойған азаматтардың да саны артты. Келесі жылы он шақты спорт кешенін ашып, спорт нысандарын жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр. Аға буын жерлестеріміз балаларды спортқа үндеуі қажет деп есептеймін. Жастар спорт арқылы жетістікке жетіп, саламатты өмір салтын ұстанады. Спорт бар жерде тәртіп те, тәрбие де болады, — деді Марат Бисенғалиұлы.
Парижге кім барады?
Кеңес мәжілісінде хабарлама жасаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша «Жол картасының» спорт саласына қатысты бес тармақ енгізілгенін айтты. Оның төртеуінде көзделген көрсеткіштерге тоқталған басқарма басшысы соңғы тармақ бойынша жұмыс кешеуілдеп жатқанын да жасырмады.
– Биыл қаладағы Дамбы, Химиктер қалашығы, Бірлік ауылдарындағы спорт кешендерінің жобалық-сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр. Жыл соңына дейін ғимараттар толық аяқталғанымен, сыртқы абаттандыру жұмыстары қолбайлау. 2024 жылдың ақпан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Қаладағы Ақсай, Қызылқоға ауданының Тасшағыл, Жасқайрат, Қоныстану, Қарабау, Құрманғазы ауданындағы Нұржау, Сүйіндік, Исатай ауданына қарасты Ерғалиев және Индер ауданының Көктоғай ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр, — деді Дастанбек Қайыржанұлы.
Сондай-ақ Мақат кенті, Қызылқоға ауданында Миялы, Сағыз, Құрманғазы ауданының орталығы – Құрманғазы ауылынан спорт алаңдары салынып жатыр. Әзірге алдағы Париж Олимпиадасына дзюдо күресі мен таеквондо спортынан екі-екіден атыраулық спортшы қатысуы мүмкін.
Кеңес мәжілісіне қатысқан партия өкілдері жас ұрпақтың санасына селкеу түсіріп, теріс тәрбиеге үндейтін жайттарға тосқауыл бола алатын тек спорт екенін баса айтты.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев белгілі айтыскер ақын, қоғам белсендісі, облыстық мәслихаттың депутаты Сырымбек Сәрсембаевты республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттаса, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов қалалық мәслихаттың депутаты, партияның белсенді мүшесі Рафик Сәрсеновке Алғыс хат табыстады.
Жиын соңында мерзімінен кешігіп жатқан спорт нысандарының құрылысы мен жалпы спорт нысандарының салыну стандарты да сөз болып, ұлттық спорттың жай-күйі, Олимпиадаға іріктеу кезеңі, облыс орталығынан ипподром салу туралы ұсыныс-тілектер айтылды.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ