![Атырауда спортшылардың төл мерекесі аталып өтті 1 3j2a2672 scaled](https://atr.kz/wp-content/uploads/2023/08/3j2a2672-scaled.jpg)
Атырауда спортшылардың төл мерекесі аталып өтті
Тамыз айының үшінші жексенбісі — Спорт күні. Осыған орай, Мұнайшы стадионында кең көлемде «Atyrau Sport Fest — 2023» салтанатты шарасы өтті. Аталған кешке облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, басқарма басшылары, спортшылар және 10 000-ға жуық атыраулық қатысты.
![Атырауда спортшылардың төл мерекесі аталып өтті 2 3j2a1403](https://atr.kz/wp-content/uploads/2023/08/3j2a1403-1024x683.jpg)
Шараның шымылдығы спортшылардың салтанатты шеруімен ашылды. Кейін облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев алғысөз алып, өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейіп, спортпен шұғылданушылар саны өсіп келе жатқанын айтты.
![Атырауда спортшылардың төл мерекесі аталып өтті 3 3j2a2089](https://atr.kz/wp-content/uploads/2023/08/3j2a2089-1024x683.jpg)
— Спорт — бейбітшіліктің елшісі. Әрқашанда спорт — дені сау ұлттың кепілдігі деп саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» – деп атап көрсетті. Халық даналығына жүгінсек, «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Міне, біз бұл күнді денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық, сергектік мерекесі ретінде атап өтеміз. Салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінде біздің спортшылар киелі мекен – Атыраудың айбынын асыруда. Олар сонымен бірге, белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен күллі еліміздің беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде. Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін, көк байрағымыз биікте желбіресін! — деді М.Мурзиев.
![Атырауда спортшылардың төл мерекесі аталып өтті 4 3j2a2223](https://atr.kz/wp-content/uploads/2023/08/3j2a2223-1024x683.jpg)
Марат Мурзиев облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бас маманы Айман Меңдіғалиеваға «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, сондай-ақ, бірнеше қызметкерге «ҚР Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін тақты.
![Атырауда спортшылардың төл мерекесі аталып өтті 5 3j2a1500](https://atr.kz/wp-content/uploads/2023/08/3j2a1500-1024x683.jpg)
Шарада бірнеше сала қызметкері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ұлттық олимпиада комитетінің медалімен, Алғыс хатымен, облыстық ардагерлер кеңесінің «Тәлімгер», «Алып қыран» медалімен марапатталды.
Салтанатты кештің тізгінін Дәулет Бижанов пен Салтанат Серкебаева ұстады. Қала тұрғындары мен қонақтарына Мархаба Сәби, Әмре, Yenlik, Il’han, Jeltoksan сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.