
Атырауда ауыр атлетикадан жасөспірімдер чемпионаты салтанатты жағдайда ашылды
Бүгін «Атырау» спорт кешенінде ауыр атлетикадан 2011 жылы және одан кейін туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы жеке-командалық чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Бұл дода – елдің жас спортшылары үшін маңызды тәжірибе алаңы ғана емес, болашақ чемпиондардың алғашқы қадамдары болмақ.

Тартысты доданың ашылу салтанатына ҚР Спортты дамыту дирекциясының өкілі Дархан Қосантаев, Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Жанболат Зиадин қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірінен – Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және облыстардан келген командалар қатысады.
Спортшылардың шеберлігі мен табандылығы жас ерекшелігіне қарамастан, кәсіби деңгейге жақын екендігі байқалды. Чемпионат аясында командалық есеппен қатар, жеке салмақ дәрежелері бойынша да жеңімпаздар анықталады. Жарыс 12 маусымға дейін жалғасады. Атыраулықтар мен қала қонақтары спорт кешеніне келіп, елдің болашағын айқындайтын жастарға қолдау білдіре алады.
Дәулетхан ЖАҢАБАЙ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті “Журналистика және ақпарат” мамандығының І курс студенті