Арман болды-ау, Олимпиада алтыны
Мұнайлы өңір спортшыларының арасынан Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің көрінбей жүргені еліміздің бас партия өкілдерінің шымбайына бататын секілді. Бұл мәселені «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі отырысында кеңес төрағасы Сырымбек Сәрсембаев көтерді.
Мықтылар қашан топ жарады?
Облыс тұрғындарын бұқаралық спортқа тартуды ұйымдастыру — «AMANAT» партиясының алға қойған көп міндетінің бірі. Бұл бағытта партия алдағы 5 жылда облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, оларды бұқаралық спортпен шұғылдануға тартуға қажетті жағдайлар жасап жатыр екен.
– Бүгінде «AMANAT» партиясының мақсаты – әрбір азаматтың құқығы мен мүдделерін қорғай отырып, халықты әлеуметтік қолдау ауқымын кеңейту арқылы әр отбасының жан-жақты өмір сүру сапасын арттыру.
«AMANAT» партиясы кадр тапшылығы және мамандарды дайындау сапасының, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары (ФАП), мектеп және балабақшалар, спорт және мәдени нысандардың жетіспеушілігі, олардың заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелерін шешетін болады. Сайлауалды бағдарламада алдағы 4 жылда облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, оларды бұқаралық спортпен шұғылдануға тартуға барлық жағдайлар жасау іс-шаралар жоспары көрсетілген, — дей келе Арман Шылмановтан кейін Олимпиадаларда облыс дүлдүлдерінің дүркірей алмай жүргеніне қынжылыс білдірді.
Айтса айтқандай, осыдан 16 жыл бұрын 2008-де таэквондошы Арман Шылманов аспанасты елінде өткен жазғы Олимпиада ойындарының қоласына қол жеткізген еді. Сол жүлдеден кейін қанжыға майланбағалы біраз болыпты. Байқасақ, спорт мектептері 7 жастан асқан баланы баулып, жаттықтырып келеді. Қаршадайынан-ақ тәрбиеленген жастан Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерін дайындауға мүмкіндік неге жоқ? Бұл мүмкін емес дүние секілді… Өзге өңірлерден шыққан спорт саңлақтары бізден неліктен шықпайды? Әлде спорт саясатқа араласып кетті ме?
Бапкерлердің бабы қандай?
Иә, толағай табыс пен ожау-ожау олжа оңайлықпен келмейді. Олимпиада ойындарында жақсы нәтижелер көрсеткен өңірлердің қатарында Алматы, Шымкент, Павлодар, Қарағанды секілді қалалар мен облыстар жетекші орындарда тұр. Алайда, Атырау облысы осы уақытқа дейін Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелей алған жоқ. Бұл ащы да болса шындық.
Атырау облысы спорттық инфрақұрылымы жағынан еліміздегі ірі қалалардан артта қалуда. Қаладағы спорт кешендері мен жаттығу алаңдары жаңа әрі заманауи құрылғылармен толық жабдықталмаған. Олимпиада деңгейіндегі спортшылардың дайындық процесі өте жоғары талаптарды қажет етеді. Бұл үшін спорттық базалар, әсіресе күрес, ауыр атлетика, жеңіл атлетика және басқа да олимпиадалық спорт түрлері бойынша толыққанды жаттығу залдары мен құрал-жабдықтар қажет-ақ.
Айтпақшы, боксшы, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев ел палуандарының Олимпиадада оза шауып, бәйге ала алмай жүргенін сынаған-тұғын.
– Көптеген облыстан тегеурінді былғары қолғап шеберлері шықпай жатыр. Кейбір жерлердегі жағдай тіптен мүшкіл. Жергілікті федерациялардың да көп нәрседен көңілдері қалғанға ұқсайды. Себебі ұлттық командада бәсекелестік жоқ. Өздеріңіз байқасаңыздар, байрақты бәсекелерге үнемі белгілі бір спортшылар ғана барады. Сол санаулы ғана боксшыны әр жарысқа тықпалай береміз. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ал, шынайы бәсекелестік болмаған жағдайда көрсеткіштің де құлдырайтыны белгілі. Еліміздің бірінші нөмірлі боксшылары оларды өкшелеп келе жатқан жуан жұдырықты жігіттердің барын әр күн сайын сезінуі керек. Сонда ешкім босаңсымайды, барлығы да үнемі бабында жүреді. Осы жағдайды федерация басшылығы мен бас бапкер өз бақылауларында ұстап, үнемі қадағалап отыруға тиіс. Бірақ, ұлттық құраманы жаттықтырып жүрген бапкерлер тарапынан ондай іс-қимыл байқалмайды, — деп ренішін білдірген.
Жауабы жоқ сұрақтар
Бұл бізде бар, өңірлерде бар проблема болды. Саңлақ спортшы айтқандай, Олимпиада мен әлем чемпионаттарының шыңына тек ғаламат күшті бапкерлері бар шәкірттер ғана қол жеткізе алады. Осы орайда, бапкерлердің бабы не бағы келіспей жүрген жоқ па? Олай дейтініміз, жеті жасынан-ақ жұдырық жұмсап, сирағын серпіп үйренген бала Олимпиада жасына жеткенше әдіске де, күшке де ие болатыны анық.
Әлде, жоғарғы деңгейдегі спортшыларды дайындауға қажетті тәжірибесі бар, халықаралық аренада таныс тренерлердің жоқтығы басты кедергілердің бірі болуы мүмкін бе? Қалай десек те, оқытушылар мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру мен кәсіби дайындық мәселесі өзекті болып тұр. Бұл жастардың Олимпиада деңгейінде нәтиже көрсетуі үшін үлкен маңызға ие.
«Miras» аймақтық кеңесі отырысынан кейін спортшы болмағанымен, менеджменттен хабары бар біраз адаммен осы тақырыпқа байланысты пікірлескен болатынбыз. Олардың айтуларынша, спорттық шаралар мен олимпиадалық дайындық үшін қаржылық қолдау аса қажет. Дегенмен, бай өңірде демеуші табу, қаржыдан таршылық көру әсте мүмкін емес. Сонымен қатар, Атырау облысында спортшылардың Олимпиада ойындарындағы үлкен жеңістерге деген мотивациясы да төмен болуы мүмкін. Бүгінде көптеген жас спортшы әлемдік аренада жеңіс тұғырына шығу үшін қажетті ақпараттық технологиялар мен дайындық әдістерін меңгеруі керек. Оларға кәсіби түрде қолдау көрсету үшін облыста спорттық менеджментті дамыту қажет болып тұр.
Қағазда бәрі қатып тұр
Отырысқа келген облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернұр Нетжановтан білгеніміздей, облыста спорттың 27 олимпиадалық (3-уі қысқы олимпиадалық), 43 олимпиадалық емес түрін, 11 ұлттық спорт түрін, жалпы 81 спорт түрін және мүгедектер спортын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
Өңір бойынша 14737 спорттық секция жұмыс жасайды. Оның ішінде 5900 секция ауылдық жерде (2023 жылы 11574 секция, ауылдық жерде 5828). Облыстағы барлық мектепте кешкі уақытта және сенбі, жексенбі күндері тұрғындарға қоғамдық негізде тегін спортпен айналысуына жағдай жасалған. Ал, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 19751 бала шұғылданады. Бұларға қоса мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 22 246 бала мен жасөспірім спортпен тегін шұғылданып жүр. Облыста мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің саны — 150 мыңнан аса, оның ішінде тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны – 41997-ні немесе жалпы мектеп жасындағы балалардың 29%-ын құрап отыр.
Ауылдық жерде спортпен шұғылданушы мүгедек спортшының саны 165-ті құрайды. Мүгедек спортшылар арасында үш бірдей еңбегі сіңген спорт шебері, үш еңбегі сіңген жаттықтырушы бар, 25 спортшы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 84-і – спорт шебері, 236-сы спорт шеберіне үміткер,-деген Ернұр Есенбекұлы 76 спортшының Қазақстан Республикасы Ұлттық паралимпиадалық және сурдолимпиялық құрама қатарына енгенін жеткізді.
Айта кетерлігі, облыстың паралимпиадашылары жарады! Қоржындары жүлдеге толып, барған жерлерінен көк туды желбіретіп оралып жүр. Облыс намысын да, абыройын да асқақтатты. Жиын барысында белгілі болғаны, «Спешиал Олимпикс Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында ақыл-есінің дамуында ауытқушылығы бар 207 бала спортпен шұғылданады. Сонымен қатар, мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 200-ден астам бала бочча, суда жузу, шахмат, футболмен айналысып жүр.
Ұлтты танытатын ұлттық спорт
Отырыста кеңес төрағасы Сырымбек Сәрсембаев ұлттық спортты дамыту мәселесі мен спорт орталықтары мен мектептер салу мәселесімен қатар, ипподром салу жайын да сөз етті. Басқарма басшысының міндетін атқарушының айтуынша, дене шынықтыру мен спорттың жалпы санынан ұлттық спорт түрлерімен айналысатын адамдардың үлесін 8%-ға дейін ұлғайту жоспарда бар.
Ұлттық спорт түрлерімен айналысушылардың үлесі 8%, 21625 (70%) адам. Облысқа қойылған 8% тапсырма орындалған көрінеді. Мемлекет басшысының ұлттық спорттың түрлерін дамыту, оның бойына қан жүгіртіп қолдауының көрінісі көңілге қонымды. Оны мына «орындалған тапсырмадан» байқауға болады.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды «халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтырудың негізгі элементі» деп сипаттаған еді. Ұлттық спорт дегеніңіз – ұлттық құндылық, ұлттық идеология. Үкімет тарапынан қолдау, қолпаштау болғанымен, әлі де ұлттық спорт инфрақұрылымы жағдайының жоқтығы, ат индустриясы секілді жолға қойылмай тұрған мәселелер барын айтпауға болмайды.
Аталған отырыста ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселесі де көтерілді. Білуімізше, бұл мақсатта мемлекеттік тапсырыс арқылы «Атырау облысы ұлттық спорт түрлері» ЖШС жұмыс жасайды. Онда көкпар, аударыспақ, құсбегілік, бәйге, жорға, теңге ілу, жамбы ату секілді спорт түрлерін дамытуға күш салынып жатқан көрінеді. Аталған спорт түрлері бойынша кәсіби түрде 56 спортшы қызмет көрсетеді.
Айтпақшы, биыл ұлттық спорт түрлерін бір орталықтан дамыту мақсатында «Ұлттық спорт түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Жиында ипподром (ұлттық спорт кешені) құрылысын бастау жоспарланып, жобалау жұмыстары жасалып жатқанынан хабардар болдық. Бұл нысандар үшін жер телімдері бөлінген. «Нәтижесінде, 2027 жылға дейін спортпен шұғылданушылардың үлесі 50%-ды құрайтын болады» деді Ернұр Есенбекұлы.
Келесі жылға жоспар қандай?
Осы жылы 5 спорт кешені қолданысқа берілгені белгілі. Иә, спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасын таба береді. Облыс көлемінде 23 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Атырау қаласындағы Дамбы ауылы мен Құрманғазы ауданының Нұржау, Исатай ауданындағы Ерғалиев ауылдарындағы құрылыстар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Мұнымен қатар, облыс орталығында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты үшін ғимарат, 12 000 орындық стадион және ипподром (ұлттық спорт кешені) құрылысын бастау жоспарланып жобалау жұмыстары жасалуда. «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі отырысында келер жылғы жоспарлар да сөз болды.
– Спортшылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуі үшін облыс құрамасын жылына кем дегенде 2 рет дәрігерлік бақылаудан өткізіп, дене дамуының жағдайын бақылауда ұстап, қажетті дәрумендермен, дәрі-дәрмекпен қамтып, жарақаттанулардың алдын алып және оларды емдеу үшін жағдай жасау қажет. Осы орайда «облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін» ашу жоспарланып отыр. Қаулы жобасы дайындалуда. Алдағы уақытта осы мәселені шешуге қолдау көрсету қажет болады.
Құрманғазы ауданы Көптоғай, Сүйіндік, Сафон, Жұмекен ауылдары, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Қоныстану, Сағыз, Исатай ауданының Исатай, Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдары, Махамбет ауданы Таңдай ауылдарындағы 10 спорт кешені құрылысын аяқтап, пайдалануға беру де келер жылдың еншісінде, — деді Ернұр Нетжанов
Атырау облысынан Олимпиада чемпиондарының шығуы үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Бұл – инфрақұрылым мен білікті мамандарды тарту, жас спортшыларды қолдау жүйесін дамыту, қаржылық мәселелерді реттеу, сондай-ақ мотивация мен заманауи дайындық әдістерін енгізу арқылы жүзеге аса алады. Болашақта Атырау да еліміздің Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін аймақтардың бірі болар деген үмітіміз бар.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА