«ҚИЫНДЫҚ – УАҚЫТША, ҰРПАҚ – МӘҢГІЛІК»

Өткенге көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел етек-жеңін жинаған шақта біздің аталарымыз бен әжелеріміз «Қантөгісте опат болған ерлеріміздің орнын толтырамыз!» дегендей ұранмен өмір сүріп еді. Сөйтіп, олар өмірге аз дегенде – сегіз-тоғыз, көбі он-он екі баладан әкелді. Өмірдің өзі көрсетіп бергендей, көп балалы шаңырақтың ұл-қыздары тату, қайырымды, кішіпейіл келеді. Өз үйлерінде бірін-бірі бағып, барды бағалап, жоққа шыдамдылықпен қарап үйренген олар тұрмыс құрғанда да қайын жұрттарымен етене араласып, соншалық жақын болып кетеді.

 

Қазіргі кездегі балабақша тапшылығы, жұмыс орындарының қысқаруы, жалақының төмендігі, баспананың жоқтығы – осындай сан алуан қиындықтар көп балалы болуды армандаған ерлі-зайыптыларға еш кедергі бола алмауда. Өйткені, олар қиындықтың уақытша екенін, ал ұрпағының өмірлік болатынын біледі. Айталық, биылғы он айда облыста 13 607 сәби дүниеге келген болса, облыс бойынша 21 205 әйел-ананың төрт және одан да көп баласы бар екен.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері – ағалы-інілі Әбдуәли мен Жетпісбай Мәтжанұлдары елге оралғаннан кейін үйленіп, өмірлік қосақтарымен ондаған ұл-қызды өмірге әкеледі. Бүгінде олардың өздері өмірден өтсе де, артында қалған ұрпағы әке еңбегімен келген бейбіт тірлік, жайлы тұрмыста шат-шадыман өмір кешуде. Туған Атырауымыздың қай түкпірінде де артына із қалдыруды ойлап, дүниеге бірнеше ұл-қыз әкелген ата-аналар аз емес. Солардың бірі – жылыойлық Айман Ақбердиева «Алтын алқа» иегері болса, оның қайын сіңлісі Жеміс Бижанова – «Күміс алқалы» ана. Ал, атыраулық Рәзия Алдабергенова – жоғарыда өзіміз сөз еткен соғыс ардагері Жетпісбайдың келіні, тоғыз баланың анасы.

Осыдан он шақты жыл бұрын оның өмірлік қосағы Орақбай жүрек ауруынан өмірден өтті. Шиеттей баламен жесір қалған Рәзия сол кезде қырықтан жаңа асып жатқан еді. Азаматынан қапыда айырылған кезде онда мүлде ес болмады. «Жалғыз өзім балаларды қалай жетілдіремін? Оларды қалай ел қатарына қосамын?» деген ойлар оны күндіз-түні мазалай берді. Жылдар жылжып, балалар өсе бастады. Қыздары тұрмысқа шығып, ұлдары үй болуды ойлады. Шаруашылыққа жаны жақын қос ұл – Нұржан мен Нұрлан әкеден қалған баспананы өз қолдарымен кеңейтіп, қиналып қалған үйді барынша тіктеуге тырысты. Өздерінен кейінгі бауырларына қамқор болып, соларды ержеткізуге көбірек көңіл бөлді.

Иә, көп балалы отбасылар, шүкір, ауылда да, қалалық жерде де баршылық. Көбіне баспасөз беттерінде балалары бірнеше жоғары оқу орнын бітіріп, ғалым, атақты спортшы, өнер қайраткері болған шаңырақтар ғана мадақталып жатады. Керісінше, ешқандай атақ-даңққа қолдары жетпеген қарапайым ғана көп балалы отбасылар ескерусіз қалып қояды. Соның ішінде, Рәзия сияқты жесір қалып, шиеттей баланы жетілдіріп, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйреткен аналар  да бар. Әрине, мұндай аналар да жылы сөз бен үлкен мақтауға әбден лайық!

Өмірге жеті бірдей қызды әкелген Рәзия: «Аталарымыз айтқандай, «Қыз деген – қызыл алтын. Кеңшілік кезде – гүлзарың, қиналғанда – жәрдемшің, ауырғанда – күтушің». Олай болса, балаларды бөле-жармайық. Бәрі де Тәңір сыйы!» – дейді. Дұп-дұрыс сөз, ешқандай алып-қосарың жоқ.

Лиза  ШАЙХАШҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз