Жастар – таза қала үшін!
Атырау қаласында «Жастар рухы» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының бастамасымен «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды.
Акцияға университет пен колледждің отыз шақты белсенді жасы қатысты. Іс-шара барысында командаға бөлінген жастар «Алмагүл» шағынауданындағы тұрғын үйлердің маңын қоқыстан тазартты.
Қоғамдық бірлестік төрағасы Абылай Құрметұлы «Таза бейсенбі» акциясы қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, тазалықты сақтау мақсатында өткізіліп отырғандығын айтты.
– «Таза бейсенбі» акциясы республика бойынша өткізілуде. Акцияға «Жаңа жастар» еріктілер тобы, жастар мәслихатының жастары да қатысып жатыр. Бұл іс-шара облыс көлемінде де ұйымдастырылуда. Осы арқылы әсем табиғатымызға қамқорлық танытуды көздейміз. Сондай-ақ тұрғындардың қоршаған ортаға деген оң көзқарасын қалыптастыруды да мақсат тұттық, — деді А.Құрметұлы.
Акцияға қатысқан жастарға тазалық жұмыстарынан соң тәттілер үлестіріліп, олар ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор