Қызмет көрсетуде жаңалық көп

Қызмет көрсетуде жаңалық көп Жаңалықтар

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Қазпошта» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының басшысы Бауыржан Өтепбаев және баспасөзге жазылу бөлімінің меңгерушісі Марианна Кимнің журналистермен жүздесуінде айтылды. Яғни, республика бойынша газет-журналдарға жазылушылардың саны жөнінен мұнайлы мекен алғашқы үштіктің сапында екен.

%d2%9b%d1%8b%d0%b7%d0%bc%d0%b5%d1%82-%d0%ba%d3%a9%d1%80%d1%81%d0%b5%d1%82%d1%83%d0%b4%d0%b5-%d0%b6%d0%b0%d2%a3%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d2%9b-%d0%ba%d3%a9%d0%bf

Жалпы, бүгінде пошта қызметі хат-хабар таратумен ғана шектелмейді. Қазіргі күн талабына орай өзіне тың міндеттер жүктеген құрылым замана көшінен қалмауға тырысуда. Жергілікті ақпарат құралдары өкілдеріне тың бастамалардың тұсаукесер рәсімін жасаған атыраулық «Қазпошта» өкілдері біраз жаңалықты жайып салды. Оның бәрін тізбелеп айтудың қажеті жоқ та шығар, тұтынушылар мезгілінде өздері көріп, бағасын берер. Әйтсе де, бір жерден екіншісіне жіберілген сәлемдеменің қай маңда екендігін  үйде отырып-ақ қадағалауға болатындығы қызықтырды. Сонымен қатар, біртіндеп пошта индекстері жаңартылмақ. Өзге де оңды өзгерістердің өмірге келуі жоспарланған.

Әйтсе де, әрине, журналистерді баспасөзге жазылу мәселесі көбірек қызықтырды. Қазір шекесінен шертіп тұрып үш мыңнан аса газет пен журналды таңдауға мүмкіндік бар. Каталогтың электрондық үлгісі шыққан. Мерзімді басылымды келісім бойынша үйге де, қызмет орнына да жеткізіп беруге болады. Ақырында, үйде отырып-ақ post. kz порталы арқылы келесі жылдың ұнатқан басылымына тапсырыс бере аласыз. Бұл да – бүгінгі күннің жағымды жаңалығы.

Жалпы, республика бойынша соңғы бес жылдың қорытындысын сараптағанда барлық жерде газет-журналдар таралымы азайғаны байқалады. Бұл үрдіс Атырауды да қамтыған. Рас, қазір мұнайлы мекенде әр 1000 адамның 188-і мерзімдік басылымды алдырады екен. Демек, республикалық орташа көрсеткішпен салыстырған едәуір жоғары. Дегенмен, бұдан екі жыл бұрын облыс бірінші орынды берік ұстаған-ды. Енді сол деңгейді ұстауға не кедергі?

Пошта қызметкерлері мұндай ахуалдың қалыптасуының бір себебін  электронды ақпарат құралдарының көбейгенімен түсіндіреді. Әйтсе де, мерзімдік басылым рөлі ешқашан төмендемек емес. Дейтұрғанмен, журналистер пошта қызметіндегі кейбір түйткілдерді де сөз етті. Соңғы екі жылда пошта қызметі қымбаттағанымен, сапасына әлі сын бар. Мәселен, күнделікті газеттер жазылушыларға мерзімінде жеткізілмейді. Рас, облыстық филиал жоспарында жаңадан 40 көлік сатып алу бар екен. Демек, тасымалдау қызметі жақсарады. Тағы бір мәселе – пошташылар жалақысы. Әсіресе, қатардағы хат тасушылар еңбекақысы елеулі емес. Келешекте оны көтеру мақсатында әркімге еңбегіне қарай төлеу тәсілі енгізілмек. Ал, түрлі түйткілдер туралы 36-62-93 телефонына хабарласуға болады.

Ақырында, облыс бойынша мерзімдік баспасөзге жазылушылардың көш басында «Атырау» газеті тұрғандығын айтқымыз келеді. Бұрын да аймақта  таралымы көп басылым алда да оқырманын жоғалтпайды деген сенімдеміз. Сіз де бізбен бірге болыңыз! Жергілікті газеттерге жазылу мерзімі 2016 жылы 25 желтоқсанда аяқталады.

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз