Жайық өзенінің оң жағалауы жаңғыртылуда
Атырау қаласында Жайық өзенінің оң жағалауында қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұрын тасқынға қарсы бөгет салу кезінде ауыр техниканың қозғалысынан бүлінген тастар мен жантайған темір қоршаулар қайта жөнделуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір мердігер компания бүлінген аумақты толық жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Жөндеу барысында қоршауларды дәнекерлеу, гранитті тастар мен төсемтастарды ауыстыру, жүгіру жолағының резин төсемін жаңарту, жарық шамдарын орнату жұмыстары атқарылуда.
Жалпы, 7 шақырымға жуық жағалау аумағы жаңғыртылмақ. Жоба жұмыстарының толық аяқталуы осы жылдың соңына жоспарланған.
Айта кету керек, бұл жобаны «BS» ЖШС мердігер компаниясы жүзеге асыруда. Қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде жағалау қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналады деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА