АТЫРАУДЫҢ АЯЛДАМАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ ШУ ШЫҚТЫ

izobrazhenie 2022 06 16 010927111 Шаһар шырайы

Атыраулықтар қысы-жазы жалпы құны 115 миллион теңге тұратын жабық үлгідегі аялдамалардың игілігін көре алмай жүр. 2019 жылы әкімдік осындай 9 аялдаманы ресми түрде ашып, суықта жылытамыз, ыстықта суытамыз деп қатты жарнамалаған еді. Содан кейін тағы бірнеше ғажайып павильондар сатып алынды.

Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, бұл аялдамаларда тегін Wi-Fi желісі, смартфондарды қуаттауға арналған USB порттары, сондай-ақ полицияның Жедел басқару орталығына «сурет» шығарып беретін бейнебақылау камералары қарастырылған. Өкінішке орай, Wi-Fi 2019 жылдан бері жұмыс істемейді, бақылау камералары да солай.

Қазіргі уақытта аялдамалардың көбінде салқындатқыш жұмыс істемейді, ал кейбірінің есіктері құлыптаулы.

 – Аялдаманың іші тымырсық, монша секілді.  Одан да автобусты самал желмен көлеңкеде күткен жақсы, – дейді  жолаушы қала тұрғыны Меруерт.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде қала аумағында қалалық ТКШ балансына кіретін осындай 22 жабық аялдама бар. Оның 6-уы коммерциялық мақсатта пайдалану үшін сенімгерлік басқаруға берілген. Қалған 16 жабық аялдаманы «Арнаулы автобаза» ЖШС мекемесі күтіп ұстайды.

  • – Жұмысшыларымыз аялдамаларды аптасына 3 рет, кейде күн ара жуып, әйнектерін сүртіп, ішін тазартып отырады. Одан бөлек, кешкі 21:00-де аялдамалардың есіктерін кілттеп, таңертең 06:00-де ашып отыратын арнайы қызметкер бекітілген. Ал салқындатқыштар жұмыс істемесе, оны жөндеуді қалалық ТКШ бөліміне хабарлаймыз, – дейді «Арнаулы автобаза» мекемесінің бөлім басшысы Гүлшара СКАКОВА.

Жұмыс істеп тұрған салқындатқыштарды іздеп, жабық павильондарды әдейілеп аралап шықтым. Исатай Тайманов аялдамасында салқындатқыш жұмыс жасап тұр екен, ішкі температура 28,5 градус. Бұл павильон жеке кәсіпкерге тез тағам үшін сенімгерлік басқаруға берілген екен. Бірақ қазір бизнес жұмыс істеп тұрған жоқ.

Әуезов көшесіндегі «Мектеп» аялдамасында салқындатқыш жұмыс істемейді, қарсы бетіндегі аялдаманың есігі құлыптаулы.

«Дина» базары маңындағы жабық аялдама есігінің, терезесінің әйнектері сынған. Салқындатқыш жұмыс істемейді.

Вокзал аялдамасында да осындай жағдай. Есігінің әйнектері мен термометрін сындырып кеткен.

– Аялдамаларға қазір техникалық байқау және салқындатқыштарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, жақын арада іске қосылады, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ауа райы болжамына сәйкес, Атырауда маусым айының соңында аптап ыстық күтілуде. Оған дейін салқындатқыштар жөнделіп қалар.

azh.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз