Жарнама
Шаһар шырайы

«ТОЛҒАН ЕЛ ТАРИХЫН ТАСПЕН ЖАЗАДЫ»

 

Нұрлыбек Жұмахметұлы алдымен ардагерлерді мерекемен құттықтап, алғысын білдірді.

— «Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел жаспен жазады» дейді. Қаншама қилы заман өтсе де, ел орнында, жер орнында. Бүгін қаланың іргетасы қаланғанына 375 жыл толып отыр. Осыған орай, Әзірбайжан Республикасының Ширван қаласынан атқарушы билігінің басшысы Мардан Джамаловтан, халық қалаулылары – Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарынан, Ақтөбеден кезінде қала басшысы болған Манас Тасыбаев және тағы да басқа азаматтардан құттықтау жеделхаттар келіп түсуде, — деді ол.

Осыдан соң сонау қиын-қыстау кезеңде жоқтан бар жасап, еңбек еткен, бүгінде Атыраудың абыз ақсақалы атанып отырған Есен Тасқынбаев сөз алды.

 — Бұл мереке тойлау үшін ғана емес, тарих тереңіне бойлау үшін де керек. «Жеті атасын білмеген жетесіз» демекші, қазір тарих пен тағылымға жете мән беруіміз қажет. Баяғы балшыққа белшесінен батқан Үйшік тәуелсіздік тұғырындағы жиырма төрт жылда ару Атырауға айналды. Қазірде қала халқы 300 мыңға жуықтады. Бірнеше көпір салынып, жолдарға тегістей асфальт төселді. Шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның ең маңыздысы – қала аумағын қайта бекіту керек. Жайылып кеткен шаһар етегін жинауымыз керек. Екіншіден, апатты жағдайдағы үйлерден түгелдей арылатын уақыт жетті, — деді ол.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күрделі кезеңде мұнай және газ министрі болған Равиль Шырдабаев он жыл уақыт облыс орталығын басқарды. Ол еліміздегі алғашқы біріккен мұнай алыбы – «Теңізшевройлға» басшылық етіп, ел еңсесін тіктеуге өз үлесін қосты.

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге 1997 жылы Вашингтон қаласына барғаным әлі есімде. Онда Президент мені «мұнайлы астананың басшысы» деп таныстырған болатын. Ел байлығына айналған «қара алтын» бұрқағы алғаш Доссор жерінен атқылап, жылына 26 тонна мұнай өндірілсе, бүгінде ол көрсеткіш 80 млн. тоннаға дейін жетті. Есен ағамыз 1963 жылы «Ембімұнайгаздан» қала басшылығына келіп, ширек ғасыр қызмет жасады. Ол екі қабатты үйлерден басқа ештеңе салынбаған сол кездегі облыс орталығына драма театры ғимараты мен 1965 жылы орталық көпір салуды қолға алды. Ал, 1977 жылы басшылықты маған табыстады. Мен он жыл жасағаннан кейін бұл қызметті сол кездегі партком хатшысы  Нұрпейіс Мақашев жалғады. Партия қатарында болмаған азаматтар қалаға басшылық ете алмады, — дейді Равиль Тәжіғараұлы.

Осыдан кейін облыстың құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қаламыздың тарихи «Атырау» атауын қорғап қалған Нұрпейіс Мақашев, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қала басқарып, қазірде іргелі мұнай кәсіпорындарында елеулі еңбек етіп жүрген Жалғас Тікенбаев және қаланы басқарған, бүгінде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтар ақжарма тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар, салтанатты кездесуге көрші аймақтан Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев бастаған бір топ делегация мен қаламыздағы ірі кәсіпорындардың басшылары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

— Орал мен Атырау қалалары бір шара өткізіп немесе бір мәселе көтеретін болса, ешқандай меморандум жасаспай-ақ іске дереу кірісіп кетеді. Бұл көршілес аймақтар арасындағы байланыстың едәуір тығыз екендігін білдіреді. Күні кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай екі аймақ тарихшылары өзара кездесіп, экспедиция құрамдары бас қосты, ел тарихының ақтаңдақ беттерін ашты. Міне, осы игі істер жалғасын таба бергей, — деген тілегін жеткізді М.Сатыбалдиев. Соңында қонақтарға құттықтау хат пен мерекелік сыйлықтар үлестіріліп, естелікке суретке түсті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button