Жарнама
Шаһар шырайы

ТЕМІРЖОЛ КӨПІРІ ҚАЙТА САЛЫНАДЫ

Енді осы теміржол көпірі қайта салынып, жолдар кеңейтілетін болады. Әңгімені әріден қозғасақ, Атырау облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы арасындағы келісімге сәйкес, қала шетіндегі теміржол көпірін қайта жаңартуды жүзеге асыру жоспарланған болатын. Осы жұмыс аясында енді, біріншіден, теміржол көпірі қайта салынады. Екіншіден, көпір астындағы автокөлік жолы кеңейтіледі, ал, үшіншіден, Атырау станциясы басында тартымдық жол салынады. Аталған жұмыстар көп жылдардан бері шешілмеген күрмеулі мәселені тарқатуға мүмкіндік бергелі тұр.
Облыс әкімдігінің көпірді биіктетіп қайта салу және жолды кеңейту ұсынысын «ҚТЖ» компаниясы мақұл көріп, нәтижесінде осы жұмыс бүгінде басталып кетті.
Бұл жұмыстарды «Жамбастау-НС» ЖШС бас мердігер ретінде жүргізіп жатыр. Серіктестік жабдықтаушысы Шакир Имировпен бірге барып, құрылыс барысымен танысқанымызда, күн жылысымен басталған жұмыс қазір қызу жүріп жатқандығының куәсі болдық. Жүздеген машина құм төгіліп, ол әр 30-40 сантиметр сайын нығыздалып, темір жол құрылысының басқа да барлық технологиялық процестері сақталып жүргізілуде. Бұрынғы көпір бұзылып, қайта салынатын болғандықтан, пойыз тоқтамас үшін сол тұстан уақытша айналма теміржол көпірін салуға тура келеді. Мамандардың айтуынша, бұл теміржол көпірінің ұзындығы – 350 метр шамасында. Қазірде көпірді екі жағынан қосу үшін төгілген үйіндінің биіктігі 5 метрдей болады. Ұзындығы бес жүз, биіктігі 5 метр болуы үшін қаншама көлік құм, топырақ, щебень, рельс, темір-бетон негіздемелер, басқа да құрылыс материалдары керектігін айтып жатудың қажеттігі болмас.
Ал, көпірдің астынан өтетін автокөлік жолы екі бағытта екі жолақты болады, бұл көлік кептелісін туғызбауға және жүк машиналарының көпір астынан еркін өтуіне жағдай туғызады. Жаңа көпір құрылысы аяқталған соң, айналма көпір үшін уақытша салынған теміржолдың бір бөлігі Атырау станциясының тартымдық жолы ретінде қалдырылады. Бірақ, көпір салушылардың айтқанындай, Доссор-Мақат-Құлсары-Бейнеу автожолының уақытша жабылуы қала тұрғындары, автокөлік иелері мен сол бағытта жүретін жолаушылар үшін біраз қиындық та келтірері сөзсіз, өйткені олар қала сыртындағы айналма жолмен (Элеваторный көшесі жағымен) жүруі тиіс. Ал, пойыз көпір арқылы сол бұрынғы қалпынша, бірақ жаңа жолмен тек сәл қиыстап қана өтеді. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, аталған жұмыстардың аяқталу мерзімі тамыз айына дейін деп белгіленіп отыр.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button