Шалғайдағы елде шешілмеген шаруа көп
Бүгінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары елге шығып, жұртшылықпен жүздесуде. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырауға жұмыс сапарын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар жолдың құрылысымен танысудан бастады.
Одан соң сенатор Исатай ауданында болып, ондағы Қызылүй, Жасқайрат ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Оларды Парламент сессияларында қаралып, қабылданған заң жобалары жөнінде жан-жақты хабардар етті. Ғұмар Исламұлы Атырау облысындағы өзекті мәселелер туралы Үкімет басшысына бірнеше сауал жолдағанына тоқталып, атқарылған жұмыстарды да таныстырды.
Сенатор мамыр айында келгенде, қос ауыл тұрғындары елді мекенге табиғи газ құбырын тарту туралы мәселе көтерген болатын. Ғұмар Исламұлы осыған байланысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловпен кездесіп, мәселенің шешімін табуына ықпал еткенін жеткізді. Қазір қажетті қаржы бөлініп, тендер өткізілген. Мердігер кәсіпорынның анықталмауы салдарынан жұмыста кідіріс болып тұрғанын жасырмады.
Құмдағы ауылға – «көгілдір отын»
Биыл Атырау облысындағы 8 елді мекенге газ желісін жүргізу мүмкіндігі туып отыр. Бұған қазынадан 4 миллиард теңге бөлінетін болыпты. Оның 2,8 млрд. теңгесі – республикалық, қалған 1,2 млрд. теңгесі облыстық бюджеттен бағытталады. Соның 300 миллион теңгеден астамы Исатай ауданындағы Қызылүй мен Жасқайрат ауылдарына тартылатын «көгілдір отын» құбырының құрылысын бастауға қаралыпты. Ендігісі – мердігермен мәмілеге келіп, жұмысты кешіктірмей бастап кету.
Депутаттың Исатай ауданындағы сапары одан әрі Жанбай ауылдық округінде жалғасты. Ол осындағы «Қызтуған» учаскесінде орналасқан «Шағала Атырау» ЖШС-нің әлі іске қосыла қоймаған балық өнімдерін өңдеу цехының жағдайымен танысты. Түйткілді мәселе шешіліп, кәсіпорын жұмысын бастап кетсе, 80 адамды жұмыспен қамти алады. Әйтсе де, «су маржанын» аулауға тиесілі лимит қолға тимей, кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіріп отыр.
Сондай-ақ кездесуде жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жем-шөп қорын дайындау, канал суының арнасын толтыру, қуаңшылық пен құрғақшылық әкелген қиындықтар төңірегінде көп мәселе көтерілді. Халық қалаулысы олардың барлығын да назардан тыс қалдырған жоқ. Ғұмар Дүйсембаев аудандағы жайылымдық алқапты сумен қамтитын, мемлекет меншігіндегі Нарын каналын күрделі жөндеуден өткізу жайымен де танысты.
Шекара шебіндегілер неге алаңдайды?
Сенат депутаты Құрманғазы ауданында жалғасқан сапарында орталықтан шалғайдағы Асан, Азғыр, Балқұдық және Сүйіндік ауылдарының тұрғындарымен жүздесті. Мұнда да ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған жайлар аз емес екен.
Мысалы, Азғыр өңірінің тұрғындары Балқұдық ауылынан Ресейге қарай кететін мемлекеттік шекарадан оңайлатылған тәртіппен өту мүмкіндіктерін қарастыру жайын қозғады. Қазір бұл жерде пандемияға байланысты тәртіп пен талап күшейіп тұр. Осы өңір тұрғындары шекарадан белгілі бір (шектеулі) уақыттарда ғана, талапқа сәйкес тек жеке көлігімен (30 келі жүкпен) өте алады. «Жедел жәрдем» көлігіне ғана кедергісіз өтуге рұқсат берілген. Ал, ауыл тұрғындары іргедегі елдің шүйгін шөбі мен сапалы құрылыс тауарларын арзан ақшаға сатып алып, жүк көлігімен жеткізгенді жөн көреді. Сенатор бұл мәселе екі елдің сыртқы істер министрліктері, Үкімет басшылары арасында да қаралып жатқанын баяндады.
Сүйіндік ауылындағы кездесуде жергілікті тұрғындар Ғұмар Исламұлына аудан, облыс орталығынан қашық елді мекенде азық-түлік бағасының аспандап кеткені, ауыз судың тапшылығы туралы ашық айтты. Жерасты тұщы су көзінің ашып бара жатқаны келешекте бұл ауылға сапалы ауыз су керектігін аңғартып отыр. Оған қазірден бастап жұмыстанған жөн.
Айтпақшы, Сүйіндікке газ құбыры жеткізілген, әр үйге есептегіш те қойылған. Алайда, газдың ақшасын алатын мекеменің тұтынған газ төлемін уақытында алмауы да жұртшылықты алаңдатып отыр. Ауыл тұрғындары қомақты соманы бірден төлей алмай қалудан қауіптенеді.
Аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан Азғыр өңіріне жеткізетін жолдың сапасы да сын көтермейді. Дегенмен, кейінгі кезеңде жол құрылысын салуға көңіл бөлініп, жобалар қолға алынып жатыр. Құрылыс басында жүрген мамандармен кездескен сенатор Ғұмар Дүйсембаевқа жол салушылар күз бен көктем кезінде қиындық туғызатын табиғи сортаң жол учаскелеріне малта тас төсеп, барынша сапалы жасауға жұмыстанып жатқанын айтты. Сөйтіп, жақын арада Азғырға дейін қатқыл табанды жолмен жетуге мүмкіндік туады.
Кеңес дәуірінде Азғыр полигоны аймағында қалған Я-13 немесе «Ява» қондырғысы да сенатор назарынан тыс қалған жоқ. Ғ.Дүйсембаев осы ауданда болған кезде мамандармен кездесіп, жергілікті адамдарға залалын тигізбеу қажеттігін қаперге берді.
Алты ауылға – табиғи газ
Қызылқоға ауданындағы негізгі проблемалар Сағыз, Мұқыр өңіріне тән. Осы өңірге арнайы барып, өзекті мәселелерді көзбен көрген сенатор сайлаушылар тарапынан қойылған сауалдарды да жауапсыз қалдырмады. Ғұмар Дүйсембаев Жамансор елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауылішілік жолдың құрылысымен танысты. Сосын республикалық «Атырау-Ақтөбе» тасжолын салып жатқан «Ақжол» компаниясының базасына барды. Компания өкілдері сенаторға тасжол биылғы жылдың аяғына дейін бітетінін, қазір көпірлердің құрылысы жүріп жатқанын жеткізді.
Сенатор Ғұмар Дүйсембаев одан әрі Кенбай, Тасқұдық, Қоңыраулы, Соркөл елді мекендерінде болып, халықпен кездесті. Кездесу барысында ол аталмыш аудандағы 6 шағын елді мекенге көгілдір отын тарту үшін 300 миллион теңге шамасында қаражат бөлінгенін, құрылыс биыл басталып, келесі жылы бітетінін айтып, тұрғындарды қуантып тастады.
Мұқыр ауылындағы төрт жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған мәдениет үйінің жай-күйін көзімен көрген сенатор спорт кешені мен ауылдық округ әкімдігінің ғимаратын салу жайына да қанықты. Бұл құрылыстарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салуға келісілген. Ал, Сағыз ауылдық округінде жергілікті ақсақалдармен кездесіп, ой-пікір алмасқан сенатор халықтың арасындағы тәлім-тәрбие мен береке-бірлікті нығайту шараларына күш салуға шақырды.
Дәулетқали АРУЕВ