АТЫРАУДА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР

Спорттың бокс түрінен ерлеріміз дүние жүзі бойынша үлкен жетістіктерге жетіп келсе, ендігі кезекте нәзікжанды қаракөз қыздарымыз да бұл спортқа бейімделіп, сүйіспеншілік танытуда. Осының айғағы ретінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай қан майданда жауға қаймықпай қарсы тұрып, ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен КСРО батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Халық  қаһарманы  Хиуаз  Доспанованы еске алуға арналған бокстан қыздар мен әйелдер арасында халықаралық турнир өтуде.

 

Театрландырылған көрініспен басталған жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан дүниежүзінің әр түкпірінен келген боксшы қыздар мен жаттықтырушыларға «қош келдіңіз» айтып, сәттілік тіледі.

Аталмыш дода Әзербайжан, Польша, Тәжікстан, Ресей, Марокко елдері мен қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің басын қосты. Ал, облысымыздың абыройын спорт шеберлері Алмагүл Шариева (49 келі), Назым Ищанова (60 келі), Ақмарал Шәмшиденова (69 келі) және Шынар Юлдашева (75 келі) қорғауда.

Халықаралық дода 23-інші қарашаға дейін созылады. Турнирдің қорытындысын газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялаймыз.

 

Бетті дайындаған Айгүл ЕРТІЛЕУ, суреттерін түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз