Жарнама
Шаһар шырайы

Қолтаңба

Конкурсқа

Әлем халқын мұнай өндірудегі толағай табыстарымен қызықтырған Теңіз  кеніші жылнамаларының тарихын  ақтарған сайын, алып жобаның алғашқы ұйымдастыру жұмыстары, өндірісті қалыптастырудағы қиыншылықтар, кешенді ашушылардың ерен еңбектері көз алдымызға қайта оралғандай.  Тұңғиығының сыры ашылмай келіп, кенет бүкіл әлемді алаңдатқан дәуір жобасының қанатын қағуына  өз қолтаңбасын қалдырғандар арасында Атырау облысының өркендеуіне зор үлесін қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Оңайбай Көшековтің де  зор үлесі бар. Ол құпиясы ұзақ жылдар зерттелген мұнайлы айдынның болашағы үшін КСРО –ның мұнай саласын басқарған басшыларымен бірге алғашқы күннен араласқан азаматтың бірі.

Munay-640x480

Теңіздегі алғашқы  бұрғылау жұмыстары 1976 жылдың 24 маусымында басталды. Арада үш жыл өткенде 1979 жылдың 19 желтоқсанында облыс орталығынан 150 шақырым жердегі 4054-4095 метр тереңдіктегі бұрғылау скважинасынан алғаш рет мұнай бұрқағы атқыланды. Ресейлік мұнайшы ғалымдардың болжамы расқа айналған соң СОКП Орталық Комитетінің Теңіз кенішін игеру жөніндегі № 522 қаулысы шығып, Құлсары аймағына жер-жерден білікті мұнайшылармен қатар, аса ірі көлемдегі қаржы, алып техникалар легі келіп жатты.

Жазы аптапты, қысы үнемі үскірік аязға оранған, айналасында тұщы су  көзі , табанды жол мен байланыс жүйесі жоқ жапан далада вагондар легінен дала қалашықтары тез бой көтергенімен, мұнайдың қысымы мен ыстығы өте жоғары: қабатаралық қысымы 830 кг/см және құрамында күкірттің үлес салмағы өте жоғары болғандықтан, күкіртке төзімді бұрғылау құралдарының жоқтығынан бастап, қыруар кедергілер қалыптасты.

Не істеу керек деген жауапсыз  сауалды арқалаған Мәскеуден бері қарайғы  әр түрлі деңгейдегі уәкілдердің келіп тоқтар төрі, Гурьев облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы Оңайбай Көшековтің кабинеті еді. 1985 жылы шілде айында КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасы Н.К.Байбаковтың  басшылығымен, Одақ Министрлері В. Диньков, Козловский, Чирсков және Республика Министрлер Кеңесі төрағасы Н.Назарбаевтардың  қатынасуымен өткен кең көлемдегі мәжілісте ірі жобалы кеніштің тағдыры жатқан болатын. Барлық ведомоства басшыларынан кейін, трибунаға  көтерілген облыстық партия комитеті бірінші хатшысы О.Көшеков : « Бұрғылау қондырғыларының жоқтығынан бастап , Маңғыстау-Қиғаш су құбырын кенішке қарай бұру проблемаларын шешу мөмкін еместігін ашық айтты. Ол сондай-ақ осы сынды Астрахань зауытын  салмас бұрын, үш жыл бойы әлеуметтік және өндірістік инфраструктураларды дайындап алып, Астрахань қаласынан 165 мың.кв.м тұрғын үйлерді салғанын мысалға ала келіп, бұл кенішті Одақ арқылы ғана  шешу керек деген батыл шешімін айтты. Бұдан соңғы СОКП Орталық Комитетінің аппаратына облыс басшылығы атынан жіберілген арнайы қызметтік сұраныстар да өз жемісін әкелді. Бүкіл Одақ бойынша жиылған құрлысшылар көмегімен Құлсары-Теңіз автомобиль  тас жолы салынып,  Қапшағай көлшігі арқылы  Қиғаш-Маңғыстау су құбырынан таза су жүйесі әкелініп, Теңізден Венгрия құрлысшыларының қатынасуымен  қалашықтар құрлысы қарқын алды.Теңіз кенішінің алға өрлеуіне ашық көзқарас білдірген  Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасы Н.К.Байбаков, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрі Н.А.Мальцев және Қаз.КСР Министрлер Кеңесі төрағасы Н.Ә.Назарбаевтардың орасан зор ықпалы болды.

Көш керуені  енді ғана  түзеле бастаған сәтте , 1985 жылдың 24 маусым күні  № 37 скважинадан осы уақытқа дейінгі ең үлкен техногендік апат орын алды. Бұрғылаудың аралығы  4465-4467 метрі кезіндегі ақырғы екі метр қалғанда, бұрғылау барысындағы механикалық жылдамдық 1,5-2,0 артқан кезінде қолданылатын судың тез сіңіп кетуі байқалып, мұнай мен газ аралас сұйықтық 150-200 метр биіктікке дейін атқылай бастады. Кенішке жақын орналасқан Сарықамыс мұнайшылар ауылы бағытында мұнай мен газ араласы ауаға тарап, өткір, жағымсыз иіс пайда болды. Сол аймақта орналасқан қоймалар, өндірістік техникалар, қондырғылар мен құрылғылар жарылып, отқа оранды. Көршілес орналасқан селолар арасында үрей туындады.  Мәскеуден шұғыл апаттың алдын-алу штабының жетекшісі , КСРО  Мұнай Министрінің бірінші орынбасары В.И.Игревский ұшып келді. Апатты ауыздықтауға Мәскеу, Грозный, Баку, Волгоград және Киев қалаларынан білікті мамандар шақыртылды.  Бір жыл бойына созылған апат 1986 жылдың 27 шілдесі күні құрықталды.  Бұл апатқа қарсы күресте  тек мұнайшы инженерлер мен білікті мамандардың ғана емес, жалпы халықтың шыдамдылығы ерекше көрініс берді.  Олардың арасындағы түсінушілік , насихат жұмыстарын атқаруда жергілікті билік өкілдері атқарған нәтижелі істің басында облыс басшысы О.Көшекұлының аяқтай жүргені әлі күнге көпшілік жадында.

1985 жылы Теңіздегі мол өнім беретін 25 мұнай қондырғысы дайын болғаннан соң, «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Бір жылдан соң, кеніштің мұнай қорының бірнеше жылдарға жететіндігі жөнінде нақты тұжырым жасалынып, кенішке «мұнайлы теңіз» деген баға беріледі. Осы кезде қазақстандық басшылар алып  өндірісті игеру шетелдік ғана компаниялар қолынан келетіндігіне сенім білдіріп, АҚШ–тың «Шеврон» мұнай компаниясымен келісім шартқа қол қояды. «Теңізшевройл» қазақ –американ бірлескен кәсіпорны құрылған соң, газ өңдеу зауыты іске қосылып, барлық ұнғымалар күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнай өндіру ісі өз ырғағын тапты.

Барлық ғұмырын облыс экономикасының қарышты дамуына арнаған Оңайбай Көшекұлы өз естеліктерінде,  кеніштің бастапқы жылдардағы шешімсіз түйіндерін тек Одақтық дәрежедегі басшыларсыз  шешілуі мөмкін емес екендігін түсінгеннен  соң,  Мәскеу төңірегінен үкімет басшылары арасынан беделді тұлғамен танысуды мақсат еткенін жазады.  Қазақстан Министрлер Кеңесінің КСРО Үкіметі жанындағы Тұрақты Өкілі Өтешқали Атамбаев ел мүддесі үшін жүгіріп жүрген Көшековті талай сыннан өткен тәжірибелі министр, 25 жыл бойы Жоспарлау комитетін басқарған абырой иесі Николай Константинович Байбаковпен таныстырады.  Алдына барсаң кішіпейіл, сұраныс танытсаң сауда сарсаңға салмастан  қолғабыс беретін азаматпен жолдастық байланыс үлкен қиындықтардан нәтижелі іске көшудің түйінін шешіп берді.  Осы бір ғана мысал Теңіз үшін тер төккен Оңайбай Көшекұлының әр нәрсені де ақылға салып, шешетіндігінің бір ғана айғағы. Осындай да ойыңа , мемлекет және қоғам қайраткері  С.Мұқашевтың «Ақылды кісінің өзі де ақылға мұқтаж болады» деген тұжырымдары оралады. Ел үшін жасалған осындай өлшеусіз еңбектің қайтарымы болатынындай, облыстың бірінші басшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты О.Көшекұлы 1985 жылы Ленин орденімен марапатталды.

Отыз жылдан астам уақыт мұнай селін ағызып, әлем халқының дәулетіне айналған теңдесі жоқ Теңіз тасқыны дәуірлеп бара жатыр. Бүгінде Теңіз қалашығындағы сан ұлттар өкілдері бірлесе атқарып жатырған өлшеусіз еңбек майданының түп тамыры, алып жобаның алғашқы түлеуіне қатынасқан ұрпақтың маңдай терлі еңбегінен құралғаны сөзсіз.  Сол ортадан аймағымыздың кемеңгер тұлғасы Көшековтің де туған жеріне қалдырған айшықты қолтаңбасы жарқырай көріне бермек.

 

                                   Сайпеден Сидағалиев

Қазақстан Жазушылар Одағы мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button