Орталық көпір жөндеуге жабылады
Орталық көпірге күрделі жөндеу биыл басталады.
Бүгін Мемлекеттік сатып алу аясында Ашық конкурс жарияланды, оның қорытындысы 4 мамырда белгілі болады.
Қазіргі көпірдің жағдайын ескере отырып, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында бірден екі жоба таныстырылды – көпірді күрделі жөндеу және оны қайта құру. Нәтижесінде қалалық мәслихат депутаттары 5 ай жұмыс мерзімімен күрделі жөндеу жобасын бірауыздан қолдады. Себебі жаңа көпір салу мерзімі 35 айды құрайды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, бүгінгі таңда орталық көпірдің жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып болған. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 920 млн. 488 мың 988 теңгені құрайды.
«Көпірді күрделі жөндеу орталық көпірді траверспен үш метрге кеңейтуді көздейді. Азия мен Еуропаны қосатын жылу желілері мемлекеттік сараптама талаптарына сәйкес бөлек болуы керек. Сондықтан құбырға арналған және жарықтандырумен жеңіл металл конструкциясы әзірленуде және автожол көпірінен тыс технологиялық көпірді жобалау туралы шешім қабылданды. Осы жобаны іске асыру мақсатында мемлекеттік сатып алу шеңберінде Ашық конкурс жарияланды, оның қорытындылары 2022 жылғы 4 мамырға белгіленген.
Қала тұрғындарына қолайсыздық туғызбау үшін көпірдің жабылуы туралы барлық ақпарат қозғалыс картасымен алдын ала ұсынылады», – деп қорытындылады ТКШ.
«ATPress.kz»