Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Өркениетке бастайтын өзгерістер

Атырау өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Каспий өңірі қазіргі заманғы колледжінің оқытушыларымен, студенттерімен кездесу өткізді.

Депутаттар – ел ішінде

Басты мақсат –  Мемлекет басшысының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Қазақстан халқына жариялаған Үндеуіне байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістердің жобасымен  және «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру, кеңінен таныстыру.

— Қазір заман өзгерді, қоғам жаңарды. Соған байланысты қазақ елі де бұрынғы жүйемен қалмай, жаңаша бағытқа бет бұруымыз керек. Елбасы халыққа арнаған Үндеуінде осы мәселеге баса мән берді. Конституция – барлық Заңдардың атасы. Үкіметтік қаулылар Ата Заң негізінде жасақталады. Осы тұрғыда алғанда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары жұмыстарының нәтижелілігін, тиімділігін, тепе-теңдігін, жауапкершілігін арттырады деген үміттеміз,- деді Сәрсенбай Құрманұлы.

Депутаттың айтуынша,  Конституцияның 18 бабына толықтырулар мен өзгеріс енбек. Бұл – тоғыз бөлімнің сегізін қамтиды деген сөз. Соның ішінде өзгерістер адам және азамат, Президент, Парламент, Үкімет, Конституциялық кеңес, Сот және сот төрелігіне, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы баптарға қатысты болмақ. Ал, тоғызыншы бөлімде қорытынды, өтпелі кезең деп көрсетілген.

Жеке-жеке тоқталар болсақ, «Президент» деген бөлімінде Елбасы өзінің жекелеген кейбір өкілеттіктерін Үкіметке (министрліктерге), Парламентке бөліп беруі айтылған. Ендігі кезекте, Премьер-министр Үкіметтің құрылымын Президентке ұсынбас бұрын, Мәжілістің талқысына салады. Сонымен қатар, Үкімет  орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады. Бұрын бұл билік Президенттің құзырында ғана болып келген еді.

Депутаттар – ел ішінде+1

Елбасы Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін дербес тағайындайтын болады. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саладағы кейбір мәселелерін де Үкімет қарамақ. Демек, министрліктер өз тарапынан Елбасының нұсқауынсыз мәселелерді шешіп, мемлекеттік бағдарламаларды қабылдап, іске асыра береді.

Жаңа жобаға сәйкес, Заңдар Парламенттің ағымдағы сессиясында қабылданатын болады.  Сондай-ақ, Үкімет мүшесін қызметінен босату үшін палата депутаттарының үштен екісінің дауысымен Президентке ұсыныс берілсе, онда Президент министрді қызметінен босатуы тиіс. Заңдағы бұл өзгерістер Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігін күшейтпек.

– Толықтыруға орай, жеке меншік құқығына кепілдік беретін бөлімде «Қазақстан Республикасы азаматтары» деген сөйлемді «Әркім» деген сөзбен ауыстыру ұсынылып отыр. Яғни, әркімнің заңды түрде алған заңды меншігіне тиісуге болмайды. Оның құқығына мемлекет кепілдік береді. Өйткені, Қазақстан – қазір ашық мемлекет. Еліміздің экономикасының дамуында жеке кәсіпкер-ліктің алатын орны зор. Нарықтық экономиканың негізі болып табылатын жекеменшікке берілетін кепілдік нығая түседі. Осы ережені енгізу арқылы елімізге сырттан келетін шетелдік инвесторларды қызметке тартуға, олардың көбірек келуіне жасалған мүмкіндік болмақ. Бұдан еліміздің экономикасы өседі,    халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарады деген сенімдеміз, — деді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

Одан әрі депутат Елбасының әр Жолдауы – мемлекет үшін басты құжат екендігіне тоқталды.

Кездесуге келген оқытушылар мен студенттер Конституцияға енгізілетін өзгерістерге орай өз пікірлерін де білдірді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Батыржан ҚИСАМЕДЕНОВ,

Каспий өңірі қазіргі заманғы колледжінің физика пәні оқытушысы:

«Нұрлы жермен» баспаналы болғым келеді

Күні кеше Елбасының халыққа арнаған Жолдауын оқып шығып, жастарға арналған тұстарын өзіме түртіп алдым. Расында, Жолдауда айтылған  «Нұрлы жер» бағдарламасы өте қажет. Он бес жылда аталмыш тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс   тапқан. Мен де осы жоба арқылы баспаналы болғым келеді.

Зылиха ДҮЙСЕКЕНОВА,

облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

«Жастар – Мәңгілік елдің ертеңі»

– 2017 жыл ел өміріндегі елеулі оқиғалармен басталып отыр. Соның ішінде Елбасының халыққа Үндеуі және «Қазақстан – 2050 стратегиялық жоспарын» орындауға арналған Жолдауы да бірден жұртшылықтың қолдауына ие болуда. Олай дейтініміз, Елбасы әркез сұңғыла саясатымен, көрегенділігімен болашақты болжап келеді.

Мемлекет басшысының әр Жолдауының тарихи маңызы бар. Әсіресе, биылғы Жолдаудың маңыздылығы біздің баршамызға Мәңгілік Ел болу жолындағы міндеттерді айқындауымен мәнді. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бағытталған басты, әрі негізгі бағдарымыз болып отыр. Осы бағытта ұстаздар қауымына жүктелер жұмыс та зор. Өйткені, олар – елдің ертеңін тәрбиелеп отырған жауапты мамандар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button