
Кептелістен қашан құтыламыз?
Бүгінде Атырау тұрғындарын көшелердегі кептеліс әбігерге түсірді. Қазір үйінен жұмысқа, жұмысынан үйіне жету үшін сағаттап жолда тұруға мәжбүр болғандар жөндеу жұмыстарының тезірек аяқталуын күтіп жүр. Ұзын-сонар кептелістен шаршаған жүргізушілердің жанайқайы әлеуметтік желіден де жиі көріне бастады.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, біз орталық көшелердегі жол құрылысымен танысып, мамандармен тілдескен болатынбыз. Олар жұмыс белгіленген мерзімінде аяқталатынын, оған ешқандай кедергі жоқ екендігін айтып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, бүгінде Азаттық даңғылының 850 метр бөлігіне жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстары маусым айының 25-інде аяқталып, халық игіліне пайдалануға берілмек.
Жұмысқа жету мұң болды
Күн сайын мыңдаған көлік иесі өз шаруаларымен діттеген жерлеріне жетуге асығады. Бұл көшелер – өмірдің өз өрнегімен өрілген күретамыры іспетті. Алайда соңғы жылдары қала жолдарының сапасы сын көтермейтіндей жағдайға жетті. Көше бойында шұрқ-тесік көбейіп, жүргізушілерге қолайсыздық туғыза бастады.
–Қала көшелері жыл сайын жөнделгенімен қыстан кейін жағдай бұрынғы қалпына келетін. Ал биыл тұрғындардың жанайқайы елеусіз қалмай, күн жылынысымен бірқатар көшеде жол төсеу жұмыстары қарқын алды. Шаһарда төрт үлкен көшеде осындай шаралар жүргізіліп жатқандықтан, облыс орталығында кептеліс пайда болуы заңдылық. Ендігі тілегіміз осы жұмыстар белгіленген мерзімінде бітсе екен,-дейді қала тұрғыны, жеке кәсіпкер Асылбек Қадырбаев.
Үш кезеңге бөлінеді
Атырау қаласының орталығындағы Азаттық даңғылы – көлік қатынасының ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмірінің айнасы. Жылдар бойы көлік ағыны мен ауа райының әсерінен тозған бұл жолдың қайта жаңғырту жұмыстары биыл басталып, қала тұрғындарының үмітін оятқаны белгілі. Десек те, көшедегі кептелістің салдарынан үміттен гөрі күдігі басымырақ болып тұр. Біз осы мәселеге байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қосалқы мердігер компанияның өкілімен тілдескен едік. Сала маманының айтуынша, Азаттық даңғылының 2 километр 400 метр аумағы үш кезеңге бөліп жөнделеді. Әзірге құрылыс жұмыстары 850 метрде жүргізілуде.
–Жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі 5-маусымда басталды. Оған дейін жолдар қырылған болатын. Кейін жылу жүйесін қаздық. Осы кезде уақытша жол бойында жұмыс тоқтады. Алайда мұны көпшілік түсінбей, бізді сынға алды. Шын мәнінде, жұмысшылар жылу жүйесін жүргізген еді. 12 маусымда жолдың бірінші қабаты төселе бастады. Оны үш күннен кейін аяқтадық. Біз негізгі жұмысты бітірдік. Енді екінші қабатын төсей бастаймыз. Осы уақытқа дейін бірінші қабаты кеуіп, үлкен жолға қосылатын жері мен автокөлік тұрағы салынады,-деген «Арм-жолстрой» ЖШС техникалық директоры Раушанбек Ақназаров жұмыс басында жұмысшылар жеткілікті екенін атап айтты.

Олар таңертеңгі 8-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс жасайды. Бүгінде осы аумақта жалпы саны 20-дан астам жұмысшы маман еңбек етуде.
– Біз белгіленген кестеге сәйкес жұмыс жасап жатырмыз. Жобаны да көрсетілген уақытта аяқтаймыз. Негізі, материалдың келетін уақыты бар. Әр жұмыстың өз тәртібі сақталуы керек. Айталық, Азаттық көшесіндегі 850 метр жолды жөндеу жұмыстары маусым айының соңында аяқталып, пайдалануға беріледі. Әрбір 800 метр жұмыс 15 күн жасалады. Құрылыс материалдарының басқа қаладан келетінін ұмытпағанымыз жөн. Мәселен, полимерлер Астанадан, басқа да қажетті жабдықтар Алматыдан, инертті материалдар – Ақтөбеден, ұнтақты қоспалар – Қызылордадан, Оралдан жеткізіледі,-дейді Р.Ақназаров.
Осылайша, Азаттық даңғылы бойындағы жол құрылысы тамыз айының соңында аяқталатындығы белгілі болып отыр.
– Қалада төрт жерде ауқымды жұмыс жүріп жатқаннан кейін кептелістің болуы заңдылық. Одан қашып құтыла алмаймыз. Махамбет, Жарбосынов, Сәтпаев көшелері мен Азаттық даңғылында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Алайда көпшілік қызметімізді түсіне бермейді. Машиналар тоқтап қалса жұмыс та кідіріп қалды деп есептейді. Шын мәнінде, барлығының өз мерзімі бар. Біз де жолдың тезірек ашылғанын қалаймыз,-деді Раушанбек Ақназаров.
Азаттық даңғылындағы жол жөндеу жұмыстары – тек асфальт жаңарту мәселесі ғана емес, бұл қала тұрғындарының күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды қоғамдық мәселе. Ақпараттың жетіспеушілігі мен уақытылы бақылаудың болмауы тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Бір көшенің мәселесі – қаланың басқару сапасының және билік пен халық арасындағы сенім деңгейінің көрінісі. Азаттық атауының артында жұртшылықтың сенімі тұрғанын ұмытпаған абзал. Сол үмітті ақтау үшін, жауапты органдар нақты әрекеттерге көшіп, ашықтық пен тиімділікке басымдық беруі керек.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ