
Биыл Атырау қаласында 50 мың түп ағаш отырғызылады
Атырау облысының елді мекендерін көгалдандырудың өңірлік жоспарына сәйкес 2025 жылы 50 мың түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл жұмыстар демеушілік, көктемгі-күзгі өтемдік ағаш отырғызу және мұнай мекемелерімен меморандум аясында егіледі. Ол жайында қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі абаттандыру және көгалдандыру секторының бас маманы Мәулен Саламатов мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгінде қала бойынша дендрологиялық жоспарға сәйкес жасыл желектердің жалпы көлемі 20,5 мың желілік метр бұта, 183 мың шаршы метр газон жамылғысы, 12,8 мың шаршы метрді құрайтын гүлзардан тұрады. Оның 11 мың шаршы метрі — көпжылдық өсім. Нәтижесінде 2019 жылдан бастап көпжылдық гүлдердің аумағы 85%-ға өсті. Осы жасыл желектерге күтім жасауды «КДМС» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асырады.

— Көгалдандыру жұмыстары ең алдымен халық көп шоғырланған жерлерде — саябақтарда, скверлерде және орталық көшелерде жүргізіледі. Одан кейін А-27 (Атырау–Астрахань), А-28 (Атырау–Орал), сондай-ақ Атырау–Индер және Атырау–Доссор бағыттарындағы жол бойларында көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Ағаш отырғызу үшін қала климатына сай бейімделген арша, терек және үйеңкі таңдалды. Өткен жылы шырша, қайың және басқа да қылқан жапырақты ағаштар отырғызылған болатын. Бұл жұмыстардың орындалуына бақылау жасау — біздің бөлімнің құзыретінде. Мамандарымыз күнделікті мониторинг жүргізуде, — деді Мәулен Саламатов.
Сондай-ақ Атырау қаласының дендрологиялық жоспары аясында санитариялық, жасарту және қалыпқа келтіру мақсатында қаладағы ағаштардың бір бөлігі қысқартылып, қырқылды.
— Бұл шаралар ағаштардың өсуін жақсартуға бағытталған. Негізгі бөлігі — біздің өңірге тән қарағаш пен қарағаш тұқымдастар. Санитариялық қырқу жұмыстары қала бойынша барлығы 1442 түп ағашқа ерте көктемде, вегетация кезеңі басталмай тұрып жүргізілді. Бұл кесілген ағаштарға төнетін қауіпті азайтып, қалыпқа барынша тез келуіне ықпал етеді,- деп хабарлады Атырау қалалық көгалдандыру жобасының жетекшісі Леонид Задерный.
Санитариялық қырқу жұмыстары Авангард шағынауданында, Азаттық көшесінде және орталық алаңдағы апатты жағдайдағы 124 түп ағашқа да жүргізілді.
Қалада жасыл желектерді күтіп-баптауға арналған автоматты суару жүйесі жұмыс істейді. Суару жүйесі жоқ аймақтарда арнайы техника қолданылады.
Дендрологиялық жоспарға сәйкес қала аумағында (жеке секторды есепке алмағанда) барлығы 133 мың түп ағаш тіркелген. Оның ішіндегі 95 мыңнан астамы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында «КДМС» ЖШС-нің күтімінде. Мердігер ұйым 2019-2023 жылдар аралығында 27 770 түп ағаш отырғызды. Тағы 37 мың ағаш әртүрлі мекеме мен ПИК қызмет көрсетуінде тұр.