«Харекет» кезекті баспананы сыйға тартты

HAREKET Жаңалықтар

Біз де ауданымызда жүзеге асқан қордың сауапты ісіне куә болып қайттық. Бұл жолы олар отбасында үш бала тәрбиелеп отырған бір перзенті мүгедек жалғызбасты анаға Құрманғазы ауылынан баспана сыйлады.

ХАРЕКЕТ

Бұған дейін тағдыр тауқыметін тартып, басынан біраз қиындықтарды өткізген Гүлнұр Қасымова 18 жыл бойы Атырау қаласында әркімнің босағасын паналап пәтер жалдап келген. Міне оны балаларымен ауданымызға аталмыш қордың Атырау облысы бойынша басшысы Болатбек Қоңырбаев өзі бастап ертіп әкелді. Қазақы салтпенен көрші-көлем жаңа пәтер иесін қарсылап, үлкендеріміз шашу шашты.

«Темірәлі» мешітінің имамы Сүндетқали Жанханов:

«Бұл ізгі істі жандандырып, талай отбасына қуаныш сыйлаған «Харекет» қайырымдылық қорына зор ризашылығымызды білдіреміз. Себебі, бүгінде арамызда осы баспанаға мұқтаж қанша бауырларымыз бар. Қазақ қашанда «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел». Осындай ұстанымды негізге алған қор мүшелерінің алдағы жұмыстарына да сәттілік тілейміз!» – дей келе, үш бөлмелі пәтердің кілтін жалғызбасты ана Гүлнұр Қасымоваға табыстады.

Қолы ашық, жаны жомарт кәсіпкер Еркінбек Халенов те бұл игі шарадан тыс қалмай, Гүлнұрды қоныс тойымен құттықтап, тоңазытқыш пен тұрмысқа қажетті үй жиһазын сыйға тартты. Ауданның бір топ жас кәсіпкерлері атынан Е.Тарихов, жанашыр апасы Татьяна Ахметова өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтарын ұсынды.

Шарапатты істі ұйымдастырушылардың бірі, «Харекет» қайырымдылық қорының еріктісі Болатбек Қоңырбаевты сөзге тартқан болатынбыз.

–  Біз бүгінгі таңда қайырымдылықты қажет ететін мұқтаж жанға еліміз бойынша 20-сыншы, соның ішінде Атырау облысында 2-ші үйді табыстап отырмыз. Бұл қор ұлтымыздың ұмытыла бастаған «Жылу жинау» дәстүрін қайта жаңғыртып, заманауи дамыған түрі бойынша жүзеге асыруды қолға алып отыр. Бұрынғы ата-бабаларымыз ер азаматы қайтыс болған отбасыға көмек ретінде  мал беріп, үй тігіп өздерінің қолдарынан келген көмектерін аямаған. Оның жалпы құрылу тарихына келер болсақ, қордың негізін қалаушы әрі жетекшісі Гүлмира Мұқанқызы әлеуметтік желіде оқырмандарының арасынан бір жігіттің: «1000 теңгеден «Черная касса» ойнайық!» – деген ұсынысын оқып қалады. Оған талай адамдар түрлі пікірлер айтып, ұсыныс та жазады. Осы кезде Гүлмира ханымда мың теңгені көпшілік «гәп» деп білетін бас қосуға жаратқанша, бұл ақшаны халық болып жинап, неге үй-күйсіз жүрген жандарға баспана әпермеске деген ой туындайды? Сөйтіп парақшасына: «1000 теңгеге – баспана! Шиеттей бала-шағамен пәтерден-пәтерге көшіп, бір үйге зар болып жүрген жандарға қол ұшын берейік. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қағиданы Алланың рақымы үшін ұстанайық!» – деп жазып қалдырады. Арада аздаған уақыт өткесін «Гүлмира апай, сауапты істі өзіңіз қолға алыңыз. Біз қолдаймыз, ай сайын ақша аударып, көмек көрсетуден қашпаймыз. Қазақтың қазаққа жаны ашуы керек!» – деген жазбаларды оқып, Аллаға сансыз мадақ айтқанын жасырмайды. Сөйтіп, әуелі Алла, одан соң қайырымды жандардың пейіл-тілегімен «Харекет» қайырымдылық қоры құрылды. «Харекеттің» мүшелері де жасақталды. Олар: Гүлмира Мұқанқызы, Алғадай Әбілғазыұлы, Ардақ Байғабыл, Азамат Елубайұлы, Қуат Қабдолда, Алмагүл Мұқанқызы. Қордың заңды құжатын 2017 жылдың қазан айында қолымызға ұстадық. Сонда: «Мұсылман бауырлар! Әр айда 1000 теңгеден кемі 5 мың адам 5 миллион жинайды екенбіз. Осы қаржыға мұқтаж жанға бір үй салып беруге әбден болады. Ортамыз толып, қайырымды жандар қатары артып жатса, бір жылдың ішінде 5 – 10 мұқтаж отбасыға үй әперсек деген ниет бар. Әрине, сіздердің қолдауларыңызбен! Бауырлар, бұдан кейін жақсылық жасап жарысайық! Қажетті қаржы жиналса, баспанаға зәру жандар табылады. Адал ниет, ақ пейілмен, Алла жолында бүкіл халықтың атынан қор өз жұмысын бастады», – деп жазған Гүлмира апайдың парақшасын оқыған талай адамның төбесі көкке жетті. Жаратқанның берген күші мен төзімінің арқасында бұл игі бастама осылайша іске асты. Кейін «Харекет» қайырымдылық қоры «Өнер қырандары» театрымен бірігіп жұмыс бастады. Театрдың жетекшісі Мадияр бауырымыз құрылтайшылардың ұсынысын қабыл алып, осы күнге дейін жарнама жасап, қордың игі бастамасын өздерінің әрбір кезекті концертінде насихаттап жүр.

Бүгінгі таңда құрылған комиссия көмекке мұқтаж адамның жағдайымен жіті танысып шыққан соң барып шешім қабылдауды дәстүрге айналдырған. Жалпы көмекке мұқтаж жанның жайы 1 ай көлемінде тексеріледі. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп білетін әрі сауаптан үміт еткен әрбір азамат қордың шотына 1000 теңгеден салып отырады.  Қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында ақылдасып, кімдерге берілетіні шешіледі. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетілгендіктен, әр салымшы өзінің ақшасы нақ мұқтаж жанға жетіп жатқанының куәсі болуда. Біз бүгінде тек сол жиналған жылудың ақшасына апта сайын үй алып беріп жатырмыз. Мемлекеттен ешқандай тендер алмаймыз.

Қордың бастапқыда мақсаты – ай сайын қамқорлыққа зәру отбасыны баспанамен қамту болса, Рамазан айынан бері халықтың ықылас-мейірімі арқасында бұл шарапатты ісімізді әр аптада іске асыруға қолымыз жетуде. Болашақта күн сайын пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бабалар ұстанған жолмен жүрсек, бізден бақуатты ел болмайды. Сондықтан, барша қазақстандықтарды осы акцияға үлес қосуға шақырамыз. «Көп түкірсе көл болады». Әр азамат садақа ретінде 1000 теңге салса, сол бір баспананың кірпіші деп есептесін. Осылайша, біз баспанаға мұқтаждарға көмек береміз. Менің тізімімде Атырау облысы бойынша 45-тен аса жағдайы қиын отбасы тұрғын үйді қажет етеді. Біздің құрылтайшыларымыз ешкімнің үмітін үзбеуді, сағын сындырмауды тапсырды. Болашақта пәтер жалдап жүрген жетім, жесір жандардың барлығын қуанышқа бөлеп, баспанамен түгел қамтуды жоспарлап отырмыз , – деді. Б.Қоңырбаевтың қасындағы көмекшісі Адиля Құсайынова бұл жұмысты ауданда ұйымдастыруда қолдау танытқан жас кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкер Е.Халеновке, нотариус Вероника Садықоваға үлкен ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде Алмас, Расул және «ДЦП» дертіне шалдыққан Гүлназ есімді балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Гүлнұр Қасымова баспаналы болғанына әлі де сене алмайтынын жасырмай, мүшел жасқа толған туған күнінде тамаша сыйлық жасаған «Харекет» қайырымдылық қорына шексіз алғысын айтты.

– Өзім Қызылқоғаның тумасымын. Қалада 20 жылға жуық уақыт бойы пәтер жалдаудың азабын шектім. Бір перзентім бала жастан мүгедек болғандықтан, жұмысқа шыға алмаймын. Үкіметтің балаларыма тағайындаған жәрдемақысына күн көріп келеміз. Оның жартысы ай сайынғы пәтерақыдан ауыспайды. Шілде айының 7-сінде осы қор арқылы баспана берілетінін естіп, төбем көкке жетті. Мұндай азғана уақыт аралығында көмек болады деп ойламадым.  Бәрі түс секілді. Бұл күнді көптен күткен едім. Арманым орындалды. Міне, мейірімді, иманды, қайырымды жандардың көмегімен Құрманғазы ауылынан 3 бөлмелі кең үйге қол жеткізіп отырмын, – деген қуаныш иесі көз жасына ерік берді.

«Харекеттің» үлгілі ісіне Алланың нұры жауып, игі жұмыстарына береке тілейміз. Қорға қолдау білдіріп, сауапты істерге атсалысамын, ақша аударамын деушілер үшін оның есепшоттарын жариялауды ұйғардық. Олар мынадай:

Каспий депозит: ИИН 720208401907

Каспий голд: 5169 4931 1417 0866

Каспий кошелек: 08.02.1972  87765002029

Киви кошелек: 87765002029

Халық банкі: 5354 5100 0423 7615

ИИН 720922403102 

 А.Шакупова.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз