АТЫРАУДА ҚАЙ АВТОБУСТАР ТОҚТАТЫЛМАҚ?
ӨТКЕН АПТАДА АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС XXV СЕССИЯСЫНДА КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРЫЛҒАН БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ. ӘУЕЛІ ҚАЛАДАҒЫ ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫН ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕ БАЯНДАҒАН «СМАРТ-АТЫРАУ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ АРСЛАН АРОНОВ ҚАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАЛА МАҢЫНДАҒЫ АВТОБУС БАҒЫТТАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ. ОНЫҢ АЙТУЫНША, ҚАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАЛА МАҢЫНДАҒЫ АВТОБУС БАҒЫТТАРЫ АРАСЫНДА АЙЫРМАШЫЛЫҚ ЖОҚ ЕКЕН.
№30 автобус болмайды
Мекеме директоры Арслан Ароновтың айтуына қарағанда, қала маңындағы ауылдық округтер бойынша бірнеше автобус бағыттарының жол жүру схемасы өзгермек.
– Округтер бойынша №50, 52, 53, 56, 57, 58, 58а, 59, 65 автобус бағыттарына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Осылайша, қала маңындағы автобус бағыттарының аралығы жақсарып қана қоймай, шалғай ауылдарға кіруге мүмкіндік береді. Бұл қалалық көліктердегі жолаушылар ағынын жақсартып, жолдың жұмыс жүктемесін азайтады, — деді мекеме басшысы.
Сессияда қала бойынша №4, 11, 21, 22, 30а, 51 автобус бағыттарына да өзгерістер енгізілетіні белгілі болды. Арслан Аронов келешекте жаңадан №64 автобусты іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Ол «Авангард» шағынауданының соңғы аялдамасынан бастап, «Өркен», «Өркен-2», «Балауса» шағынаудандарын қамтиды. «Смарт-Атырау» мекемесі бұған дейін «Авангард-Тұрғындар қалашығы» бағытындағы №30 маршрутты алып тастау бойынша ұсыныс енгізген. Өйткені, аталған бағыт №1 автобусты 70 пайыз, №12 автобусты 60 пайыз және №14, 15 автобустарды қайталайды екен. Депутаттар жолаушылар тасымалдау схемалары бойынша тұрғындардың пікірін ескеруді қаперге берді. Себебі, автобус бағыттарының жүру кестесі өзгеретіні туралы хабарлама шыққалы, тұрғындардың да арыз-шағымы толастаған емес. Күн тәртібінен тыс мәселе ретінде айтылса да, автобус бағыттарының мәселесі бірінші қаралғаны содан болса керек.
«Аtyraý» газетіне көше беріле ме?
Сессия барысында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Құралай Құмарова халықтың пікірін ескеріп, жиын хаттамасымен ресімделген бірнеше көшені қайта атау жөніндегі ұсынысты депутаттар назарына ұсынды. Мәслихат хатшысы Қаршыға Жауымбаев ұсынылған есімдердің көпшілігін халық білмейтінін айтты. Сондықтан, қала көшелеріне жергілікті халыққа танымал тұлғалардың есімдерімен атауды да ескеру қажеттігін ұсынды. Ал, бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы бұл есімдерді министрліктің ұсынғанын алға тартты. Көзі қарақты оқырман үшін қуанышты жаңалық – Атырау қаласы көшелеріне атаулар беру туралы ұсыныстардың қатарында Надежда Крупская атындағы көшені «Аtyraý газеті» көшесі деп қайта атау туралы ұсыныс қалалық мәслихат депутаттарының тарапынан бірауыздан мақұлданды. Бұл тізім Мәслихат депутаттарының қолдауынан өтіп, жергілікті БАҚ-та жарияланған соң, республикалық ономастикалық комиссияға жолданады. Егер комиссия тарапынан қолдау тапса, бұл 2023 жылы атап өткелі отырған ғасырлық тойға үлкен сый болмақ.
Сессияда бұдан өзге қала әкімінің және қалаға қарасты ауылдық округ әкімдерінің халық пен кездесу күнтізбелеріне түзету енгізу туралы, басқа да мәселелер қаралды. Сондай-ақ, сессияда қалалық мәслихаттың депутаттары Айжан Сәрсенбаева мен Мұса Хайруллиев «Үздік депутат-2022» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек көмекке зәру отбасы мен мүгедектігі бар жандарға қайырымдылық жасап, демеуші болып жүрген қоғам белсендісі Ақтолқын Сапарова Атырау қалалық мәслихатының Алғыс хатымен марапатталды.
Алмас ҚАБДОЛОВ