Жарнама
Шаһар шырайы

Атырауда  асфальтталмаған көше болмайды

Облыс орталығындағы 160-тан астам көшенің жолы жаңартылып, 2022 жылы басталған 200-ге жуық көшенің жаяу жүргінші жолы биыл аяқталуы тиіс. Бұған Атырау қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы негіз болған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері қазір осыны түбегейлі жүзеге асыруға жұмылған. Басты талап – құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасы жоғары болуы.

Қазір Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендер бойынша автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1635 шақырымға жуықтайды. Олардың тең жарымынан астамына (1553 км) асфальт төселген. Қалған 81,9 шақырымына тасжол енді төселуі тиіс. Қалалық бөлімнен алған мәлімет бойынша асфальттың 95%-ы қатты жабындымен қамтылған. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың ұзындығы – 1114 шақырым, ол барлық жолдың 75%-ына тең.

– Былтыр қаладағы 60-қа тарта көшеге жалпы ұзындығы 50 шақырым шамасында асфальт төселді. Атап айтқанда, бұлар Еркінқала-2, Зарослый-1, Алмалы-2 елді мекендерінің аумағында. «Нұрсая» шағынауданының №16 көшесі мен Бейбарыс сұлтан, Әбілқайыр хан даңғылдарын байланыстыратын 1,3 шақырым асфальт жол төселді. Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі – көлік кептелісінің алдын алу мақсатында қолданыстағы жолды кеңейту арқылы көлік ағынын арттыру жұмыстары қолға алынды. Қазір Азаттық даңғылы мен Сырым Датов көшесі қайта жаңғыртылды. Биыл тағы да жалғасады, — дейді Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Аққұсов.

Халықтың тілегі орынды

Қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында «Самал», «Өркен», «Атырау», «Береке» шағынаудандары мен Еркінқала, Алмалы, Қайыршақты, Дамбы, Атырау ауылдық округтеріндегі 162 көшеге жалпы ұзындығы 66,8 шақырым жол төселуі тиіс. Оның ішінде №5 сүзгі станциясы мен оң жағалаудағы кәріз тазалау имараты бағытына да жол салу жоспарланған.

Бұл жұмыстардың жобалаушысы «Улмад» ЖШС, бас мердігер «ZANGAR SG» ЖШС. Ал, Бейбарыс даңғылынан Атырау-Астрахан трассасына дейінгі 2,8 шақырым жолды жөндеу «МКДСМ» ЖШС-не жүктелген.

Салалық бөлім басшысының айтуынша, облыс және қала әкімдері халықпен кездескенде де, әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындар қалада асфальт төселмеген көшенің аз емес екенін жиі айтып жүр. Осыны ескеріп қала бойынша жол салынбаған учаскелерді анықтап, жобалау-сметалық құжат жасақталуда.

Бейбарыстан – Астрахан бағытына

Басты жаңалықтың бірі – биыл Бейбарыс даңғылынан Атырау-Астрахан трассасына дейінгі 2,8 шақырымдық жол жөнделіп жатыр. Бұған қоса, кезең-кезеңімен іске асатын ұзындығы 3,4 шақырымдық Сәтпаев даңғылы мен Атырау-Астрахан тасжолының қалаға қарасты 6,4 шақырымы (И.Тайманов көшесіндегі айналма жолдан – Сарыөзек көпіріне дейінгі бөлік) қайта жаңғыртылуда. Т.Бигелдинов, Ю.Гагарин көшелері, Жастар көшесі–Еркінқала ауылының аралығы, Әбілқайыр хан даңғылынан «Сарықамыс» шағынауданы мен Жастар көшесіне дейінгі аралықтағы көлік жолдарын қайта жаңғырту бойынша қолға алынған жұмыс жалғасады.

Былтыр 8,7 шақырым тас жол қайта жаңғыртылды. Ал, аталған көшелердің қалған 13,4 шақырым жолы биыл аяқталмақшы.

Жарбосынов көшесі де жөнделеді

Ал орташа жөндеу жұмысы Азаттық, Махамбет, Әлия Молдағұлова, Қабдырахман Ерниязов және Бинеш Жарбосынов көшелерінде жүргізіледі. Қазір Жарбосынов көшесінде «ҚазСервисГрупп» ЖШС-нің мердігерлігімен жұмыс 1 сәуірден басталған. Компания биыл тек облыс орталығында емес, аудандарда да осындай жұмыстарды жүзеге асырады.

– Бізге Жарбосынов көшесіндегі ұзындығы 2,2, ені 8 метрлік учаске бөлінді. Екі жолақтан бұл жолдың жөндеу көрмегеніне жиырма жылдан асыпты. Қазір көше бойы жолдың бұрынғы төсемінен тазартылып жатыр. Жоба бойынша әуелі ірі түйіршікті асфальт, сосын қиыршық тасты маститті асфальт-бетон қоспасы төселеді. Жолдың қос қапталына жаяу жүргінші жолы салынады, — дейді құрылыс учаскесінің бастығы Ермек Мусин.

Айтпақшы, бұған дейін қаланың бірнеше көшесінде дәл осындай заманауи технологиямен салынған жол өзінің тиімділігі мен төзімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Енді орташа жөндеу жыл соңына дейін аяқталуы керек. Бастапқыда жұмысқа жұмылдырылған жұмыс күші мен техниканың саны шектеулі, жұмыс ауқымына қарай көбейтіледі. Бір қуантарлығы, бәрі де жергілікті жігіттер екен.

Белгі мен кедергінің пайдасы көп

Қала аумағында 2022 жылы басталған 200-ге жуық көшедегі 186,3 километр болатын жаяу жүргінші жолы биыл аяқталуы тиіс. Қазір оның 30 пайызы орындалған. Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында қала бойынша 2200 жол белгісін, көлемі 1000 қума метр жасанды жол кедергісін орнату жоспарланыпты.

Осылайша, жалпы ұзындығы 18,3 шақырым болатын 12 учаске орташа жөндеуден өткізіледі. Жұмыс көлемінің техникалық құжаттары қазірдің өзінде әзір. Бүгіндері қала көшелеріндегі шұңқырларды бітеу жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстың көлемі – 50 мың шаршы метр.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button