Атырауда 42 мың текше метр су сорылды

zhanbyr5 1 Шаһар шырайы

Апта бойына (8-15 мамыр аралығы) толассыз жауған жаңбырдың салдарынан қалада қолайсыз жағдай қалыптасты. Шаһар мен оның аумағындағы көшелерде лайсаң су жиналып, жасанды көлшіктер пайда болды.

Ахуал әсіресе, жеке секторда күрделене түсті. Суы бір сорып алынған жерді қайталап құрғатуға тура келді. Соған байланысты бұл шараға жұмылдырылған жұмысшылар мен арнаулы техникалар ауысымлық тәсілмен тәулік бойына жұмыс жасады. Соның арқасында жағдай қалыпқа келтірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте баяндалды.

Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубакіровтің айтуынша,  жаңбыр суынан қала көшелерін құрғату жұмыстарына 50-ден астам  техника мен 80-ге жуық жұмысшы тартылды. Қала бойынша 109 байланыс орталығы арқылы тұрғындардан 130-дың үстінде өтінім қабылданып, бірінші кезекте арнайы техникалар жеке тұрғын үй секторларына бөлінді. Сөйтіп, барлығы  41600 текше метр жаңбыр суы сорылды.

-Күнделікті жүргізілетін қала көшелерінің тазалығымен бірге,  жаңбыр суларынан құрғату жұмыстарын да қоса атқардық. Нақтылай кетсем, 10 вакуум машина және бірнеше ондаған адам жұмылдырылды. Атқарылатын жұмыс ауқымы көптігін ескерген жеке кәсіпкерлер өздерінің көлік-техникаларымен көмекке келді. Осылайша, күш біріктіре жүктелген міндетті орындап шықтық, -деді «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің директоры Алмас Ізтелеуов.

Сондай-ақ, Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Магомед Ахриев те ақпаратымен бөлісті. Ол қала бойынша 7 тұрғын үй мен және жертөленің, 15 көпқабатты үйлер орналасқан аула аумағының суын тарту жұмыстары жүргізілгенін,  жұмысқа жеке құрамнан 20-дан астам қызметкер,   7 бірлік техника қатыстырылғанын атап өтті.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз