Атырауда 237 үй реновациядан өтпек

2022 07 14 888 Шаһар шырайы

Атырауда алдағы бес жылда 237 үй реновациядан өтеді.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұл жұмыс «Атырау қаласының тұрғын үйлерін реновациялаудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес жүзеге аспақ. Жобаның жүру барысын бүгін қала әкімі Мейірім Қалауи мен Атырау қалалық қаржы бөлімнің басшысы Мейіржан Мұқасов таныстырды.

Кездесуге қалалық әкімдік өкілдері, жауапты басқарма басшылары мен мамандары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және қала тұрғындары қатысты. Реновациялау – бұл ескі ғимараттарды толығымен сүріп, жаңа нысан салу. Оның басты мақсаты – ескі тұрғын үй иелерінің өмір сүру деңгейін жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету арқылы жақсарту, қаладағы әлеуметтік шиеленісті жою, сондай-ақ Атырау қаласының құрылыс секторын дамыту үшін инвестициялық климат құру болып табылады, деді М.Қалауи. Жоба басты 8 міндетті көздейді. Оның ішінде қала аумағындағы ескі үйлерді жою, азаматтарды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету, қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру, құрылысқа бюджеттен тыс қаражат тарту тетіктерін дамыту және өзгелері бар.

Атырауда реновацияға жататын барлығы 237 ескі үй, 3549 пәтер бар. Алдағы 5 жылда сол баспаналарды өңірдегі құрылыс компаниялары қайта жаңғыртады. Яғни бір баспананы толығымен сүріп, дәл сол жерге жаңа ғимарат салады. Құрылысты бастар алдында мекеме тұрғын үйдегі азаматтармен келісімге келіп, оларды жайлы жерге көшіруге міндетті. Жұмыс аяқталғаннан кейін, үй иелері бұрынғы тұрғылықты жеріне, бірақ жаңа баспанаға қайта оралады. Ал, қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы сатылымға шығарады.

Атырау қалалық қаржы бөлімнің басшысы Мейіржан Мұқасов бағдарлама аясында ескі көп пәтерлі үйлердің иелерін көшіру тұрғындардың санына қарамастан, пәтерлерге арналған техникалық төлқұжаттарға сәйкес, «бөлме үшін бөлме» қағидаты бойынша жүргізілетінін атап өтті. Ал бөлме санын көбейткісі келетін азаматтар, құрылыс компаниясының өкілдерімен келісімге келе алады.

Сондай-ақ, басқарма басшысы бағдарламаны іске асыру кезінде аумақты абаттандыру, көше, жол желісін, тұрақ кеңістігін, қасбет маңындағы аймақтың тротуарларын қалыптастыру, аула және көгалдандырылған аумақтарды ұйымдастыру мемлекет есебінен жүргізіледі, деді. Жиылғандарға бағдарламаның жалпы жүру барысы жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Одан бөлек, азаматтар тұрғын үй мәселесіне қатысты жеке сұрақтарына да жауап алды. Жобаны іске асыру ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізінде әзірленді. Айта кетейік, ескі үйлердің басым бөлігі М.Баймұханов, М.Әуезов, Азаттық, С.Датов көшелерінде орналасқан.

Соңғы он жылда, яғни 2011-2020 жылдары аралығында қалада 149 үйге күрделі жөндеу жүргізді. 2012-2022 жылдары аумағы 34069 шаршы метрді құрайтын 37 үй бұзылды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз