«Атырау» телеарнасынан күзгі маусымда не күтуге болады?

КҮЗГІ МАУСЫМ КЕРЕМЕТТЕРІ 3 Жаңалықтар

Талай жылдан бері облыс көлемінде халыққа жаңалық таратып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасы. Арнада әр жылдары өңірге белгілі журналистер қызмет атқарды. Солардан тәлім алған қазіргі жас буын заман ағымына қарай кәсіби біліктілікпен еңбектенуде. Бүгінгі таңда ұжымға Жанахмет Ағыбаев басшылық етеді. Қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық телеарна ұжымы биылғы «Күзгі маусымға» жаңа бағдарламаларын дайындап үлгеріпті. Алуан тақырыптарына қарап, маусымның сәтті ашылуына шығармашылық ұжым бар күш-жігерін салғанын көруге болады.

КҮЗГІ МАУСЫМ КЕРЕМЕТТЕРІ-3

Сонымен…

Осы уақытқа дейін эфирден 28 хабар беріліп келсе, жаңа маусымда оған тағы 14 тележоба қосылды.

Ұлттық  құндылық – ұлттың  тірегі

Телеарнаның тақырыптық бөлімінің шеф-редакторы Балауса Халелованың айтуынша, жаңа тележобаның бәрі Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткеніндей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге орай жасақталды. Негізінен көрерменнің ұлтжандылық сезімін ояту, оларды осы бағытқа телеарна арқылы тәрбиелеу мақсатындағы бағдарламалармен толықты. Есімі елге мәлім тұлғалардың да өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы ұмыт қалмады. Атап айтқанда, жаңадан «Атырау перзенті», «Менің Қазақстаным», «Алтын тұғыр», «Мұнайлы шаһар», «Онлайн-емхана» (тікелей эфирде жүреді), «Өндірісті өңір», «Үздік» (реалити-шоу), «Ақсақалдар алқасы», «Топжарған» спорттық сайысы, «Туған жер», «Интеллектуалдар академиясы», «Журналистік зерттеу», «Валюта бағамы» хабарларын көре аласыздар.

– Мәселен, «Атырау перзенті» бағдарламасында атыраулық журналистер еліміздің әр өңірінде болып, Атырау облысынан түлеп ұшып, елге қызмет етіп, есімі мәлім болған тұлғалармен сұхбаттасады. Солар туралы жан-жақты мәлімет келтіріп, өнегелі өмірлерін кейінгі ұрпаққа ұлығылайды. Бұған дейін телеарна журналистері тек аудандарды  аралап жоба дайындап жүрсе, енді еліміздің бүкіл облысына баруға мүмкіндік алып отыр. «Менің Қазақстаным» да сондай елді-жерді аралап жүріп түсірілген тележобаның бірегейі. Орысша нұсқасы – «Мой необъятный Казахстан». Бұл жолғы бағдарламалардан бұрынғы қатып қалған қағидалардан, бірсарындылықтан ада жаңа ізденістерді байқауға болады. Шынайылық басым, әрбір кейіпкерді көрсете отырып, журналист оқиға ішінде бірге жүреді, – дейді Балауса Пушкинқызы.

КҮЗГІ МАУСЫМ КЕРЕМЕТТЕРІ-2

 «Алтын тұғырға» асығыңыз!

Расында,  «Туған ауыл – алтын тұғыр».

«Көне сүрлеу,

Таныс сыр,

Ыстық мекен.

Құшағыңды ашсаңшы,  қастық етпен,

Бүгінде мен білмеймін адастым ба?!

Іздеп жүрмін бір қырды жастық өткен…». Осылай жалғаса беретін ақын өлеңіндей әр адамға өзінің туған жері ыстық. Топырағы  киелі. Жаңа маусымда жарыққа шығатын «Алтын тұғыр» бағдарламасында да осындай ерекше сезімдерді бастан өткере аласыз. Бағдарлама редакторы – Дина Құспанова, хабардың тележүргізушісі – Гүлфәни Ерсайын.  Атауы айтып тұрғандай, шалғайдағы елді  мекеннің қазіргі сәттегі тыныс-тіршілігі баяндалады. Қала тұрғындарына таңсық ауылдағы үйреншікті тұрмыс-тіршілік көрсетіледі. Түсірілім бастан-аяқ ауылда өтеді. Яғни, елді мекен туралы қысқаша мәлімет беріледі. Сол жердің табиғи ерекшелігі де нысанаға ілігеді.  Әңгіме айтып отырып, журналист шәй ішеді, үйдің келіндерімен бірге шоқ самаурынға су қайнатуға да қатысады. Ауылға тән боямасыз тірліктің бәрі эфир арқылы көрерменге ұсынылмақ.

КҮЗГІ МАУСЫМ КЕРЕМЕТТЕРІ

Бұрынғыдай баяндама берілмейді

Жаңарған ауылдың бүгінгі келбеті қандай? Осы сауалдар төңірегінде жауап іздейді. Бұрынғыдай әкімге барып, соның сөзін ғана алып келмейді.  Қазір ауыл дамып,  ғаламтор қолжетімді болғанымен, салт-дәстүрі, көнекөз қариялардың әңгімесі сол баяғы қалпында. Мәселен, ауыл-аймақтың бәрінде табиғи газ қосылған. Бірақ, бір үйдегі ата мен әже газдың шәйінен гөрі самаурынның шәйін аңсап отырады екен. Келіндері де үлкендердің сөзін екі етпей самаурынға шәй қайнатып, қазанға тамақ пісіреді.

Түйін:

Телеарна көрермендері «Онлайн-Емхана» мен «Үздік» реалити шоуынан да өзіне керегін алады. Сөзімізді түйіндегенде, арнаның «Күзгі маусымы» көрермендеріне іңкәр сезімдер мен жаңаша әсерлер сыйламақ.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 Дина ҚҰСПАНОВА,

«Алтын тұғыр» бағдарламасының редакторы:

«Төбел» деп атын қойдық…

– Құрманғазы ауданының Котяев селосынан бастадық. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл ауылдағы мәдениет үйі апатты жағдайда екен. Кейін спорт кешенінің жанынан жер алынғанын, құрылысы таяу уақытта салынатынын білдік. Бірақ, біз барғанда клубтың сырты аппақ, ақ шағаладай болып тұрды. Соны көріп, жүргізушім Гүлфәни: «Бұл апаттық дейтіндей емес, сырты жарқырап тұр ғой»,  – дейді. Артынша, клубтың жанындағы дүкенге су алуға кірсек, сонда тұрған екі-үш әйел: «Бес-алты күннен бері клубтың сырты ақталып жатыр. Бәсе, сіздер келеді деп дайындалып жатқан ғой», – дейді олар бар шындықты айтып. Міне – теледидардың ықпалы. Бұнымен іс бітті деуге болмас. Дегенмен, тозығы жетіп, сырты түсіп тұрған клубтан, аппақ болып жарқырап тұрған ғимарат көше сәні емес пе?!

Екінші түсірілім көне тарихи мекен – Жыланды ауылында өтті. Биыл ауылға су көп келгендіктен, қатынап жұмыс жасайтын Қиғаш округінің халқына қиындық келтіріпті. Бірақ, біздің келетінімізді ескеріп, сол жердің кооператив басшысы таңмен, елең-алаңда судың үстіне топырақ төккізіп жол жасапты. Жаңадан төселген топырақ екенін де көрдік. Сол үшін ауыл халқы ризашылығын бізге айтып жатты. Бұдан соң  Қызылқоға ауданының Мұқыр елді мекенінде болдық. Мал шаруашылығымен айналысқан еңбек ерлерінің бүгінгі ұрпақтарымен танысып қайттық. «Құтты қонақ келсе – қой егіз табады» дегендей, сол түсірілім барысында мал төлдеудің ортасына тап келіп, бір лаққа Төбел деп ат қойып кеттік.

 

Бекзат  МАРАТОВА,

«Менің Қазақстаным», «Атырау перзенті»,

«Үздік» бағдарламаларының редакторы:

Іссапарға алғаш шыққан едім

– Қазақтың жерін интернеттен қарап алдым дегенмен, көзбен көріп, аяқтай барғанға жетпейді. Шыны керек, өзіме қазақтың көрікті жерлерінде шетелдіктердің көп жүргені ұнады. Олардың біздің жерімізге таңғалып, суретке түсіп жүргенін көргенде, кеудемді мақтаныш сезімі кернеген еді. Алыс жолға іссапарға алғаш шығуым. Қиындықтар болды деп айта алмаймын. Әрине, ұсақ-түйек қиындықтар болды. Бірақ, ерекше бағдарлама түсіремін деген шабытпен барғаннан кейін қиналған сәтімді сол бойда ұмытып кеттім. «Менің – Қазақстаным»,  «Атырау перзенті» бағдарламаларымен барғаннан кейін уақыт өте тығыз болды. Бірақ, бәріне үлгеруге тырыстық. Сол жерде тұрып жатқан атыраулықтардың қай-қайсы да бізді құшақ жая қарсы алды. Бір аптаның ішінде елге белгілі  12  тұлға мен алты нысанды түсіріп  келдік. Бағдарлама мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта жалғасатын болады. Ендігі кезекте Елордаға барамыз, Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарында тұратын атыраулық тұлғаларды түсірілім кейіпкері етуді мақсат етіп отырмыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз