Арыз артында адам бар
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев тұрғындарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың дені жер теліміне байланысты өтініштерін айтып, мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Қала тұрғыны Зульфия Хайрова 2004 жылы жер теліміне арызданып, арада бір жыл өткенде оған жалғыз басты ана ретінде Көкарнадан жер беруге шешім шығарылған екен. «Алайда, құзырлы органдар тарапынан шешім жоғалып кеткендіктен, жер телімін ала алмай отырмын» деген ол көмек сұрады. Бұл өтініш бойынша тиісті орындарға шағымданушымен арада кездесу ұйымдастырып, мәселенің шешілуін қадағалау тапсырылды.
Маржан Тоғаева да жер мәселесін көтерді. Оған 2006 жылы 26-қаңтарда жер берілген. «Кейін жер учаскесін кеңейтуге өтініш бердім. 2009 жылы үй алдынан Н.Қосмағамбетовке жер телімі берілген деп, менің арызымды қарамады. Сөйтіп, көршім Н.Қосмағамбетов менің кіріп-шығатын жерімді жауып тастады» дейді ол.
«Арнайы мамандармен барып, өлшеу жұмыстарын жүргіземіз. Соның нәтижесімен мемлекеттік актідегі мәліметтерді салыстырып, жер теліміңіздің қаншалықты тарылғанын анықтаймыз» деген бірінші орынбасар сотқа шағымдануға да болатынын айтты.
Жас ана Гүлмира Ысқақова әкесі Құрман Ысқақовтың 2003 жылы жер телімін алуға арызданып, арада үш жыл өткенде қайтыс болғанын айтты. «Сөйтіп, жер теліміне кезекті анам Шәрипа Құлниязованың атағына аударуға тырыстық. Бірақ, мәселе күні бүгінге дейін шешілмей келеді» деді ол.
Бұл орайда Нұрлыбек Ожаев осы мәселеге байланысты Гүлмира Ысқақоваға қалалық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссияға жолығуға кеңес берді.
А.АБЫЛАЙҰЛЫ