ӨРЕЛІ ІСТЕ ЖЕҢІС БАР

АРМАН АЛЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Сәлімгерей Қапанұлы Оржанов мұнайшылар отбасында дүниеге келді, жастайынан «қара алтын» өндіруші мамандардың тыныс-тіршілігін жақсы біліп өсті. Оның әкесі Қапан Оржанов ерен еңбегіне орай КСРО-дағы ең жоғары марапат – Ленин орденімен марапатталған жан болатын. Өскен ортасы оны да алғашқыда мұнайшылық жолға түсірді. 1954 жылы ол Қаратон мұнайлы кентінде мұнайшы-слесарь болып еңбек жолын бастады, кейін оператордың көмекшісі болды. Алайда, талапты жас байланысшы болуды қалады, сөйтіп, ол 1955 жылы Алматыдағы электрлік байланыс техникумына түседі. Мұны үздік аяқтаған жас маман 1958 жылғы наурызда Атыраудағы облыстық радио мен теледидар хабарларын тарату орталығына аға электр механик болып, жұмысқа қабылданды. Бірақ ол бұл жұмыста көп бола алмады, тамыз айында оған Ташкенттегі байланыс институтына оқуға жолдама береді. Бұл оқу ордасын да үздік дипломмен аяқтап шығады. Келген соң облыстық радио мен теледидар хабарларын тарату орталығының аға инженері болып тағайындалады.

Ол тұста байланыс саласының жоғары білімді мамандары саусақпен санағандай аз-ақ болатын, сондықтан да олар құрметтелді және қиын салалардағы жұмыстар тапсырылды. Осындай зәру қажеттілікке орай институттың үздік түлегіне екі айдан соң жауапты лауазым ұсынылды, Қазақстан Байланыс министрінің бұйрығымен облыстық байланыс басқармасының бас инженері болып тағайындалады. Бұл – өте жауапты қызмет болатын. Мұндай үлкен сенімді ақтауға тырысқан Сәлімгерей жүйедегі жағдаймен жете танысуға бет бұрды. 60-шы жылдардың басында облыстағы байланыстың жағдайы күрделі болды. Телефондар жиі жұмыстан шығып қалатын, жабдықтар ескі және қолда барлары жетіспейтін. Алыстағы Маңғыстаумен сымды телефон байланысы болмады, онымен тек қана радиобайланысымен хабарласатын-ды. Ауылға телефон жүргізу қажет, ол тұста облыста 57 кеңшар мен ұжымшар бар еді. Міне, осыларды жақсы жүйеге келтіру, барды одан әрі дамыту қажеттігі туды. 1963 жылы министрлікке хат жазылып, Атырау қаласында АТС құру ұсынылды, бірақ ол қабылданбады. Содан соң білікті мамандардың басын қосып, саланы көтеру жайын ақылдасты. Осы жылдары салада Боздақ Нұралиев, Василий Тимофеев, Александр Найденов сияқты майталмандар еңбек ететін. Олар жас маманды қолдады.
1965 жылы басқармаға басшы болып келген Н.И.Троицкий Сәлімгерейдің жоспарлары мен ұсыныстарына ден қойып, мақұлдады. Басқарманың өндірістік зертханасы аудандық байланыс жүйелеріне техникалық көмек көрсетуге тиісті еді, оларды құралдармен, автокөліктермен жабдықтап отырды. Сол тұста аудандық ішкі байланысқа КСПП/К1/4Х0,9 маркалы кәбіл қолданылатын болды, оған Чехословакиядан шығарылатын КНК-6S аппаратурасы қойылатын. Мұндай байланыс жүйесі облыста тұңғыш рет Махамбет және Таңдай ауылдарында орнатылды, кейін ол барлық аудандарға жеткізілді.

АТЫРАУДАҒЫ ТҰҢҒЫШ
ТЕЛЕДИДАР
ОРТАЛЫҒЫ

1965 жылдың бұдан кейінгі аса ірі жұмысы облыс орталығында телевизия орталығын тұрғызып, іске қосу, жұртшылықты көгілдір экранды тамашалау қызығына кенелту еді. 1967 жылдың қараша-желтоқсан айларында «жергілікті телевизияның сынақтық хабарлары» жүргізілді. Сол жылғы 25 желтоқсанда облыста тұңғыш рет телехабар беру жүзеге асты.
60-шы жылдардың екінші жартысындағы үлкен абырой сыйлаған Гурьев-Шевченко аралығында 3 арналы сымдық байланыс жүйесінің салынып, пайдалануға берілуі болды. Ол салынып жатқан темір жол бойымен жүргізілген-ді. Мұндағы барлық аппаратура мен материалдарды Байланыс министрлігі жеткізген болса, ақшасын Каспий бойы тау-кен комбинаты төледі. Комбинат бастығы Р.А.Григорян жаңа байланыс жүйесімен ең бірінші болып Мәскеумен сөйлеседі. Ертеңіне КСРО Байланыс министрлігінің бұйрығымен тікелей бір Шевченко-Мәскеу арнасы бекітілді, тағы да екі арна жұртшылық пен басқа мекемелердің үлесіне тиді. Кейін мұнайшылардың қолдауымен тағы да 12 арна пайдалануға берілді. Түбекте 1000 км-лік байланыс желісі болды. Ол өзін толық ақтап шықты.
Осындай елеулі еңбектері үшін басқарма бастығы І.Тыңғышев, бас инженер С.Оржанов және жұмысшы З. Аймағамбетов КСРО-ның үлкен марапаты – Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сәкең мұның алдыңғы жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған «Айбынды еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ МАҢДАЙ ТЕР

Сәлімгерейдің есінде Маңғыстау өңірінде жұмыс жасаған кезеңі ерекше қалыпты. Ол Маңғыстау облысының бұдан 40 жыл бұрын жеке отау болып шығып, жаңа шаңырақ көтере бастаған тұсы болатын. Жаңа облыстың байланыс басқармасының бастығы болып тағайындалған Сәкеңе алғашқы маңызды тапсырмалар жүктелді.
Азғантай уақыт ішінде ең алдымен аудан орталықтары мен кеңшарлардың орталық усадьбалары телефон байланысымен қамтамасыз етілді. Одан кейін телефон сымы алыс елді мекендерге де жетті. Шетпеде 500 нөмірлік АТС, кеңшарларда 50, 100 нөмірлік АТС-тер қондырылды. 1974-1976 жылдары Жаңа Өзен, Шевченко Форты қалаларында, Шетпе кентінде телемұнаралар орнатылды, жерсерігіндік телеантенналар қойылды.
Сөйтіп, Маңғыстау облысы сол замандағы ең жоғары байланыс құралдарымен біршама тез және сапалы жабдықталып еді. Жаңа құрылған облыстағы жаңаша байланыс жүйесін қалыптастыру жолында С.Оржанов 1977 жылдың аяғына дейін еңбек етті.
Сәкең 1977 жылы желтоқсан айының 19-ы күні Байланыс министрінің бұйрығымен осы министрліктегі ауылдық телефон байланысы басқармасының бастығы болып тағайындалады, соған орай алқа мүшесі болады. Сәлімгерей қызметкерлерімен бірге басқарма бойынша әрбір облыстағы ауданаралық байланыс жүйесіне талдау жасап, қай облыста, қай ауданда не себепті байланысты ұйымдастыру артта қалып келеді деген мәселеге қатысты жауапты іздеді. Соған орай тиісінше шешімдер алынды.

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ СӘТТЕР

Алғаш еңбек жолын бастаған туған Атырауына келген соң да өрелі істер өрби түсті. Ол облыстық басқарманы басқарған 1979-1982 жылдары байланыс саласы одан әрі даму сатысын бастан өткерді. Бұл кезеңде ауданаралық байланыс құрылысы, ауданның байланыс жүйесін автоматтандыру бірқалыпты жүріп жатты. Ең қиыны поштаны таситын автокөліктерді табу болды. Керекті бөлшектер болмағандықтан бірқатар машина жүрмей қалатын.
Облыстың байланыс басқармасы бастығының пошта және көлік саласын басқаратын орынбасары С.Лекеров автобазаға қолдау көрсетудің қажеттігін әлденеше рет мәселе етіп көтерді. Бірақ, бұл мәселе облыста да, министрлікте де шешілетін болмады. Содан соң Сәлімгерей Қапанұлы ескі таныстар арқылы Мәскеу қалалық телефон жүйесіндегі автобазаның бас инженерімен сөйлесіп, Мәскеуден Гурьевке 10 машина алдыртты. Сөйтіп, тағы бір өзекті мәселе шешімін тапты. Көліктер көбейіп, автобазаның ғимараты іске қосылған.
Облыстық радиотелехабарларды тарату орталығында ол 1982-84 жылдары басшылықта болды. Қашандағыдай өзінің үлкен білікті маман екендігін көрсете және таныта білді.
Жұмысты мұнайшы болып бастаған Сәкеңнің бір-екі жылдай тағы да мұнайшылыққа бару реті туды: әуелгіде «Ембімұнай» бірлестігіндегі ақпараттық-есептеу бюросының бастығы болса, кейін мұндағы байланыс кеңсесін басқарды. Алайда, көп ұзамай оны байланысшылар өздеріне қайтадан шақырып алды: «Қазбайланысқұрылыс» тресінің ЖМК-індегі жоспарлау және өндірістік жұмыстар бөлімінің бастығы, қаладағы ТТС бастығының орынбасары, бас инженері, шағын кәсіпкерлік қызметі бастығы, облыстық радиотелехабарларды тарату орталығының бас инженері, облыстық телерадиокомпанияның жетекші инженері қызметтерін абыроймен атқарды.
С.Оржановты 1996 жылы ОТД-ның сол кездегі бас директоры, кейін «Құрметті байланысшы» атанған, республиканың «Құрмет» орденімен марапатталған А.Ыбырашев Атырау қалалық телефон стансасын басқаруға шақырды. Кәнігі істің маманы бұл жолы да сенімді толық ақтап шықты. Аз уақыттың ішінде стансадағы жұмыс жолға қойылды, жаңаша жұмыс жүйесі енгізілді.
Тындырымды жұмыстың жақсы нәтижелері жеміс берді. 60 жасқа толғанда Сәкең «Құрметті байланысшы» атағын алды. 1997 жылы зейнеткерлікке қалғаннан кейін де ол еңбек сапынан қалған жоқ. Өз өмірінің ақырына дейін өз білімін, бай тәжірибесін студент жастарға үйретті.

АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕ

Біз Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясында 2004 жылы құрған «Байланыс мұражайы» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жаңаша жүйемен жаңа орынға көшірілгенде ардагер С.Оржанов та өнегелі әңгімеден тартынған жоқ. Себебі, оның бүгінгі байланысшылар ұрпағына айтары көп болатын. Оны еңбектің қадірі мен тарихын білетіндер қашан да қызыға және құрметпен тыңдайтын.
Сәлімгерей аға телекомшылар ұжымындағы әртүрлі тағылымды шараларға жиі шақырылды, өзінің мол жұмыстық тәжірибесін жастармен ықыластана бөлісіп келді. Ақсақал туралы бұрынғы жұмыстасы Аманғали Нұрғалиев, Болат Нұрғазиев, Айтқали Нұрғалиев сияқты әріптестері де әлі күнге жылы лебіз білдіріп отырады. Осындай азамат 2012 жылы дүниеден озды.
Сәкең өз отбасында да құрметке бөленген қадірлі ақсақал еді. Зайыбы, марқұм Биғайша жеңгемізбен бірге бірнеше ұл-қызды және немере-жиендерді тәрбиелеп, ұясынан ұшырды. Ұлы Әміржан – мұнайшы, «ШЕЛ» компаниясының Қазақстандағы өкілі. Зәуреш қызы тіс дәрігері болып жұмыс жасайды. Геофизикалық институтты аяқтаған ұлы Әділжан «Қазатом өнеркәсібінде» қызмет атқарады. Аманқос атты ұлы да – мұнайшы. Ал, кіші қызы Назгүл «Аджип» компаниясында жұмыс жасайды. Иә, ардагердің ісін сеніммен жалғастырушылар бар. Бұл – өмір заңы.

Аманғали
ӘМІРЖАНҰЛЫ,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз