Жұмысшы мамандар артады
Президенттің биылғы Жолдауында ел экономикасының дамуына қатысты 9 бағыттағы нақты шаралар қамтылған. Оның ішінде банк жүйесіне де, салық жүйесіне де қатысты өзгерістер қажеттілігі айтылды. Экономикаға инвестиция тарту маңыздылығына ерекше мән берілді. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды, оның ішінде еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану мүмкіндіктерін пайдалану қажеттілігін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы біз үшін ең маңызды болып келетін бесінші — «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» деп кадрларды даярлау жүмысына баса назар аударды. Әсіресе, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің білікті кадрлар даярлау қажеттілігі айтылды, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет екендігіне назар аударылды. Мемлекет тарапынан орта буын және жұмысшы мамандар даярлауға көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Атап айтқанда, мамандар даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыстар біртіндеп көбейтілді, мақсатты гранттар жүйесі енгізілді. Соның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыстың саны өсті. Колледж студенттерінің стипендиялары өсіп жатыр, оқу орындары жатақханамен қамтамасыз етілді немесе жатақхана салу 2025 жылға жоспарланып отыр. Әрине, бұл бағытта кәсіптік және техникалық оқу орындары тарапынан да көптеген шаралар жүзеге асырылып жатырғандығы анық. О. Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінде 17 мамандық бойынша мамандар дайындайды. Оның ішінде 3 мамандық жұмысшы мамандықтарын оқытады, онда 78 студент білім алуда. Қазіргі таңда мамандар дайындауға қойылатын талаптар бойынша көптеген нақты шаралар жүзеге асырылуда: қорытынды аттестаттау демонстрациялық емтихан түріне толықтай ауыстырылды. Бітірушілердің білім сапасын кәсіпорыннан келген мамандар-эксперттер бақылап, белгіленген критерийлер бойынша бағалайды. Соңында түлектерге көрсеткен біліктері бойынша Skills passport беріледі. Сонымен қатар, білім беру бағдарламасының мазмұнында да жаңашылдықтар бар, кәсіби модульдер меңгеру оқыту нәтижелері мен қалыптасатын құзыреттіліктер бойынша жүзеге асырылады. Бағдарлама мазмұнына ақпараттық технологияны пайдалану, қолданбалы компьютерлік бағдарламалар бойынша, технологиялық процестерді автоматтандыру құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған нәтижелер енгізіліп отыр. Білім беру процесіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізу арқылы мамандар сапасын көтеру көзделіп отыр. Болашақта академиялық ұтқырлық бойынша халықаралық байланысты нығайту, алыс-жақын шет елдердің оқу орындарына мамандарды тағылымдамаға жіберу жоспарлануда. Жас мамандарды кәсіпорынға тез сіңісіп кетуіне үлкен ықпалын тигізетін дуалды оқыту жүйесі де өз нәтижесін көрсетуде, түлектердің 80 пайызы жұмысқа орналасты. Жыл сайын колледжішілік WS чемпионаты өткізіледі, мектеп бітірушілерге арнап Junior Skills сайыстарын өткізу арқылы жұмысшы мамандығына қызығушылықтарын арттырамыз.
Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Демек, бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласына көрсетілген үлкен қолдау, сонымен қатар, колледж басшылары мен оқытушыларына үлкен жауапкершілік жүктеледі деген сөз. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін үлкен реформалар күтеді. Жаңа серпілістер, жаңашыл бастамалар мен идеялар, жоғары көрсеткіштер арқылы біз де осы мүмкіндікті пайдалана білуіміз керек, колледж жұмысын жаңа жолға қойып, жаңаша басқару әдістерін енгізуіміз арқылы нәтижеге жұмыс жасауымыз қажет.
Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеуді, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды жолға қоюымыз қажет, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдарға құрмет көрсету, марапаттау арқылы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жүзеге асыруымыз қажет. Нәтижесінде «біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс» деген сөздер біз үшін мақсат болып анықталды.
Қорыта келе, жұмысшы мамандар даярлауда өз міндетін адал атқаратын, жауапкершілігі мол, табанды тұлға дайындау басты міндет болып жүктеліп отыр.
Ислам ЖАНҰЗАҚОВ,
О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің директоры