ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ ЗОР
Біз осы төңіректе ой бөлісу үшін Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаевпен сұхбат құрған едік.
– Нұрадин Жұмашұлы, мызғымас идеялық тұғыр дегеннен шығады, оның бүгінгі бастау-қайнарын қай тұстан іздеген жөн?
– Болашақ негізі – білім мен ілімде. Бұл ретте 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасы жүзеге асу үстінде. Идеялық тұғырдың іргесі мықты болуы да сол іргелі іс-шаралардың іс жүзінде көрініс табуы емес пе?! Ол үшін бүгінгі жас буынды ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, дініне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүрге берік, рухы мықты кең тұлға ретінде қалыптастыру – абыройлы міндет. Сол себепті, Елбасы орта білім беретін мектептерде орын жетіспеушіліктің шешімін тауып, мектептер тек екі ауысыммен оқытылып, апаттық жағдайдағы мектептер толықтай жойылуы қажеттігін арнайы мәселе етіп алға қойып отыр. Жолдаудың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі алтыншы бағытында «Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, Үкіметке қосымша 70 млрд. теңге бағыттауды тапсырамын» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Бұл мәселе ауданда оң шешімін тауып келе жатыр деп айтуға болады. 624 орындық мектептің іске қосылуы орын жетіспеушіліктен, үш ауысыммен оқыту жүйесінен түбегейлі арылуға мүмкіндік берді. Алайда, әлі де білім ордаларын салу мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Құлсары қаласындағы апатты жағдайдағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің орнына 300 орындық мектептің жаңа ғимараты таяу арада аяқталып, шәкірттерге есігін ашады.
Сонымен қатар, «Аэропорт» ықшам-ауданынан «ҚазТрансОйл» мекемесінің қаржыландыруымен 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Ал, Абай атындағы №5 жалпы орта білім беретін мектепке 180 орындық қосалқы ғимарат салуға ұсыныс берілді.
Жалпы, ауданның білім беру саласындағы жиырма бір мектепте 14 мыңнан астам шәкірт білім мен тәрбие алу үстінде. Мектептер 95 пайыз интернет жүйесіне қосылған. Мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде тоғыз балабақша, 45 шағын орталық және 74 мектепалды даярлық сыныптары жұмыс істеу үстінде.
– Десек те, үлкен істер мен іркілістердің де жағаласып жүретіні аз кездеспейді емес пе?!
– Аудандағы жалпы білім беретін жиырмадан астам білім ордаларынан өнерлі балалар барып, қосымша білім алатын Құлсары балалар өнер мектебінің қазіргі жай-күйі қанағаттанғысыз күйде. Сонда да жас өнерпаздар ыңғайлы ғимараттарда өздерінің ізденісті қадамдарын жалғастырып келеді. Міне, осы проблемалық мәселені шешу бағытында қазіргі таңда жаңа ғимараттың жобалық құжаттары жасақталу үстінде.
Елбасы ұрпақтар жалғастығының алтын үзігі үзіліп қалмауын көрегендікпен ойлап отыр.
Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін үш жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын», — деді Ұлт көшбасшысы аса маңызды құжатта. Елбасының айтуынша, әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.
Біздің білетініміздей, елімізде 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайыз болады деп жоспарланған. Қазіргі кезде ауданда балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен баулу, соның ішінде балабақшамен қамту белорта көрсеткіш деңгейінде, пайыздық сапа жыл өткен сайын артып келеді.
Ауданда бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын қысқарту мақсатында ауданда екі балабақша іске қосылды. Оның бірі – биылғы жылы «Аэропорт» ықшамауданында 280 орындық «Құлыншақ» балабақшасы, екіншісі – №20 орта мектептің бастауыш сынып ғимараты негізінде 140 орындық «Айналайын» балабақшасы пайдалануға беріліп, бүлдіршіндерді қабылдады.
Толайым істер мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы уақытта «Жауқазын» балабақшасының 140 орындық қосымша құрылысын аяқтау міндеті тұр, сонымен қатар «Автожолшылар» ықшамауданынан «Каспий құбырлар желісі консорциумы» демеушілігімен 200 орындық балабақша құрылысы салынуда, «Достық» ықшамауданындағы жаңа мектеп құрылысы пайдалануға берілгеннен кейін, бұрынғы «Ладушка» балабақшасы қайтадан қалпына келтіріледі, ал Жаңа Қаратон поселкесінде ТШО компаниясының қаржыландыруымен және бюджет есебінен 280 орындық екі балабақша құрылысы салыну үстінде.
Атымтай жомарт кәсіпкерден айналмассың ба? «Мұнай сервис» ЖШС-і басшысы, жеке кәсіпкер Мағауия Мерғалиев балабақша құрылысын салуға ұсыныс беріп отыр. Елбасы Жолдауын қолдаудың нағыз шынайы үлгісі осы емес пе?!
Иә, келер жылдың міндеттері де келелі. Бұл жылы Ақкиізтоғай және Шоқпартоғайда 160 орындық балабақша құрылыстары басталады. Ендігі мердігер мекемемен келісім-шарт та жасалып қалды.
– Ауыл – алтын қазығымыз. Әлеуметтік құрылымында айтарлықтай өзгеріс-жаңарулар да сезілгендей ме?
– Ол рас. Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік құрылымын жақсарту мақсатында келелі іс-шаралардың иіні қануда десек, артық айтқандық болмас, соның бірі – балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту. Елді мекендердегі білім беру ұйымдарының барлығында да шағын орталық ашылып, оған 3-4 жастағы бүлдіршіндер қамтылған. Сәтін салса, Тұрғызба және Қосшағыл селолық округтерінде 160 орындық балабақша құрылыстарының негізі қалана бастайды.
Елбасының биылғы Жолдауы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жетелейтін тың идеяларға толы, болашақтың берік негізі. Одан жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты екенін де айқын көреміз. Үкілеп айтсақ, Үкіметіміз білім беру жүйесін жетілдіруге, материалдық-техникалық жағынан нығаюына барынша қолдау көрсетіп отыр. Әлемдік қаржы дағдарысы кезеңі туса да, құрылысы басталған мектептерді салып бітірмекке мүдделі. Осындайда Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында» деген аталық, баталық сөзі еске түседі. Демек, еліміздің келешек мамандары мен көшбасшыларын даярлаудың осы бастан бастапқы негізін қалауда ағарту саласына айрықша мән беріле беретін болады.
Әңгімелескен
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.