Зауыт қызметкерлері «AMANAT» партиясына қабылданды
«KPI Inc.» ЖШС-нің 60-қа жуық қызметкері «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды.
Салтанатты рәсімге «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов, «KPI Inc.» ЖШС-нің басқарма төрағасы Данияр Тиесов, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Абылай Құрметұлы, облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсенбаев, «KPI Inc.» ЖШС-гі бастауыш партия ұйымының төрағасы Өмірзақ Зинуллин қатысты.
Салтанатты рәсімді ашқан «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов партияның алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– Бүгінде облыс бойынша «AMANAT» партиясының 24 мыңнан астам мүшесі бар. Олардың қатарында қарапайым еңбек адамынан басшы лауазымындағы адамдар бар. Еліміздегі алғашқы біріккен газ-химия кешенінің басшылығымен жаңадан бастауыш партия ұйымын құру туралы келісімге келген болатынбыз.
Қазіргі таңда облыстағы мұнай, ауыл шаруашылығы секілді тағы да басқа салаларда 106 бастауыш партия ұйымы бар. Облыста атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, облыстың дамуына бағытталған экономикалық жоспарлары халықтың, партия мүшелерінің ұсыныстары арқылы жүзеге асып отыр.
Алдағы уақытта бастауыш партия ұйымдарының басын қосатын құрылтай өтеді. Бірлесіп, ауқымды жұмыстар жүргізетін боламыз, — деді Абдолла Хамиұлы.
«KPI Inc.» ЖШС-нің басқарма төрағасы Данияр Тиесов зауыт қызметкерлерінің партия қатарына қабылдануы айтулы оқиға деп атап өтті.
– Қысқа уақытта зауытта «AMANAT» партиясының қатары 3 есеге артып отыр. Бұл адамдардың саналы түрде шешім қабылдап, бірлесіп жұмыс істеуге деген ынталарының жемісі деп білемін. Ең басты міндет – нәтижелі өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу. Қазіргі және алдағы жобаларымызға сәттілік тілеймін, — деді Данияр Сүйіншілікұлы.
Содан соң партиялық билеттерді тапсыру рәсімі өтті. Зауытта былтырдан бері инженер-технолог болып жұмыс істейтін Азамат Қашимов партия қатарына қосылу арқылы үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
– «AMANAT» партиясының алға қойған мақсаты бар. Соған өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Зауытта жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты, — деді Азамат Серікұлы.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ