Ғылымға негізделген жұмыс – табысты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы он міндеттің үшінші тармағы – агроөнеркәсіптік кешенді жаңа технологиялық деңгейге көтеру. Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға тиіс — деп атап көрсетті.
Алдымен, мал тұқымын ғылыми негізде селекциялық-асылдандыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы он жылдықта Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы өндірістік кооперативінде қазақтың қылшық жүнді құйрықты еділбай қойының ақ, ақшыл жүнді «Ақ қарабас» түрі және өнімділігі жоғары, қозысы тез жетілетін қара және қызыл түсті екі желісінен жаңа зауыттық түрлері шығарылды. Бұл қойлардың басқа қасиеттерін айтпағанда, қозысы енесінен айырғанда төрт айлық мезгілінде 40-43 келі тартатынын айтсақ та жеткілікті.
Филиалдың ғылыми қызметкерлерінің шаруашылықтың мал мамандарымен бірлесіп жүргізген ғылыми жұмыстарының нәтижесінде ет, жүн өнімі жоғары қос өркешті түйесі, Жылыой ауданының «Жаңа таң» ЖШС-нде қаракөл қойынан «Жайық-жем» зауыттық типі шығарылды.
Өсімдік шаруашылығынан түйежоңышқаның «Аркас» және «Сарайшық» сорттары мемлекеттік тіркеуден өтіп, патент алды. Индер ауданындағы «Құлыншақ» шаруа қожалығында түйежоңышқаны орама түрінде үлбірлі қабықпен қаптап шығарды. Өткен жылдың қыркүйегінде емдік қасиеті бар «топенамбур» өсімдігін өсіріп, облыс ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығымен және шаруа қожалықтарымен егіс алқабында «егіс күнін» өткіздік.
Жалпы филиалдың ғылыми қызметкерлері, мал тұқымын асылдандыруда он шаруашылықпен қой, төрт шаруашылықпен сиыр, екі шаруашылықпен жылқы, төрт шаруашылықпен түйе малын асылдандыру-селекциялық жұмыстарымен қатар келісім-шарт жасасып, жұмыс жасауда.
Енді аймақтың агроөнеркәсіп кешені құрылымдардағы мал және өсімдік шаруашылығымен айналысушыларға айтар кейбір ұсыныстар бар. Біріншіден, қолдағы бар малды асылдандырмай, одан алынатын (ет, сүт, жүн) өнімдерді көбейту мүмкін емес. Сондықтан саладағы мал тұқымын селекциялық- асылдандыру жұмыстарына жеткілікті мән берілуі қажет.
Қазіргі кездегі 30 аналық сиырға бір асыл тұқымды бұқа немесе 50 аналық саулыққа бір асыл тұқымды қошқар сатып алып, қосып қойып қарап отыру дұрыс емес. Бұл тек мемлекеттен тегін субсидия алу үшін жекелеген шаруа құрылымдарының істеп отырған өнжеусіз жұмысы. Ал, сол мемлекет ақшасына сатып алған аталық малдардың ұрпақтарынан қажетті қандай өнім алынып жатыр? Одан пайда бар ма? Өнімділігі жоғары ұрпақ алатын мал асылданды ма? Ол жағын ғылыми тұрғыда зерделеп, зерттеп жатқан қожалық жетекшісі жоқ.
Екіншіден, әр аймақта жергілікті жағдайға бейімделген, өнімділігі жоғары, қазіргі нарықтық сұранысқа сай өнімдерді бере алатын мал тұқымдарын көптеп өсіру қажет. Олар: қой малынан қазақтың қылшық жүнді құйрықты еділбай қойы. Бұл қойлар жергілікті жағдайға төзімділігімен, өскелеңдігімен қатар төлдері тез жетілгіш. Төлдерін енесінен айырғанда, сол жылы ақ етке өткізуге, шетел нарығына шығаруға болады. Осы қойларға Араб елдерінен сұраныс көп.
Қазақтың ақбас тұқымды сиырларымен, қалмақ тұқымды және Абердин-ангус тұқымды мүйізді ірі қара малын көптеп өсірудің қаншалықты пайдалы екендігін ғылым мен тәжірибені қатар ұштастырған шаруашылықтардан көріп жүрміз.
Үшіншіден, мал тұқымын асылдандырудың бірден-бір жолы аналық малдарды (қой мен сиыр) қолдан ұрықтандыруды әр шаруашылықта жүзеге асырылуы керек.
Төртіншіден, селекциялық жұмыстар малдың тиісті деңгейде азықтандырылуы және күтіп-бағылуы, қалыпты өсіп-жетілуі қамтамасыз етілген жағдайда ғана жемісті жүргізілетіндігі ескерілуі тиіс.
Бұл орайда малдың құнарлы жем-шөппен қамтамасыз етілуі басты назарда болуы керек. Малды толықтай азықтандырғанда ғана адам тиісті жоғары сапалы өнім алуға болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілеті озық, дамыған отыз елінің қатарына қосылуы туралы стратегиялық мақсат қойғандығы мәлім. Агроөнеркәсіп кешені де басқа салалар сияқты бәсекеге қабілеттілігі, олардың өндіретін өнімдері аграрлық ғылымның даму деңгейімен және де осы саладағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістігімен айқындалады.
Осы орайда мал шаруашылығын өркендетуді ғылыммен қамтамасыз етудегі селекциялық және технологиялық жұмыстар мен жаңалықтар мал өнімділігін 10-25 пайыз көтеруге болатындығы іс жүзінде дәлелденген. Сондықтан өңірдің аграрлық саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру ғылыммен қамтамасыз етуге тікелей байланысты екенін ескерген дұрыс болар еді.
Мұхит ДҮЙСЕҒАЛИЕВ,
«Оңтүстік — Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты»
Атырау филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.