БОЛАШАҚҚА БАЙЫПТЫ БАҒДАР

Саясат

– Мемлекет атауын «Қазақ елі» деп өзгерту туралы ұсынысты Мәңгілік Ел идеясының жарқын қадамы ретінде бағалаймыз. Сондықтан да, бұл ұсынысты тар жол, тайғақ кешуден өткен тәуелсіз еліміздің шерлі шежіресін жақсы білетін озық ойлы азаматтардың бәрі, жалпы, халықтың басым көпшілігі қолдауда. Бұл  Елбасы ұсынысының ұлттық негізділігі мен елдік маңыздылығын білдірсе керек, – деп атап өтті Ақсай селосы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қуанышкерей Сәмешев.  

Атырау қалалық ардагерлер кеңесі де Жеңістің 70 жылдығы, Елбасының халыққа Жолдауымен қатар, осы мәселені де талқылап отырады. 

– Ел арасында мемлекет атауын өзгерту, құжат ауыстыру шығын екенін айтып, қызылкеңірдек болғандар да бар.  Кешегі кеңес империясы кезінде де ел атында «стан» жалғауы болған жоқ. 1920 жылы Қазақ Автономиялы Республикасы болып кеңес үкіметінің құрамында болдық. Мемлекеттің негізін құрайтын ұлттың атын қайтару – ата-бабаларымыздың аруағы алдында біздің қасиетті борышымыз және болашақ ұрпақтарымызға үлгі болмақ, жас буын өкілдерінің рухын өсіруге әсері үлкен, – деген Атырау  қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы Әйіпқали Бекешев Елбасымыз ел көкейіндегі таңдауды дөп басып, ұлттық мүдде тұрғысынан бастама көтеріп жатқанда, халқымыз құқықтық негізде нақты бір шешім жасауы керектігін айтты. 

Мемлекет атын өзгерту әлемдік тәжірибеде болған. Ел кемелденіп, келешегін айқындаған сайын жаңарып, өзгеріп отыратыны – табиғи да, тарихи да заңдылық. Деректерге жүгінсек, бүгінге дейін әлемде 55 мемлекет атауын өзгерткені белгілі болып отыр. Осы орайда, ел атауын өзгерту турасында пікірін білдірген еңбек ардагері Орынбасар Мұхтаров «стан» деген атау көп. Ал, енді Қазақ деген атау жүрегімізге жақын, ешқандай боямасыз жалғаусыз, жұрнақсыз, сондықтан мен “Қазақ елі” болғанын қалаймын» деген ойын ортаға салды.  

– «Еліміздің атауын уақыт өте келе «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ, алдымен, бұл мәселенің міндетті түрде халықтың талқысына салынғаны жөн», – деген еді Елбасы. Мемлекет басшысының бұл идеяны Атырау жеріне іссапары кезінде қозғағаны – тарихи оқиға. Бүгін біз бұл мәселені талқылап отырмыз. «Стан» қазақтың да, орыстың да сөзі емес. Парсы тілінен аударғанда «страна», яғни «ел» деген мағынаны білдіреді. Осы орайда, еліміздің атын қазақшалап қана отырмыз. Осыны ұмытпауымыз қажет. 

«Қазақ елі» Мемлекет басшысы айқындаған Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясымен ұштасады. Өйткені, ұлттық идеяға айналған Мәңгілік Ел ұғымы Қазақ деген елдің жойылмай, мәңгі тарихта қалу ұмтылысынан туған. ХХІ ғасырдың жаңарған заманында Қазақстан саясаты мен келбеті, экономикасы, ойы мен санасы да қалыптасқан елге айналды. Ал, мұндай кезеңнің жаңа атаумен өрілгені де – құптауға тұрарлық іс, – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық барысына да тоқталды. 

Облыс әкімінің ардагерлермен кездесуінде, сондай-ақ,  Атырау мұнай және газ институтына Атырау мұнайының дамуына үлкен үлес қосқан Сафи Өтебаевтың, Оңтүстік Батыс Қамысты кен орнына  атақты мұнайшы Бөлекбай Сағынғалиевтың есімін беру мәселесі де қаралды. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген 
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған