ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Айдын Айбаров – облысымызға танымал тұлға. Ұлы Отан соғысының ардагері. Кезінде өңірде талай басшылық қызметтер атқарған. Бүгінде сол еткен еңбегінің жемісін көріп отырған қадірменді қарт. Ешқашан мақтаншылыққа салынып кеудесін қақпаған, шындықты бетке айтуға ықпаған, әр сөзін шегелей нықтаған абыройлы ақсақалмен Елбасы Жолдауынан туындаған кейбір мәселелер жөнінде ой бөліскен едік. Сонымен, тоқсан жастың төрінен әлдеқашан асқан абыз сауалдарымызға былайша жауап берді.

–  Елбасы Жолдауымен танысқан шығарсыз, көңіліңізге біраз нәрсе түйген боларсыз. Тоқсан жастың асуынан не айтар едіңіз?

–  Мен кешегі кеңестік кезді де, бүгінгі тәуелсіздік жылдарын да бастан кешіп отырған бақытты жандардың бірімін. Қазір Елбасының саясатын да сезінемін. Атақты жерлесіміз, белгілі ғалым Зейнолла Қабдоловтың «Біз Елбасын мақтамауымыз керек, біз онымен мақтануымыз керек» деген сөзін әр қазақстандық жүрегінде сақтаса деймін. Жас мемлекетімізді қысқа мерзімде әлемге танытқан, дүние жүзінің танымал елдерінің қатарына қосқан тұлғаның туған халқы алдында еткен еңбегі зор, төккен тері мол.

Мен Жолдауды теледидардан бастан-аяқ тапжылмай отырып тыңдадым. «Ауруын жасырғанмен, ажал әшкере» деген халқымыздың дана сөзі бар. Міне, Мемлекет басшысы да алдымызда күтіп тұрған қиын-қыстау кезді халқынан жасырмай отыр. Бұл жөнінде Елбасы «…біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде» деп ашық айтты.  Соған қарамастан, Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлу арқылы экономикамызды тоқырауға ұшыратпау жолы ұсынылды. Бірнеше жарқын жобалар қолға алынбақ. Ендігі мақсат – соларды жүзеге асыру. Жалпы, менің түсінігімде, әрбір тапсырма орындалуымен құнды.

– Елбасы «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды.

– Өте орынды. Жалпы, шырағым, біз секілді жасарын жасап, асарын асаған кәрілерден емес, жастармен көбірек сұхбаттасқан жөн. Әсіресе, жоғары оқу орындарын тәмамдап,  өмірге жолдама алғалы жатқан мамандар не айтар екен? Президенттің өздеріне жасаған жан-жақты қамқорлығына қалай жауап бермек? Сайып келгенде, Мәңгілік еліміздің тұтқасын ұстайтын солар. Елбасы идеясы алдымен соларға арналған. Артымызда шаңырағы биік, керегесі кең, іргетасы берік ел қалуы қажет.

Елбасымыз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялады. Ол Ата Заңымызда бекіді. Келешекте қазақстандықтардың бәрінің осы тілде сөйлеуі керектігі айтылуда. Ал, сол тіліміздің құнарын Абайдың қара сөздерінің құдіретінсіз сезінуге бола ма? Бүгінгі жастар соны неге  оқымайды? Ұялы телефонға үйірлік ұшпаққа шығармайды. Компьютерді де керегінше пайдалану қажет. Қазақ классиктерінің шығармаларын білмей, ана тілін меңгеру мүмкін емес. Өзге ұлттан кейін қалмайық десек, ұрпағымызға осыны ұғындырайық.

Мен Ұлы Отан соғысы ардагерімін. Әскер қатарында жеті жылын өткізген офицермін. Сонда жүргенімде жанымдағы орыс, украин немесе басқа басымдау ұлт өкілдерінің  бірде-бірі маған «әй, қазақ» деп төменсітіп айтып көрген жоқ. Айтқызбадым. Кеудемді бастырмадым, намысымды бермедім. Оларға қазақтың қайсар жігіттері қандай екендігін көрсеттім. Міне, бүгінгі жастар да солай ойлауы керек. Өзді-өзді өзге тілде шүлдірлесіп тұрса, қазақ екенін кім біледі?! Рас, басқа тілді де үйрену қажет. Бәрі де кәдеге асады. Бірақ, туған тіліңнен артық тіл жоқ. Міне, біздің Елбасымыз солай деп отыр.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз