НАҚТЫ ІСТЕР КЕЗЕҢІ

Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жан-жақты ашып көрсетілді. Экономикалық дамудың жаңа бағыт-бағдары айқындалған мемлекеттік бағдарламаларда белгіленгендей, әлемде орын алған кедергілер салқынын бәсеңдетіп, дамудың жаңа белесіне көтерілудің жолдары белгіленді.

Жергілікті атқарушы билік тарапынан барлық салаларға, соның ішінде бизнес құрылымдарына әрдайым қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымдық жағынан демеуге үлкен мән беріліп келеді. Кәсіпкерлердің несие шығындарын Үкімет есебінен субсидиялау, әкімшілік кедергілерді азайту, салық салу жүйесін жеңілдету сынды мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаулар тұрақты жүргізілуде.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Ұлттық қор есебінен жүзеге асып жатқан «Даму-Өндіріс – 2» бағдарламасына Атырау өңірінің кәсіпкерлері де белсенді қатысуда. Жыл басынан бері жалпы сомасы 5,2 млрд. теңге болатын 18 жоба қаржыландырылды және сомасы 5,6 млрд. теңге болатын 20 жоба мақұлданып, қаржыландырылу үстінде, тағы да сомасы 1,3 млрд. теңге болатын   7 жоба банктермен қаралуда.

 Сонымен қатар, Әкімдікпен Азиялық Даму, Еуропалық қайта құру және даму, Ислам Даму банкілерінің шағын және орта бизнес жобаларын несиелеу шарттары зерттеліп, кәсіпкерлер арасында несиелеу мүмкіндіктері туралы түсінік, насихаттау жұмыстары жүргізілетін болады.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қабылданған еліміздегі индустриялық жобалардың жүзеге асуы – аймақта кәсіпкерлік өрісінің кеңейе түсіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өнеркәсіптің жаңа салаларының қалыптасуына зор ықпал етуде. Бұл Жолдау – Қазақстанның  тежеусіз дамуының кепілдігі.  Және әрбір адамның өміріне тікелей байланысты. Ол халықтың ертеңгі күніне үлкен сенім ұялатады.

Бүгінгі таңда Индустрияландыру картасы шеңберінде 5000-нан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін және жалпы құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын экономиканың әр саласындағы 42 инвестициялық жоба іске асырылуда.  Олардың ішінен 2131 жұмыс орны құрылып, жалпы құны 68 млрд. теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылды.

Биылғы жылдың аяғына дейін 446 жұмыс орнын құрумен және жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны іске қосу жоспарланса, 2015 жылы 766 жұмыс орнын құрайтын және жалпы құны 12,9 млрд. теңге құрайтын 5 жоба іске қосылатын болады.

2050 жылға дейінгі тарихи жұмыс тізбесі экономикамызды, халқымыздың әлеуметтік тұрмысын жаңа деңгейге көтерері анық. Қазіргі заман талабы тың технологиялардың құлағында ойнайтын бесаспап мамандарды  қажет етеді. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматының бәсекеге қабілетті болуы басты шартқа айналып отыр. Егер кез келген қазақстандық басқа елдердің мамандарымен тең отырып ой таластыруға жараса, онда мемлекетіміздің шоқтығы одан бетер арта түсері анық.

Елбасының Жолдауы халқымызға алға жетелейтін жаңа күш-қуат бергені даусыз. Сондықтан да, Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау – әрбіріміздің Отан алдындағы парызымыз деп білемін.

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА,

облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз