Жарнама
Саясат

ТАБИҒАТТАН ДАРЫҒАН ҚАСИЕТ

 

«Өмір өткелдері» кітабын, біріншіден, Президенттің ұлы істері мен ұлағатты өмірі жайындағы толық ғұмырбаяндық шығарма ретінде бағалауға болады. Екіншіден, ол қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің баға жетпес дереккөзі ретінде құнды болып отыр. Яғни, Елбасының ғибратты ғұмыры айшықталған салмақты туынды.

Елбасының өмірі халқының, өзі құрған мемлекетінің тағдырымен өзектес, қатар, бірге, тұтас өріліп, жалғасып келеді. Кітаптың негізгі арқауын Қазақстан тарихының жаңа заманы, ата-бабамыз  ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік жолындағы қым-қиғаш күрестер, халқымыздың бүгінгі бақытты, баянды тіршілігі құрайды. Бұл кітапты «деректі роман» десе де болады.

Үшіншіден, ерекше тоқталатыным,  бұл кітап жастарға қазақстандық патриотизмнің іс жүзіндегі көрнекті оқулығына айналмақ. «Ұшқан ұя ұлағаты» атты тарауында Елбасымыздың балалық шағы мен жалындап тұрған жастық кезеңінің өзінде туған жерге деген үлкен сүйіспеншілік сезімін аңғару қиын емес. Ия, кез келген адамның ең алдымен табиғат перзенті екендігі туралы айтып, «адамның қалыптасуына климат пен ландшафт та қатысатыны ғылыми негізде әлдеқашан дәлелденген» делінген. «Туған жерім – тау, жігіт, азамат болып өскен жерім – дала. Таудың биіктігі мен даланың кеңдігі ақыл-ойыма да, мінезіме де қатар әсер еткен сияқты десем, артық айттыға балана қоймас» дейді Елбасы.  «Үшқоңыр Алатаудың қойнауында, Әкемнің ізі қалған жайлауында. Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп, Арқары жайылатын аймағында» дей­тін өлең жолдарында  Н.Назарбаев туған ауылына деген ыстық ықыласын жеткізеді.

Бұл кітап – еліміздің жарқын болашағын қалайтын, атамекенді аялап өтетін нағыз патриот жастарға арналған туынды деп есептеймін. Өйткені, өскелең ұрпақтың Елбасының өмір жолынан алар өнегесі мол.

Қайырғали Азилов,

№30 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button