ЕЛІҢДІ СҮЙ – ЕРТЕҢІҢ ҮШІН!..

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу жөніндегі тапсырмасына сәйкес партияның «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы» әзірленген болатын. Қазір бұл маңызды құжат партия ұйымдары арасында қызу талқыланып, қолдау табуда.

 

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ – ғасырлар бойы ұлан-байтақ жерімізді ат үстінен түспей жанқиярлықпен қорғаған ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – Тәуелсіздік еді. Құдайға шүкір, оған жеткенімізге жиырма жылдан асып, елдімізді нықтап, етегімізді жинап, ешқандай соғыссыз қазаққа тән бітімгершілігімізбен шекарамызды айқындадық. Елбасының көреген саясатының арқасында еліміз бұрын-соңды болмаған бақытты шаққа кенеліп, әлем елдерімен бейбітшілік орнатты. Есілдің бойына көсіле жайғаса айбарымыз – Астанамыз бой түзеп, аз ғана уақыттың ішінде өзінің қайталанбас сәулетімен талайды тамсандырып үлгерді. Айта берсе, аңыздардағы алыптардай күн санап өсіп, ай сайын ажарланған еліміздің жетістіктері жетіп артылады. Алайда, негізгі айтарымыз – осыншама әр қазақстандықтың маңдай терімен гүлденіп келе жатқан мемлекетіміздің жолына сыбайлас жемқорлықтың көлденең тұруы.

Иә, сыбайлас жемқорлық еліміздің ұлы мұраттарға ұмтылыс жолындағы барлық табыстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызған мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасында бекітілген – Адам, Бостандық, Заңның үстемдігі, Әділеттілік, Ынтымақшылдық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы мен дәстүр сынды әмбебап құндылықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің идеялық негізін құраса, бұл құжат оны іске асырудың бірден-бір жолы деп ұғамыз.

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту басты масқаты болған бағдарлама – төрт ілгері қағидатқа негізделіп құрылған.

Олар – Жүйелілік қағидаты, айқындық, ашықтық және мемлекеттің қоғамға есептілік қағидаты, мемлекет пен қоғамның тең әлеуметтік серіктестігі қағидаты, партия мен қоғамның серіктестік қағидаты.

Міне, осы құжаттағы төртеу түгел болғанда ғана біз жемқорлықтың жолын кесіп, елімізді өркениетті елдер қатарына қосарымыз сөзсіз.

Сондықтан да, партияның 2015-2025 жылдарға арналған жаңа жобасының жемқорлыққа қарсы қоғамдық күресті жүйелі, жоспарлы түрде нақты мақсатты айқындай отырып ұсынуы – партияның осы уақытқа дейінгі кең ауқымды жүргізіп келе жатқан өте маңызды жұмысының жалғасы. Сөз жоқ, «Нұр Отан» партиясының бастамашылдығымен жемқорлыққа қарсы көптеген кешенді шаралар жүргізілуде. Бұл құжатта «Адал еңбекті құрметтеу аясын барынша кеңейту қажет. Өскелең ұрпақ үшін асыл құндылық – адал еңбекпен қол жеткізген материалдық игілік, жетістіктер мен білім болуға тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үдеріс тәрбиесіндегі маңызды рөл отбасына берілуі керек. Балалары үшін үлгі болатын ата-аналармен белсенді жұмыс жүргізу қажет. Отбасы мен қоғамда дәстүрлі халықтық қанағатшылдық құндылықтарды дәріптеу, материалдыққа қарағанда рухани байлыққа басым беру қажет» деп айрықша атап көрсетілген. Қазір осындай мерейлі отбасымен жұмысты шынайы жандандырып, баспасөз беттерінде, қоғамда олардың өнегелерін үлгі ретінде тарату қолға алынып келеді.

Атақты Бөкен би Асау Тұрланның бала шағында: – Ең алдымен адам бол, адал бол, азамат бол, білімге бойла, халық қамын ойла, – деп батасын беріпті. Ендеше, біз осындай даналарымыздың өсиетін дәріптеп, рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет деп ойлаймын.

Өйткені, ең алдымен, партия мүшелерінің жемқорлық сияқты індеттен ада болып, жауапты мемлекеттік қызметтерде жұмыс істейтін нұротандықтар өзі жүрген ортаға бақылау жасап, оң ықпал етуі шарт. Бұл өз кезегінде партиялық тәртіп пен жауапкершіліктен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іс жүзінде жүзеге асырып, оған бастамашы болудан туындайды.

Бағдарламада маңыз берілген мәселелердің бірі – парақорлық пен сыбайлас жемқорлықты туғызатын да, қоғамда жүргізетін де, оған жол беретін де әртүрлі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы, көп жағдайда мемлекет ісінен гөрі, өз жеке басының қамын басымырақ ойлаушылығы. Мемлекеттік қызметкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен жеке басының тәртібі партиялық тұрғыдан талап етіліп, баға берілуі қалыптаспақ. Міне, осы тұрғыдан бағдарламада олардың жауапкершілігін арттыруға, заңдық кеңістіктің аясын кеңейтуге де айрықша мән берілген.

Ерекше мән беру қажеттігі – жобада ізгілік, адамгершілік, сана тәрбиесіне, жас ұрпақ дүниетанымын тазалықпен қалыптастыруға, заңды орындауға, заңмен өмір сүруге дағдылануға айрықша көңіл бөлінгендігі. Расында да, әр азамат өз Отанын шексіз сүйіп, адалдықтан аттамай, өзінің рухани тазалығын сақтап, мемлекет алдындағы жауапкершілігін терең сезінсе – өркениетті елге айналу осы болар еді. Өкінішке орай, бізде сананы түбегейлі бұру мүмкін болмай, мұқтаж болып алдына келген адамды өзіне тәуелді етіп, өзінің үстемдігін өткізу бары жасырын емес. Яғни, қызмет көрсету мәдениетінде әлі де олқылықтар орын алып тұрғаны анық сезіледі. Міне, партия осындай кеселдердің жолын кесіп, онымен күресуді міндеттейді. Тағы да Бөкен биге тоқтасақ: «Дүние – бұлдырап тұрған сағым. Оның түбіне жеткен ешкім жоқ, қайта пенденің түбіне дүние жетіп жүр. Олай болса, дүниеге қызықпаңдар, дүниені қумаңдар» деп құлқын құмарлықтың абырой бермесін айқындайды данамыз.

Жалпы «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалы, ондағы бастауыш партия ұйымдары мен партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесі өз жұмысын жүйелі атқарып, партия қойған міндеттер бойынша жұмыстар атқаруда. Айталық, барлық партияның бастауыш ұйымдарында аталмыш жоба талқыланып, оны жүзеге асыру міндеті қойылуда. Партия кеңсесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда сала басшыларының жұмысы тыңдалып, оның оң-солын қатаң қадағалау жолға қойылса, өңірде жүріп жатқан құрылыс нысандарына партиялық бақылау күшейді. Осының бәрі – Елбасының Стратегиялық бағдарламасын, партия жүктеген міндетті елімізде кіршіксіз жүзеге асыру жолындағы ізгі амалдар.

Жанай АМАНТУРЛИН,

«Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалы

 жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз