Жарнама
Саясат

ТҰЩЫҚҰДЫҚТА ТҰШЫМДЫ ІСТЕ БАР

 

Қазір шалғайдағы малды ауылдарда қауырт еңбек. Мақсат ортақ, ол – малды алдағы қыстан шығынсыз алып шығу. Өйткені, ұлттық валюта ерікті айналымға шыққан қазіргі кезеңде азық-түлік молшылығын жасау ауадай қажет. Қысты күні қыстақ басында жел генераторларының тоқтаусыз жұмыс істеп тұруына барлық жағдай жасалуда. Жел генераторы құм өңіріне келгелі малшылар әлем жаңалықтарын теледидардан көріп-біліп отыр. Насихан елді мекеніндегі Сәбит Қуанышқалиевтың: «Соңғы кездері құмдағы сордың маңайларына күл-қоқыстар, қағаздар, қалбырлар, сынған шишаларды  аудан орталықтарынан әкеліп, төгіп кетушілер көбейіп барады. Осыларға тыйым салмаса, болмайды» деген ұсыныстарын аяқасты етпей, қолдан келген мүмкіндікті жасап жатырмыз. Жалпы, өңірде атқарылған шаруалар қандай болса, болашақ жұмыс жоспарлары да солай жетіп артылады. Атап айтқанда, жуырда мұнда бір кезекте сексен оқушыны қабылдай алатын мектеп ашылмақшы. Ауылға ауыз су жеткізу мәселесі де шешілу үстінде. Округке қарасты барлық шаруа қожалықтарының жерлері аукцион арқылы жекешелене бастайды.

Елбасының бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму саясаты ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отырғаны белгілі. Шетелге шығып, өз көзімен көріп-біліп жүргендер тауардың бағасына емес, оның сапасына, тазалығы мен табиғилығына алдымен көңіл бөледі. Мәселен, біздің жағдайымызда дүкендерде тұрған сүт өнімдерінің қаншама уақыты тек тасымалдауға кетеді. Әрі біраз уақыт қоймаларда жатып қалады. Ендеше, өзіміздің, болашақ балаларымыздың саулығын ойласақ, өз өнімдерімізді неге тұтынбасқа? Ал, біз әлі дүкендер мен базарлардағы түрлі шырындарды қыруар қаржыға сатып алуға құмармыз. Шыны керек, оның қашан шыққанына, қайдан келгеніне де көпшілігіміз көңіл қоя бермейтініміз бар. Оның орнына табиғи таза шұбатымызды сусын ретінде пайдалансақ,  жақсы емес пе? Сөйтіп, бұл, айналып келгенде, шаруагерге де, кәсіп иесіне де, оны тұтынушыға да пайдалы болмақ, отандық өнімнің өрісі кеңуіне мүмкіндік берері анық. Бұл қазір мемлекетімізді дамыған елдердің үздік отыздығының қатарына қосатын «100 нақты қадамның» іске асуына қосылған үлес те болмақ.

Адам өміріндегі ең маңызды жағдай – баспаналы болу. Осы мақсатта ел экономикасының мүмкіндігіне қарай соңғы жылдары аудандарда әлеуметтік нысандарды пайдалануға беріп келеміз. Ауылдағы «Құлыншақ» балабақшасының ғимараты 1989 жылы пайдалануға берілген болатын. Облыс әкімінің ауданға өткен жылғы сапарында 140 бүлдіршінді тәрбиелеп келген балабақша басшылығы ауыл  балаларын мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында тағы да қосымша 50 орындық жапсаржай салуды сұраған-ды. Міне, бір жылдан соң ауыл тұрғындарының тағы бір арманы орындалып, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 147 миллион 915 мың теңге бөлініп, балабақшаға 50 орындық жапсаржай салынды. Енді мұнда бір мезгілде 190 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Бұған дейін алты топта балалар тәрбиеленсе, енді қосымша екі топ жұмыс істейді. Балабақшаға қосымша салынған жаңа нысанның жалпы алаңы 870 шаршы метрді құрайды. Мұнда елу балаға арналған жатын бөлмелері, жеті ойын алаңы, спорт залы бар.

Облыста алғашқылардың бірі болып «халықтық» атағын иемденген Тұщықұдық мәдениет үйінің ғимараты 1965 жылы іске қосылған болатын. Өткен жылдың соңында ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жаңа кейіпке енді. Үлкен және кіші көрермен залдарымен, заманауи сахнамен, кітапханамен және дайындық бөлмелерімен қамтылды. Қысқасы, ауыл тұрғындарының бүгінгі ахуалы жаман емес. Әсіресе, бұрын облыс орталығына барып табыс көзін іздеп кететін жастар  күрт азайды. Өйткені,  кәсібінен нәсібін тапқан жастар көбейіп келеді. Үкіметтен несие алып, шаруасын дөңгелентіп отырған жас кәсіпкерлерге жергілікті әкімшіліктен де қолдау ұдайы көрсетіледі.

Шеген  Неталиев,

Тұщықұдық  ауылдық округінің  әкімі,

Исатай  ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button