ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ – СЕРГЕКТІКПЕН
Белгілі болғанындай, он төрт мыңға жуық тұрғыны бар Балықшы ауылдық округінде төрт елді мекен бар. Мұнда тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыруда бірқатар жұмыс жолға қойылған. Жаңа технологияларды енгізу, несие, субсидия алу, шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық деңгейін төмендету, салауатты өмір салтын қалыптастыру, елде жүргізіліп жатқан жаңа реформаларды таныстырып, болашақтағы міндеттер мен бағыттарды айқындау бойынша жоспарлы жұмыс жүруде.
Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруда «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасына сәйкес, кәсіп-керлікті дамыту бағытында өткен жылы 11 миллион теңгені құрайтын шағын несие берілді. Соның ішінде инновациялық жобалар бағытында жылыжай салу, терезе перделерін жасайтын цех ашу, пластикалық өндіріс цехы жұмыстары қолға алынды. Бұл жобаларға жер телімдері беріліп, құжаттары дайындалды.
Тұрғындар санының артуына байланысты «көгілдір отын», ауыз су жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып отыр. Сондай-ақ, көшелерге жол салу жұмыстары да қолға алынып, алдағы уақытта 28 көше, тоғыз өткел асфальтталмақшы.
Білім беру саласында үш мектеп, үш балабақша жұмыс жасайды. Құрсай ауылындағы мектеп қайта салынып, пайдалануға берілсе, Көкарна елді мекенінен «Ақ сұңқар» балабақшасы ашылды.
Ал, округтегі жұмыссыздықты азайту бағытында да бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өткен жылы 110 адам жұмыссыздар тізіміне тіркеліп, оның 19-ы тұрақты жұмыспен қамтылса, қалғандары уақытша жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, жол бойындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша Көкарна ауылында бағдаршам орнатылып, бірқатар жерге жол белгілері қойылды. Көше жарығын жүргізу жұмыстары да қолға алына бастады. Санитарлық тазалықты сақтауда тозығы жеткен қоқыс жәшіктері ауыстырылуда. Осы жайларды айта келіп, Ернар Өтешқалиев селолық округ орталығы Көкарна болғандықтан, аталмыш елді мекеннен әкімдік ғимараты, мәдениет үйін салу жөніндегі ұсыныстар әзірленгенін жеткізді.
№32 орта мектептің директоры Берік Елеубаев оқу орнының сыйымдылығы тар екенін, қосымша ғимарат немесе жаңа мектеп құрылысын салу қажеттігін айтты. Оның айтуынша, 320 орынға арналған бұл нысанда бүгін 1300 оқушы білім алуда. Жиырма бастауыш сыныбы үшін тек қана бес сынып бөлмесі қарастырылған. Акт залы жоқ. Лингафон, басқа да үйірме бөлмелері сынып ретінде пайдалануға беріліп отыр. Мұның бәрі сапалы білім беруге қиындық тудыруда.
Жиынға қатысқан Атырау қалалық әкімдігінің аппарат жетекшісі Полымбет Хасанов тұрғындардың өтініші аяқсыз қалмай, ұдайы назарда болатынын айтты.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.